Республикалық референдум қарсаңында жаңа Конституция жобасын түсіндіру жөніндегі аумақтық коалиция өкілдері Қазалы электрмен жабдықтау дистанциясы филиалының ұжымымен кездесу өткізді.

Іс-шараға аумақтық коалиция жетекшісі Ғазиз Әліш, коалиция мүшелері Нұрғиса Жалғасбаев, Талайлы Бөріқұлақов, Абдуәли Рахметов пен Арғын Орымбаев қатысып, заң жобасының негізгі ережелеріне жан-жақты түсіндірме берді.

– Конституция — мемлекеттің іргетасы. Ұсынылып отырған өзгерістер әділеттілік қағидаттарын нығайтуға, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Әрбір қазақстандық реформалардың мәнін түсініп, саналы таңдау жасауы өте маңызды, – деп атап өтті Ғазиз Әліш.

Сондай-ақ аумақтық коалиция мүшесі Талайлы Бөріқұлақов еңбек адамының құқықтарын қорғауға бағытталған нормаларға тоқталды. Ол мемлекет қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге міндеттеме алатынын атап өтті.
Кездесу қорытындысында қатысушылар жаңа Конституция жобасы ел дамуының стратегиялық міндеттеріне сай келетінін, мемлекеттік институттарды нығайтып, әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құрудың берік негізін қалыптастыратынын айтты.


Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!