Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сәрсенбі, 10 қыркүйек, 20:56

Мәжілісмен ауылдарды сақтап қалу үшін ұлттық бағдарлама қабылдауды ұсынды

10.09.2025

13

0

Қазақстанда соңғы жиырма жылда 1 400-ден астам ауыл жойылып, тағы 500 елді мекен «перспективасы жоқ» деп танылды. Ауыл халқының азаюы, жастардың қалаға көшуі мен инфрақұрылым тапшылығы өткір әлеуметтік мәселеге айналған. Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаты Серік Егізбаев осыған байланысты Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында: «Ішкі және сыртқы көші-қон үдерісінің бақылаусыз қалуы ірі қалалардың инфрақұрылымына орасан салмақ түсіріп отыр. Жұрттың өңірлерден не себепті тоқтаусыз көшіп жатқанына мұқият талдау жүргізіп, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан баламалы орталықтар құруға бағытталған шұғыл шешімдер қабылдау керек», деп атап өткен еді.

Егізбаевтың айтуынша, бүгінде елдің 15 өңірінде ауыл халқының айтарлықтай азаюы тіркеліп отыр. Оның ішінде ең жоғары көрсеткіш Абай облысында – 3,2%, Солтүстік Қазақстан облысында – 3%, ал Қарағанды облысында – 2,9%-ды құраған. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 383 мың қазақстандық қоныс аударса, олардың басым бөлігі Астана мен Алматыға көшкен.

«Негізгі себептері баршамызға мәлім: ауылда заманауи қолайлы тұрғын үйлер жоқ, инфрақұрылым әлсіз, адамдарға жұмыс жоқ, әлеуметтік қолдау да жеткіліксіз. Жастарымыз да өз болашақтарын ауылмен байланыстырмайды!Ал басқа елдердің тәжірибесі ауылдарға нақты қолдау көрсетуге болатынын дәлелдеп отыр. Мәселен, Ресейде 2020 жылдан бері «Ауыл ипотекасы» бағдарламасы жұмыс істейді, ол бойынша жылдық 3%-ға дейінгі мөлшерлемемен 25 жылға кредит беріліп, бүгінде 100 мың отбасы ауылдан баспанаға ие болған. Әзербайжанда мемлекет ауылдық жерлерде 4%-дық кредитпен үйлер салып беруде. Тағы да басқа мысалдар келтіруге болады», деді депутат.

Бізде «Асыл мекен» ауыл ипотекасы іске қосылып, бірақ ол басталмай жатып тоқтап қалғанын тілге тиек етті. 

Бұл ретте депутат «Ауыл» партиясы фракциясы ауылды қайта жаңғыртуға арналған кешенді ұлттық бағдарлама қабылдау мәселесін алға қойып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бағдарлама аясында:

  • Мемлекеттік және мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қолжетімді тұрғын үй салуды жеделдету;
  • 1%-дық ауыл ипотекасын енгізу;
  • Әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту;
  • «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын жаңа қолдау шараларымен толықтыру қарастырылуы тиіс.

Сондай-ақ, депутат ауыл экономикасын дамытуға ерекше назар аударды. Елдегі 1,5 миллионнан астам жеке қосалқы шаруашылықты экономикалық айналымға тарту қажет екенін айтты. Қазіргі таңда бұл шаруашылықтар ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 70%-дан астамын өндіріп отыр.

Депутаттың сөзінше, фермерлердің негізгі өтініштері – мамандандырылған Агробанк құру, маусымдық жұмыстарға шетелдік жұмыс күшін тарту шарттарын жеңілдету, квоталарды ұлғайту және өтінімдерді қарау мерзімін 2 айдан 10 жұмыс күніне дейін қысқарту. Сонымен қатар, мемлекеттік баж мөлшерін жеке тұлғаларға қолданылатын деңгейде белгілеу қажеттілігі де көтеріліп отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: