Бүгінгі таңда интернет біздің күнделікті өмірімізде маңызды рөл атқарады, онлайн қызметтерге, білім, медицина және экономика салаларын цифрландыруға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Алайда соңғы уақытта интернет, ұялы байланыс сапасына, жалпы байланыс саласы бойынша Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға халықтың көңілі толмайтыны жасырын емес. Ауылдық елді мекен түгілі қалалық жерде тұратын азаматтарымыз да байланыс сапасына жиі шағым айтатын болды. Ай сайын тек ұялы телефонға 5-20 мың теңге арасында қаражат жұмсап, бірақ сапалы байланысқа қол жеткізе алмау кімнің де болса ызасын келтіретіні анық.
Жапонияны артта
қалдырдық па?
Иә, Үкімет аталған олқылықтардың орнын толтыру үшін қаншама бағдарламаларды, жобаларды жүзеге асырып жатыр. Нәтиже жоқ емес, бар. Мәселен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің экс-министрі Бағдат Мусин Қазақстан интернет желісінің жылдамдығы бойынша дамыған Жапония секілді мемлекеттен әлдеқайда озып кеткенін айтқан болатын. Әрине мұндай салыстыруға қарапайым халықтың сене қоюы қиын. Шыны керек, сөз бен істің алшақтығы байқалады. Осыған орай жақында салада кадрлық реформа орын алды. Салаға жаңа министр тағайындалды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мадиевтың мәліметінше, халықаралық деректерге сәйкес, елімізде интернет қолданатын халықтың үлесі – дамыған елдермен деңгейлес. Бүгінде әлемде интернетті тұтынудың қарқынды өсуі байқалады. Қазақстанда 2020 жылға қарағанда трафиктің өсуі 61,5 ға, ал абоненттер саны 12,9 ға өскен.
Ал «Speedtest Ookla-ның биылғы жылғы сәуірдегі деректеріне сәйкес, Қазақстан 43,6 Мбит/с орташа интернет жылдамдығымен 66 орында, яғни Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдерін артта қалдырған. Әрине, Астана, Алматы қалаларында интернет сапасы жоғары болар, бірақ Қазақстан тек бұл екі қаламен шектелмейді ғой. Қалған облыстар, ондағы ауылдық елді мекендердегі байланыс сапасы нашар екені айтпасақ та белгілі. Тіпті сапасыз интернет түгілі мобильді байланысы жоқ ауылдар да бар. Осыны көре отырып, «біз Жапонияны қалай артта қалдырдық деген?» сұрақ туындайды.
5 айда 11 мың
шағым түскен
Тек өткен жылдың өзінде байланыс сапасына шамамен 21 мың шағым келіп түскен, биылғы жылғы 5 айда мұндай шағымдар саны 11 мыңға жуықтаған.
Халықтың аталған мәселе бойынша наразылығының артуына байланысты Министрлікте байланыс саласында туындайтын мәселелерді тұрақты түрде қадағалап, оны шешу мақсатында Жедел штаб құрылған. Штаб құрамына Министрліктің, жергілікті атқарушы органдардың және байланыс операторларының өкілдері кіреді. Қосымша шара ретінде Министрлік Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісе отырып, мемлекеттік мекемелерде базалық стансалар орнатуға рұқсат беретін заңға тәуелді актілерге өзгерістер енгізілуде.
Қазақстан халқын сапалы байланыспен қамтамасыз ету үшін өткен жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданды. Осы ретте барлық іс-шараларды орындау нәтижесінде 2027 жылға қарай елді мекендер мен жолдарды байланыс желілерімен қамту 100 пайызға жетеді.
– Операторлардың әдетке айналдырған тарифтер құнын ұлғайту мәселесі жеке назарды талап етеді. Бәсекелестікті дамыту мақсатында байланыс қызметтерінің тарифтерін мемлекеттік реттеу алып тасталғаны белгілі. Бәсекелестік қана бас реттеуші болуға тиіс. Алайда әзірге бұл байқалмай отыр – операторлардың барлығында бағалар шамамен бірдей. Бұдан басқа Салық кодексінің шеңберінде операторлар үшін радиожиілікті спектрге 90 пайыз мөлшерінде жеңілдік көзделген. Осы ретте операторлар лицензиялық міндеттемелерге сәйкес үнемделген қаражатты байланыс инфрақұрылымын дамытуға инвестициялау тиіс. Сондықтан Министрлік монополияға қарсы органмен бірлесіп операторлардың өз міндеттемелерін толыққанды орындауын және бағалық сөзбайласу мен тарифтердің негізсіз артуына жол бермеуді қамтамасыз етуі қажет, – деп мәлімдеді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Айта кетейік, елде 2020 жылға қарағанда трафиктің өсуі 61,5 пайызға, абоненттер саны 12,9 пайызға өскен.
1 424 ауылда мобильді интернет байланысы жоқ
Министрліктің айтуынша, жалпы елімізде 6 290 ауыл бар, оның ішінде сымды интернет бойынша оптика 2 606 ауылға жеткізілген. Мобильді интернет 4 866 ауылда қолжетімді. Қолданыстағы салықтық жеңілдіктер аясында былтыр 1 161 ауыл 4G технологиясына қосылған. Бүгінгі таңда 1 424 ауыл мобильді интернетке қол жеткізе алмай отыр. Соған байланысты байланыс операторларын ынталандыру мақсатында Министрлік жаңа Салық кодексіне радиожиілік спектрі бойынша салықтық жеңілдіктерді ұзартуды және төлем мөлшерлемесін өзгертуді ұсынған. Осылайша, байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелерінде 1 076 ауылды интернетпен қамтамасыз ету көзделген.
Қазіргі уақытта 3 684 ауылда оптикалық байланыс желісі жоқ. Алайда Ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 3 010 ауылға дейін оптикалық байланыс желісі жеткізіледі. Байланыс желілері тұтынушыға қолжетімсіз жерлерде шағын және орта байланыс операторларының күрделі қаржы шыындарының 50 пайызын субсидиялау тетігі қолданылады. Аталған жобалардың қорытындысы бойынша 2,4 млн адам интернетке қол жеткізеді деп күтілуде. Жобалар байланыс операторларынан 340 млрд теңгеден астам көлемде жеке инвестиция тартуды көздейді.
Сыр жұрты 5G-ге
қашан қосылады?
Қазір Қызылорда облысындағы 230 ауылдық елді мекеннің 213-і мобильді байланыспен қамтамасыз етілген. Қалған 17-сіне «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін интернет жеткізу жоспарлануда.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында өңірдің 73 ауылдық елді мекенінің мемлекеттік органдарына талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту толығымен аяқталған. Мұнан бөлек 64 ауыл әкімдігі, 72 білім беру мекемесі және 69 медициналық мекеме желіге қосылған.
Мобильді интернеттің сапасын арттыру мақсатында облыс орталығында Kcell операторының 5G стандартындағы 16 базалық стансасы, Tele2 байланыс операторының 7 нүктесі жұмыс жасауда. Жыл соңына дейін 33 базалық станса орнатылады.
Биыл «КаР-Тел» компаниясы 10 ауылдық елді мекенге базалық станция салуды жоспарлауда. Мұнан бөлек «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында облыстағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына 9 антенна-діңгек орнатылмақ. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін бюджеттік өтінім беріліп, аудан әкімдіктері жер телімдерін бөлген.
5G-дің 1 144 стансалық
базасы орнатылған
Еліміздің орталық қалаларында 5G технологиясы жиі айтыла бастады. Астана мен Алматы, Шымкент қалаларының тұрғындары 5G технологиясы бойынша интернетті пайдаланғысы келетінін ашық айтуда. Өйткені уақыт басқа өтетін мұндай үлкен қалаларда 4G технологиясы баяу көрінеді. Осы ретте Кселл және Теле2-мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында 5G технологиясын одан әрі дамытуға қатысты жұмыстар жалғасын таппақ. Бүгінгі таңда 20 қалада 1 144 базалық станса орнатылыпты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 5G ұялы байланысын енгізу 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. 2027 жылдың соңына дейін байланыс операторларының салаға салатын инвестиция көлемі 450 млрд теңгеден асатын болады.
Министрдің мәлімдеуінше, қалаларды жоғары сапалы интернет пен ұялы байланыс желісімен қамтамасыз ету шеңберінде Министрліктің техникалық мамандары байланыс сапасына өлшеу жүргізіп, нәтижесінде, байланыс сапасы төмен орындар анықталады. Одан соң Министрлік әкімдіктер және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, байланыс сапасы төмен орындар бойынша жұмыс жүргізеді. Аталған жұмыс еліміздің қалаларында байланыс сапасын жақсарту мәселесі бойынша жалғасады.
Сондай-ақ Voice over Wi-Fi (VoWiFi) технологиясын іске қосу мәселесі де қарастырылуда, бұл – дауыстық қоңыраулар дәстүрлі ұялы желілердің орнына Wi-Fi желілері арқылы жасауға мүмкіндік беретін технология. VoWiFi радио сигнал өтпейтін, бірақ Wi-Fi бар жерасты паркингтері немесе ғимараттарда, ұялы байланыс желісі нашар жерлерде жақсы байланыс сапасын қамтамасыз ете алады.
1 485 мектеп SpaceX-тің
ГЕСО технологиясына қосылған
Бүгінде білім алуда интернеттің алатын орны бөлек. Жаңа технологиялар дамыған 21 ғасырда жедел ақпарат алмасу маңызды. Осы ретте әсіресе ауылда тұратын мұғалімдер мен оқушылар интернет сапасына жиі көңілі толмай жатады. Қажетті ақпаратты алу, бір-бірімен алмасу, жеткізуге жоғары жылдамдықты интернеттің керегі белгілі. Осы олқылықтарды жоюда Үкімет 1 883 мектептің 1 485-ін SpaceX-тің ГЕСО технологияларын пайдаланып, пилоттық жоба аясында интернетке қосылған.
Елді мекендерден тыс жол бойындағы жолаушыларға да сапалы байланыс керек. Министрлік ол үшін республикалық автожолдарды мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін тиісті цифрлық инфрақұрылым қажет екенін айтады. Бүгінде жұмыстар басталған, әкімдіктермен 243 антенна-діңгекті құрылыс республикалық жолдар бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. АДҚ құрылысы 2025-2026 жылдарға жоспарланған.
Сыртқы саясаттағы
маңызды бағыт
Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитетімен жүргізілген талқылау және келісу шеңберінде біз төтенше жағдайларды жою кезінде интернетке қол жеткізу үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің қажеттіліктеріне пилоттық жобаны кеңейту жоспарланған. Цифрлық Жібек жолын дамыту және Қазақстанды өңірлік цифрлық хабқа айналдыру үшін Ұлттық жоба шеңберінде бірнеше іс-шараны іске асыру көзделген. Біріншісі ұзындығы 370 шақырым болатын Каспий теңізінің түбіне оптика төсеу болмақ. Екі елдің байланыс операторларының инвестициялары 23 млрд теңгеден асады. Бүгінде «Қазақтелеком» мен «Әзертелеком» арасында бірлескен кәсіпорын құрылған және су астындағы талшықты оптикалық байланыс желісін жобалау және төсеу үшін мердігерді таңдау бойынша тендер аяқталуда.
Екіншісі – Қазақстан аумағы бойынша транзиттік трафикті ұлғайтуды көздейтін Батыс-Шығыс Ұлттық гипермагистралінің құрылысы. Ал үшіншісі – транзит пен халықаралық трафикті сақтау үшін Tier III деңгейінен төмен емес деректер орталығын салу. Осы екі жоба бойынша Үкімет Freedom telecom-нан ұсыныс түскен. Гипермагистральға жеке инвестиция көлемі 17 млрд теңгеден асады, іске асыру мерзімі келер жылдың соңына дейін, ал деректер орталығының құрылысына тартылатын инвестиция көлемі 90 млрд теңгеден асады, 2027 жылы жоба толықтай аяқталады. Осылайша, жоғарыда аталған жобаларды іске асыру деректердің халықаралық транзитінің баламалы бағытын және ел нарығына BigTech, Google, Amazon, Microsoft секілді компанияларын тартуды қамтамасыз етеді. Айта кету керек, осы 3 жобаны операторлар өз қаражаты есебінен қаржыландырады.
Түйін: Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жаңадан келген министр байланыс желісін, жаңа технологияларды дамыту және байланыс сапасын жақсарту бойынша маңызды жоспарлар құрып, операторлардың алдына алдағы жылдары шешуге тиіс міндеттер қойып отыр. Енді соның орындалуы маңызды. Уақыт көрсетеді…
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!