Қазақта «Апат айтып келмейді, өрт – тілсіз жау» деп текке айтылмаған. Табиғи апаттың ішінде адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға орасан зиян тигізетін алапат апаттың бірі – өрт. Тілсіз жауды болдырмау немесе алдын алу бағытында аудандық төтенше жағдайлар бөлімі жүйелі жұмыс атқаруда. Әйтсе де жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан жыл басынан бері ауданда 20 өрт оқиғасы тіркелген. Өрттің басым бөлігі, яғни 12 өрт тұрғын үй секторында, 6 өрт автокөлікте, 1 өрт орманда, 1 өрт нысанда орын алған. Бұл туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Мұхтар Белсенбаев БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте баяндап, жыл басынан бері аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды саралады.
Иә, төтенше жағдайлармен күресу оңай шаруа емес, бөлім бастығының сөзіне сенсек, аудан гарнизонының штат бойынша қырыққа жуық қызметкері бар. Оның ішінде төтенше жағдайлар бөлімінде 4, №11 өрт сөндіру бөлімінде 35 қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ 3 өрт сөндіру автокөлігі бар.
Жыл басынан бері бөлімге 96 хабарлама түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 42 пайыз көбейген. Тіркелген 20 өрттің жалпы шығыны 6 млн 170 мың теңгені құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда орын алған өрт 40 пайыз көбейіп, өрттен келген материалдық шығын 28 пайыз артқан.
Жалпы төтенше жағдайлар бөлімінің негізгі қызметі – төтенше жағдайларды болдырмау немесе алдын алу. Сала мамандары аудан тұрғындарын суға шомылу маусымында су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырып, жылу беру маусымында білім, денсаулық және әлеуметтік нысандардың дайындық жұмыстарын үнемі бақылауында ұстайды. Сондай-ақ аудан аумағында орналасқан жеке тұрғын үй секторларында өрт қауіпсіздігінің ереже-талаптарын сақтау мен көмірқышқыл газынан улану фактілерінің алдын алу бағытында, аудан көлеміндегі егін жинау науқаны кезінде олардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, төтенше жағдайлар қаупі туындаса, хабар беру қажеттігін ескертуде. Әйтсе де бөлім басшысының айтуынша, ескертуге елең етпейтін тұрғындар көп. Себебі соңғы уақытта аудан көлемінде орын алып жатқан өрт тұрғындардың жауапсыздығы мен салғырттығынан орын алуда. Мәселен, өрт жылыту пеші мен электр желілерінің ақауынан, газ плита үстінде дайындап жатқан асты бақылаусыз қалдырудан, отпен абайсыз болудан, өшірілмеген темекі тұқылын тастаудан орын алып жатыр.
– Көктем басталса, су тасқынының алдын алу мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға арықтарды тазалап, ауладағы қарды уақытында шығаруды ескертеміз. Өздеріңіз білетіндей, соңғы жылдары елімізде орман өрті өршіп тұр. Сондай-ақ ауылдарда орын алатын өрттің басым көпшілігі тұрғын үй секторларында, яғни электр сымдарының қысқаша тұйықталу салдарынан болады. Жан-жағын жайпап өтіп, қыруар шығынға батыратын өртті болдырмаудың бірден-бір жолы – оның алдын алу. Бүгінде ауданда барлығы 707 гидрант бар. Оның 163-і кентте, 532-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан, 12-сі нысандарда. Барлығы жарамды күйде, толық бақылауда. Мұнан бөлек бізде электронды карта да бар, яғни бір жерде өрт оқиғасы орын алса, соған жақын қай маңда өрт гидранты бар, соны анықтап береді. Бұл бір жағынан орын алған өртті дер кезінде ауыздықтауға мүмкіндік береді, – дейді спикер.
Мұнан бөлек ауданға қарасты ауылдарды тілсіз жаудан қорғау мақсатында Мәдениет, Аламесек, М.Шәменов, Таң ауылдарынан өрт сөндіру бекеті ашылған. Әр бекет өзіне жақын ауылдарда қандайда бір өрт шықса, көмекке барып, ауыл еріктілерімен бірге өртті ауыздықтауға атсалысады. Сондай-ақ биылдан бастап «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы да іске қосылған. Кенттен шалғай орналасқан ауылдарда қандайда бір өрт орын алғанда аудан орталығынан баратын өрт сөндіру көлігі кешігіп, ауылдағы талай үй мен қора өртке оранып жатқанын естіп жүрміз. Осы орайда ауылдағы ағайынның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл құтқарушылары» жобасы өз жұмысын бастаған. Бұл бастама аясында ауыл ішінде ерікті өрт сөндіру жасағы құрылып, оларды қажетті техникамен жабдықтаған.
Спикердің сөзіне сенсек, қазіргі таңда «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында өрт сөндіру бекетінің құрылысы Есет батыр ауылдық округінде жүріп жатыр. Оған «Ибраев Б» шаруа қожалығының төрағасы Бақыт Ибраев демеушілік етіп отыр. Ауданы 12х6 метр болатын 2 бөлмелі өрт сөндіру бекетінің құрылыс жұмыстары бүгінде қарқынды жүруде.
Айта кетейік, аталған бөлім қызметкерлері әр сенбі сайын таңғы сағат 9.00-ден түскі сағат 15.00-ге дейін аудан тұрғындарын және басқа да ауылдық округтерді аралап, тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі, газ және электр жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ тұрғын үй секторында өрттің өсуіне және адам шығынына жол бермеу мақсатында профилактикалық іс-шараларды жүйелі өткізіп келеді.
– Талапқа сай жылу беру маусымында пештің түтін шығу жолдары екі-үш рет тазалану қажет. Алайда тұрғындар түтін жолдарын мүлдем тазаламай салғырттық танытады. Көмірдің сапасына да мән беру керек. Дұрыс жанбаған көмір салдарынан азаматтардың улану жағдайы орын алып жатады. Жылу беру маусымы қарсаңында үгіт-насихат жұмыстары кезінде аудан бойынша әлеуметтік осал топтарға жататын 130 отбасының тізімі нақтыланды. Барлық тұрғын үйге рейдтік іс-шара барысында өрт қауіпсіздігі ереже-талаптары түсіндіріліп, 60 дана көмірқышқыл газын анықтайтын датчик орнатылды, – дейді спикер.
Айта кетейік, бөлім тарапынан «Көмірқышқыл газы адам өміріне қауіпті», «Жағылған қоқыстарды бақылаусыз қалдырмау», «Сіріңке балаларға арналған ойыншық емес», «Балаларды қараусыз қалдырмау» тақырыптарында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, арнайы дайындалған жадынамалар таратылуда. Тұрғындардың жылу беру кезеңіндегі өрт қауіпсіздігіне қатысты ережес-талаптарын қатаң сақтап, оқыс оқиғалардың алдын алу төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің басты назарында.
Жылда төтенше жағдайлар бөлімі мен №11 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, еріктілер мен полиция бөлімі бірлесіп, жаз мезгілінде күнделікті тұрғындарға белгіленбеген орындарда суға шомылуға қатаң тыйым салынатынын, балаларды қараусыз қалдырмау керектігін, ішімдік ішіп, мас күйінде суға шомылуға болмайтынын жіті түсіндіріп, тұрақты рейд жұмыстарын жүргізіп келеді. Нәтиже де жоқ емес, биыл суға шомылу маусымында аудан аумағында суға кету оқиғалары орын алған жоқ. Сондай-ақ аудан көлемінде «Суға түсу маусымындағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында 10 бильборд және 23 ескерту тақтайшасы, әкімдік тарапынан су айдындарына бағытталған 3 бейнекамера орнатылған. Су айдындарында рейд жүргізу барысында ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша 2 жеке тұлғаға 27 524 теңге айыппұл салынып, уақытылы өндірілген.
Аталған бөлім қызметкерлерінің жұмысы жылдың төрт мезгілінде де қайнап жатады. Себебі олар қақаған қыстың аязы мен шіліңгір шілденің ыстығына қарамастан адам өміріне қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу бағытында табанды еңбек етуде.
Қауіпсіздік қаперден шықса, соңы орны толмас қайғымен аяқталуы мүмкін. «Сақтаңсақ, сақтайтынын» қаперден шығармаған жөн, бір сөзбен айтқанда, сақтық шаралары қай уақытта да қаперде болғаны дұрыс.
Апат айтып келмейді, әйтсе де алдын алуымыз қажет. Брифинг соңында Мұхтар Тұрсынханұлы тұрғындарды қарапайым қауіпсіздік ережелеріне құлақ түріп, қаперге алуын сұрады.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!