Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-2°C

, Сейсенбі, 09 желтоқсан, 19:40

Темірмен тіл табысқан тракторшы

09.12.2025

10

0

Өткен жұмада Ақсу ауылдық клубының ұйымдастыруымен «Жұмысшылар жылы», «Сұхбат тайм» жобалары аясында «Еселі еңбектің жемісі» атты еңбек адамы Зейнегүл Тоқтыбаевамен кездесу өтті. Кездесуде ауыл азаматтары, бірге жұмыс жасап, кешегі күннің қилы жолын көрген ардагер аналар өткеннің өнегелі әңгімесімен бөлісті.

Қазіргі заманда қыз-келіншектер үшін көлік айдау таңсық болмаса да, трак­тор тізгіндеген қыздар қауымы си­рек кездесетіні рас. Олар – тек отба­сы­ның ұйытқысы ға­на емес, ауыл шаруа­шылығының да­му­ына зор үлес қос­қан, шын мәніндегі көш­­басшылар. Да­ла төсінде тер төгіп, егін еккендердің қатарында Зейнегүл Нұр­лыбекқызы да бар. Аққұм ауылында Нұр­лыбек аға мен Ағайша анамыздың ша­ңы­ра­ғын­да 1964 жылы тұңғышы Зей­негүл апа дүние есігін ашады. Орта мек­теп­ті ойдағыдай аяқтаған соң қай­сар мінезді жас бойжеткен кәсіптік-тех­ни­калық училищенің табалдырығын ат­тады. 1982 жылы маусым айында Ақсу ауылына жолдамамен тракторшы болып жұмысқа орналасты. 1991 жылға дейін Аудандық кеңесте 2 мәрте, облыстық кеңесте 1 рет депутат болып сайланды. Ар­найы есі­мі жазылған тракторды Ком­сомол ко­ми­теті облыстық ауыл ша­руа­­шылығы бас­қармасынан арнайы табыстапты.
Пар­­тиялық билет табысталған күні оның ең­бек жолындағы жаңа бір белес бас­талды. Партия қатарына өтуі жауап­кер­ші­лікті арттырып, қоғамдық іске деген ықыласын бұрынғыдан да еселей түсті. Кейін аудандық «Халықтық бақылау» мү­шесі болып әділдікті қадағалауға ат­са­­лысты.
Қазына Өздебаева мен Дариха Ас­қарбаева – Зейнегүл апамен сол бір ең­бек пен өрлеудің тоғысқан жыл­да­рын­да совхоздың егін және мен мал шаруашылығына бірдей бел ше­­шіп кі­ріскен жандар. Таңның ­аты­сы­нан күн­нің батысына дейін тынбай тер төгіп, ауыл­­дың берекесін арттырған әп­ке­­лер­­дің ар­қалаған жүгі жеңіл емес еді. Әсі­ресе кең алқапты дүбірлеткен трак­тор тіз­гінін құрыштай қайсарлықпен ұс­­­тап, ер азаматпен қатар тер төккені бүгінге дейін ел есінде. Қара топы­­рақ­ты қақ жарып өткен темір тұл­пар­дың гуіліне араласқан олардың жі­герлі бей­несі – сол уақыттың шынайы ше­­жі­ресі, ең­бек­тің еш­қашан еленбей қал­­­май­тынын дә­лел­дей­тін көз­көр­ген та­рих.
Бар-жоғы он сегіз жасында Зейнегүл апа алғаш рет трактор рөліне отырды. Жас қыздың маңдайына жазылған ме­хани­за­торлық еңбек жолының алғашқы күні әлі күнге дейін жүрегінде жаңғырып тұр. Сол тұста өзі айдаған ең алғашқы техникасы – МТЗ-80 тракторы. Темір тұл­­­пардың күркіреген үніне үйреніп, оны он жыл бойы тізгіндеп, даланың ең жауапты жұмыстарына қалтқысыз ара­­­­ласты. Қай маусымда болсын қиын­дық­ты жатсынбады. Көктем туса, күріш се­бу науқанына кірісіп, күз айында пресс, рулон бастырды, ал қыстың қа­қа­­ған аязында сексеуіл басып, ауыл тұр­­ғындарына қолғабыс етті. Әр ісіне тия­нақты қарап, қандай тапсырма жүк­телсе де мінсіз орындап үйренген еді. Тіп­ті он жыл ішінде үш бірдей трактор бе­ріліп, бұзылса өз қолымен жөндеп, майын да, механизмін де қалпына кел­тіруден қашпаған. Зейнегүл апаның те­­­­­­­мірмен тіл табысқан шеберлігі мен адал­­дығы сол жылдардың ең жарқын ес­те­ліктері болып қалды.
Бұрынғы темір тұлпар бүгінгідей кілт бұрасаң, әп-сәтте от ала қоятын зама­наның жеңіл техникасы емес. Ол кездің тракторының мінезі бөлек, өзіне лайық тәртібі бар қайсар машина. Жүргізу үшін кісі жігері мен білек күшін қатар сынайтын «тартып оталдыру» тәсілін білмесең, орнынан қозғалмайтын. Кейіпкеріміз сол бір қиындықты да жымиып еске алады. Кезекті жұмыс күні ұжымдас жігіттердің бірі «зажиганиесін» теріс қойып, трак­торды оталдырмақ болғанда қолын жұ­лып кете жаздағаны бар. «Қиындыққа мой­ымау керек» дейді апа бүгінде сол сәтті еске алып. Талай мехнатты жеңіп шық­қан еңбекқор жанның жымиысы сол күндердің өзін жеңілдетіп жібергендей.
1986 жылдары бүгінде еңсесі биік №116 білім ордасының іргетасын қалау­шылардың бірі болды. Ал келер жылы, 1987-де совхоз директоры адал да та­банды еңбегін бағалап, оны бір айлық тур­истік сапармен Болгарияға жіберген. Тарихи сапарында Қара теңіздің жаға­сын көріп, еңбектің арқасында ғана бұйыратын алыс сапардың лебін сезініп қайтты.
Ел тәуелсіздік алған тарихи жылы Зей­негүл апамыз өмірлік серігі Мейрам­бек ағамен шаңырақ көтеріп, берекесі ұйыған отбасының түтінін түзу ұшырды. Бүгінде екеуі елге үлгі боларлық бес бірдей перзентті тәрбиелеп, ұрпақ ал­дын­дағы парызын абыроймен атқарып келеді. Уақыт өкшелеп озғанымен, апа­ның тынымсыз еңбегі тоқтаған емес. 2018 жылдан бері жеке кәсібін дөң­ге­лентіп, мал шаруашылығының, соның ішінде сүт бағытындағы еңбектің тізгінін нық ұс­тауда. Иіні жылымық келетін сүттің иісі аңқыған қорада бағылған сиырлар оның еңбегінің нәсібі болса, асылтұ­қым­ды бұқалар – шаруа сапасының бел­гі­сі. Кейіпкеріміздің қолынан шық­қан та­биғи сүт, ірімшік, бидай көже бүгінде ау­дан дүкендерінде ойып тұрып орын алады.
«Жұмысшы мамандықтар жылының» мәні мен мағынасы да осындай жандар­дың еңбегімен өлшенеді. Жастық жігерге толы жылдардағы табандылығы, өр мі­не­зі мен маңдай тері бүгінгі буын­ға ­үл­гі болар өрнекті өмір жолын қалып­тас­тырды. Зейнегүл апаның әр белесі, әр ес­телігі қайсар қазақ әйелінің тіршілік те­­перішіне мойымай, еңбекпен есейіп, өмір­дің өріне шыққанын дәлелдейтін та­ғы­­лымды тарих іспетті.

Гүлжан ЕСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: