Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

25°C

, Сәрсенбі, 01 сәуiр, 19:39

Қауіпті жәндіктен қалай қорғанамыз?

30.03.2026

8

0

Күн жылығанда табиғатта көп кездесетін жәндіктің бірі – кене. Бұлар негізінен далалық жерде, бұталы өсімдіктердің басында, құмда, жайылымдарда, қораларда кездеседі. Бұталы жерлерден адам, мал өтетін болса, кене жылдам олардың үстіне жабыса кетеді. Үйімізге, ауламызға кенелер көбіне малмен келеді.

Ол адамның, малдың денесінен өзіне қолайлы қан соратын жер іздейді. Адам денесінде негізінен басты, мойынды және ішті қолайлы көреді. Бұлардың қан соруы адамға білінбейді, ауырмайды, тұмсығын теріге енгізіп, қанымызды қимылсыз әрі жай сорады. Мұны біз бірнеше күнге дейін сезбейміз, кейін байқаусызда қолымызбен немесе қышығанда сезуіміз болмаса басқа біреу көруі мүмкін. Сондықтан саяжайда, аң, балық аулап жүргенде, жайылымда өте сақ болу керек.

Кенелер паразиттік өмір сүріп, адамның және жануарлардың денсаулығына үлкен зиян келтіреді. Бұлардың шаққан жері қызара бөртіп, іріңдеуі де мүмкін.

Кене әртүрлі аурулардың қоздырғышын адамға жұқтыруы мүмкін. Мысалы, қу-қайырағы, кене энцифалиті, қайтымды сүзек ауруы сияқты ауруларды жұқтырады. Облыста өте қауіпті жұқпалы ауру Қырым геморрагиялық безгегінің қоздырғышын тасымалдаушы ретінде кездеседі.

Ол адамды шаққанда өзінің сілекей  бездерімен вирусты адамның қанына енгізеді. Міне, осыдан кейін біз жұқпалы аурудың вирусын қанымыз арқылы қабылдап, өте қауіпті ауруға душар боламыз. Кенені денеден жалаңаш қолмен алуға, оны езуге және қырқым кезінде қолғапсыз жұмыс істеуге болмайды.

Кене шаққанда не істеу керек? Біріншіден, асып-саспау керек, кенені тез арада жұлып тастауға әрекет жасамаңыз. Себебі кененің тұмсығы адам денесінде қалып қойса, ол жер қабынып, іріңдеуі мүмкін. Сондықтан  денеден тұмсығын бірге алған жөн. Бұл үшін жіңішке іс тігетін жіппен тұмсығын орап алып, жайлап ырғау арқылы кенені денеден аламыз, орнына йод немесе спирт жағамыз. Денеден табылған кенені қайтадан жерге тастамай, оны қағазға орап, өртеп жіберу керек. Кене шаққаннан кейін 1-2 апта өтіп, адамның дене қызуы көтерілсе, дел-салдық жағдайға келсе, тез арада дәрігерді шақыру керек.

Кененің қан соруына ірі қара және уақ мал ең қолайлы болып табылады. Себебі олардың қалың жүніне жабысып, көзге түспей ұзақ уақыт қоректенеді. Қан сорып болғаннан кейін кененің денесі бірнеше есе үлкейіп, малдан жерге түсіп қалып, індерге, бұталы өсімдіктердің түбіне, мал қораларға кіріп жұмыртқалайды. Келер жылы көктем айында осы жұмыртқалардан көптеген кене пайда болады. Бұл аш кенелер жайылымға келген малға жабысып, қанын сорып, қайтадан жұмыртқа салуға жерге түседі. Оның өсіп-өнуі осылай жыл сайын қайталанып отырады. Міне, осы ретте ерте көктемде (наурыз айы) малды залалсыздандыру жұмысын шұғыл түрде жүргізу керек, яғни кене малға жабыспай тұрғанда бастаған дұрыс.

Кененің личинкасы жабайы кеміргіштердің қанымен қоректеніп, олардан Қырым геморрагиялық безгегінің вирусын жұқтырады, яғни осы вирусты жұмыртқа арқылы шығатын ұрпағына жұқтырады. Егер уақытылы өз дәрежесінде малды кенеге қарсы залалсыздандыру жұмысы жүргізілсе, кененің малда азаюына көп себебін тигізер еді. Малды улау үшін қолданылатын дәрілер адамға зиян, сондықтан жұмыс барысында өте сақ болу керек. Үстіңізге халат, қолыңызға резеңке қолғап, ауыз-мұрныңызды жабатын қорғаныш немесе дәкеден жасалған маска болуы тиіс.

Қорыта айтқанда, оның адамға, мал шаруашылығына тигізетін зияны өте көп. Сондықтан жыл бойына кенеге қарсы жұмысты тоқтатпай жүргізіп отыру керек, әсіресе ерте көктемде.

Мереке АЖАРБАЕВА,

«Ұлттық сарапта орталығы»  ШЖҚ РМК

облыс бойынша филиалы аудандық бөлімшесінің

санитарлық-эпидемиологиялық қызмет маманы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: