Тарихи деректерге зер салсақ, жоңғар-қалмақтардың қазақтармен соғысы үш жүз жылға созылғанын білеміз. Олар қазақ жеріне аттандап, ауылдарды шауып, қанға бөктірген. Төрт түлік малдарын айдап кетіп, еркектерін құл, әйелдерін күң еткен. Жас балаларын да қоса алып кетіп, жалшы, күң етіп, малын бақтырып қойған. Мұндай азапқа көнбеген қазақтар жан-жақтан бас қосып, кек қайтаруға қауымдасады.
Өшпенділік өршіп тұрған сегінші ғасырдың ішінде қалмақтарға қарай шабуылға аттанады. Жалпы ХІІІ ғасырда өмір сүрген тұлғалар қазақ жерін жоңғар, қалмақ, башқұрттардан қорғап күрессе, ХІХ ғасырда олар орыс, хиуа, қоқан басқыншыларымен отаршылдық саясатқа қарсы ұлт-азаттық қозғалысын ұйымдастырды. Сырт жаулармен күрес кезінде хан-сұлтандармен бірге қазақ қоғамындағы беделді әлеуметтік тап батырлармен би шешендер, ахун, ишандар да үлкен рөл атқарды. Солардың қатарында ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Қалша Егізбайұлы ауылын жаудан қорғап, ерлік көрсеткен жаужүрек батыр болған. Ол барда ауыл халқы «жау бар» деп жалтақтамай, еркін өмір сүрген.
Көнекөз қариялардың айтуынша, батыр бабамыздың алдынан жол көрсетіп жүретін түлкісі болған көрінеді. Сол түлкісі жол бастап, айсыз қараңғыда адаспай жүре береді екен. Соның арқасында Қалша батыр жауларына түнде шабуылдап, қапы қалдырып жеңіске жетіп отырған.
Кезінде орыстармен соғысқан кіші жүз Өмірқұл табын Асау-Барақтың есімі, ерліктері ел есінде. Сол Барақ батыр және билері Қалшаның даңқын естіп, көмекке шақырған деседі. Бұл ұсынысты қабыл алған Қалша ауыл азаматтарынан құрылған аз қолмен жауларын ойсырата жеңіп көзге түскен. Ел тынышталған соң ерлігіне тәнті болған Барақ Қалшаға туған қарындасын беріпті. Сол Қалшадан дүниеге екі ұл келіп, есімін Барақ, Асау қойған. Бала Барақ есейіп ер жеткен соң қайтпас қайсарлығымен, қайраттылығымен елдің көзіне түскен.
Барақтың ұрпағы, марқұм Бұқабаев Каммаладин Садуақасұлының «Неге келдің бұл жаққа?» деген әңгімесінің мазмұны былай басталады.
Торыбай Барақ Қалшаұлы Астараханға жылқы айдап, Бұхара, Хиуаға керуен жіберіп тұратын Ырғыз өңіріндегі ауқатты шөмекейлердің бірі болған деседі. Бір жылы Бұхараға керуен тартып бара жатып Қызылқұм шөлінің жиегінде отырған жапандағы жалғыз үйге келіп түседі. Түскен үйдің кісілері жарлы-жақыбайлар болса керек. Бұны байқаған Барақ өзінің бір малын сойдырып, қазанға салдырып, қоржынындағы бар дәмін дастарханға төгеді. Шешесі отын теруге, әкесі бірер тұяғын жаюға кеткен үйдің 16 жастағы қызы келген қонақтарды бір өзі жайғап, шай-суын береді. Келбеті келіскен, салмақты, тындырымды пысық қызды Барақ ә дегеннен ұнатып қалыпты.
Сол үйде бірер күн аялдаған Барақ аттанарда қызға көңілін білдіріпті. Батыр тұлғалы жігіттің тегін емесін сезген қыз да кетәрі еместігін сездіріпті. Содан не керек, ырғыздықтар қыздың әке-шешесінің келісімін алып құдаласады, келер жылы жинап келіп, құда түсу рәсімін жасап, қызды алып кететінін айтып аттанады.
Әйтсе де уәделескен жылы Барақтан хабар болмайды. Сөйтіп жүргенде 17-ге толған қызға жан-жақтан келіп құда түсушілер көбейе бастайды. Қыз көңілі қалаған жігітін күтіп, қамығып жүргенде бір күні Ырғызға бет алған жолаушылар бұлардың үйіне түсіп түстенеді. Сонда қыз қонақтардан Бараққа хат жазып жібереді. Хатты оқыған Барақ қасындағы бірер серігін ертіп, ауылдан суыт аттанып кетеді. Сондағы қыздың сәлемі былай екен:
Еліне барсаң сәлем айт,
Қалша ұлы Бараққа.
Былтыр еккен егіні,
Биыл келді ораққа,
Жинап теріп алмаса,
Кететін болды жыраққа.
Соға алмаса бір айналып,
Неге келді бұл жаққа?
Барақ сол қызға үйленіп, екеуінен біраз ұрпақ тараған. Ал әкесі Қалша батыр туралы деректерді жинақтап толықтыруды алдағы уақыттың еншісіне қалдырамыз. Біздің бар білетініміз «Қызылорда-Ақтөбе» бағытымен Ырғызға жақындағанда асфальт жолдың жиегінде Қалша батырдың белгісі тұрған деседі.
Бұл сөзімізді ХІХ ғасырда өмір сүрген Торыбай атамыз Молжан Көмбісұлының жазып қалдырып кеткен мына өлең жолдары айғақтай түседі.
Бабамыз Қалша батыр жауға шапқан,
Ерлікпен ат үстінде таңдары атқан.
Жоңғар, Қалмақ жауларын ойсыратып,
Ырғыз-Нұра өңірі барға мақтан.
Тау тұлға батыр болған атағы ірі,
Болашаққа жасаған Сапарұлы.
Жаудан айла асырған даналықпен,
Халқының жүрек жұтқан бахадүрі.
Бабамыз Қалша батыр беделді ерім,
Ел мәңгі ардақтайды ер еңбегін.
Мың жылдық мұра болар ғұмыр жасың,
Жүз жылда бір туатын кемеңгерім.
Тарихта тұлға болып дара шығар,
Ырғызға бара қалсаң, түсініп ал.
Бабаға тағзым етіп бас иіп өт,
Жол шетінде Қалшаның белгісі бар.
Қорыта айтқанда, ел басына күн туғанда қорғаны болған Қалша Егізбайұлының өмірі, ерліктері – кейіңгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Тарих деген қарапайым тілмен айтқанда, ата-бабамыздың өмірбаяны, басынан кешкен тарихи әлеуметтік оқиғалары, сол тарихымызды түгендеп, тұлғаларымыздың ұлы істерін, ерліктерін дәріптеу – бізге міндет.
Серік БЕРТАЕВ,
ардагер журналист
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!