Балаларға екпе (вакцинация) жасау – адамзаттың үздік жетістіктерінің бірі. Екпе арқылы жер шарында миллиондаған бала өлімнен, мүгедектіктен аман қалды. Бір кездері талай тағдырды үзген шешек (оспа) ауруының жойылуы бұл сөзіміздің дәлелі. Күні бүгінге дейін қауіпті жұқпалы аурулардың қатарында болған полиомелит те жойылудың аз-ақ алдында, бұл да екпе жасаудың нәтижесі. Алайда, әлі де екпе жасау арқылы жоюға немесе әлсіретуге болатын жұқпалардан жер бетінде жыл сайын 4 миллионға жуық бала өлім құшады екен. Бірақ инфекция жұқтырған балалардың қаншасы мүгедек болғандығын, оларды емдеуге, сауықтыруға кеткен қаражаттың мөлшерін нақты есептеп шығару мүмкін емес. Тарихы екі ғасырға тартатын екпе жасау халықтың 95 пайызын қамтығанда ғана нәтижесін көрсетеді. Тіпті, бұл жолмен бірқатар онкологиялық аурулардың да алдын алуға болады. Мәселен, әйелдерде кездесетін адам папилломасы вирусының салдарынан туындайтын жатыр мойнының обырын жасөспірім қыздарға екпе жасау арқылы жоюға болатындығын бүгінде клиникалық иммунология дәлелдеді. Және бұл жетістікті жүзеге асыру елімізде қолға алынуда. Дәрігерлердің айтуынша, вакцина биопрепарат болған соң, егуден кейін асқыну (баланың дене қызуының жоғарылауы, жергілікті ісінулер, аллергиялық реакциялар, сирек энцефалиттер) болуы мүмкін. Бірқатар ата-аналар осы аталған асқынуларды желеу қылып, екпеден бас тартуда. Өкініштісі, балаларына екпе жасауға қарсылық танытқандардың дені дін жолындағы ата-аналар көрінеді. Ислам шариғаты балаға екпе алуға қарсы деп айту қате пікір деп ойлаймын. Мысалы, қажылар Меккеге қажылыққа барардың алдында түрлі ауруларға қарсы екпелерді қабылдайды. Олар екпе алмаған жағдайда, қажылық сапарын орындауға рұқсат берілмей жатады. Сондай-ақ, Әл-Азхар университеті ғұламалар кеңесі, Сауда Арабия, Марокко т.б. мұсылман елдерінің пәтуа бөлімдері түрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпе алудың шариғатқа қайшы келмейтіндігі жөнінде өз пәтуаларын берген. Себебі, екпе алу шариғат үкімі бойынша қандай да бір аурудан емделу үшін дәрі қабылдаумен тең. Сонымен қатар имам Ағзам Әбу Ханифа мәзхабының принципі бойынша, «біз алда келетін апатқа, келмей тұрып дайын болып, оның алдын алуымыз керек». Ұрпағымыздың дені сау болып, ұзақ өмір сүруі үшін мемлекеттегі ұсынып отырған екпелерден неге бас тартамыз? Жұқпаға қарсы егілмеген бала сол жұқпалардың қайнар көзі болып саналады, яғни инфекцияны таратушы. Ал егілген бала, тіпті ауырып қалған жағдайда да ауруы өте жеңіл түрде өтеді. Дана халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидасын іске асыратын жұқпалы ауруларға қарсы екпенің қажеттілігі тайға таңба басқандай белгілі ғой. Инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егулер республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі. Жергілікті бюджет «А» вирусты гепатиті, тұмау, күйдіргі, туляремияға қарсы егулерді қаржыландырады. Біз секілді, өзге мемлекеттердің барлығы да вакцинаға жыл сайын миллиондаған қаражат жұмсап, түрлі ауруларға қарсы балаларға егу жұмыстарын жүргізіп келеді. Аурулардың алдын алу мақсатында егілетін екпенің алғашқысын нәресте дүниеге келген бойда перзентханада егілсе, одан кейінгілері кезең-кезеңімен 56 жасқа дейін егіліп отырады. Екпенің маңызы соңғы жылдары Қызылорда облысында жергілікті бюджет есебінен А гепатитіне қарсы екі жастағы балаларды жоспарлы егудің нәтижесінде бұрынғы жылдары жылына 1000 жағдайға дейін тіркелген гепатит А ауруының жылына бір-екі жағдай ғана болып отырғаны бұлтартпас дәлел.
Жалағаш аудандық санитариялық- Г. Аймбетова
эпидемиологиялық бақылау
басқармасы басшысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!