Конституция – кез келген мемлекеттің құқықтық, саяси және құндылықтық құрылымын айқындайтын негізгі заңы. Ол тек позитивтік құқық нормаларының жиынтығы ғана емес, сонымен қатар белгілі бір тарихи кезеңдегі қоғамның саяси мәдениеті мен құқықтық санасының көрінісі болып табылады. Сондықтан конституцияны талдау әрқашан екі өлшемді қамтиды. Бір жағынан, ол нақты құқықтық акт, екінші жағынан, ол қоғам мен мемлекеттің өзін түсінуінің айнасы.
Қазіргі конституционализм теориясында конституция көбіне мемлекет пен халық арасындағы негізгі қоғамдық келісімнің нормаға айналған түрі ретінде сипатталады. Бұл анықтама конституцияның жоғары заңдық күшке ие болуының мәнін ашып көрсетеді. Конституцияда мемлекеттің де, мемлекеттік билік тармақтарының да, азаматтардың да құқықтық мәртебесі, өкілеттігі мен шектері айқындалады, яғни конституция – биліктің мүмкіндіктерін ғана емес, оның шекарасын да белгілейтін құжат.
Конституцияның маңызды қырларының бірі – оның құндылықтық-идеялық мазмұны. Қазіргі заманғы конституциялар, әдетте, демократия, құқықтық мемлекет, адам құқықтарының үстемдігі, әлеуметтік әділеттілік, зайырлылық сияқты негізгі принциптерді ашық жариялайды. Бұл қағидалар жай декларация ретінде емес, құқықтық сананы, азаматтық мәдениетті, мемлекеттік саясаттың бағытын қалыптастыратын бағдар ретінде әрекет етеді. Конституция осы мағынасында қоғам дамуының стратегиялық бағдары ретінде көрінеді. Конституциялар, әдетте, азаматтық, саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени құқықтарды қамтиды. Бұл құқықтарды шектеудің де жалпы принциптері конституцияда айтылады: құқықтарды тек заңмен және демократиялық қоғамда қажет болған жағдайда ғана, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамдық тәртіпті және ұлттық қауіпсіздікті қорғау мақсатында, пропорционалдық қағидатын сақтай отырып шектеуге жол беріледі. Бұл тәсіл конституциялық мәтін мен халықаралық адам құқықтары стандарттарының арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етеді.
Соңғы конституциялық реформалар аясында Қазақстанда бірқатар маңызды өзгерістер жүзеге асырылды. Конституциялық сот институтының жаңа форматы енгізіліп, азаматтардың конституциялық шағым беру мүмкіндігі кеңейтілді, Парламент пен жергілікті өкілді органдардың өкілеттіктері мен рөлі артты. Бұл өзгерістер Қазақстан конституциялық дамуының векторын биліктің институционалдық теңгерімін нығайтуға, адам құқықтарын қорғау тетіктерін нақтылауға және құқықтық мемлекет қағидаттарын тереңдетуге бағытталғанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, конституцияны зерттеу мен дамыту заңгерлердің кәсіби міндеті ретінде ғана емес, мемлекет пен қоғамның ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен демократиялық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық ғылыми-тәжірибелік міндет ретінде бағалануға тиіс
Жалағаш аудандық сот әкімшісінің
бас маманы Г.Байкенжеева
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!