Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы — бұл адам мен жануарларда кездесетін, жедел түрде өтетін вирустық жұқпалы аурулар тобы. Ауру дене қызуының күрт көтерілуімен, тері астына, шырышты қабаттарға және ішкі ағзаларға қан құйылуымен сипатталады. Геморрагиялық қызбаның қоздырғыштары — әртүрлі вирустар, олардың әрқайсысы белгілі бір табиғи ошақтарда сақталады және таралады. Аурудың негізгі табиғи резервуарлары мен таралу көзі ретінде үй жануарлары, жабайы кеміргіштер, құстар, бауырымен жорғалаушылар, сондай-ақ жәндіктер саналады.
Конго–Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) — аса жұқпалы, вирустық табиғаты бар, жедел түрде өтетін ауыр ауру. Бұл дерт көбіне құрғақ, шөлейт аймақтарда тіркеледі және адамдарға кенелер арқылы немесе вирус жұқтырған жануарлармен тікелей қарым-қатынас кезінде жұғады.
КҚГҚ вирусы адам ағзасына енген соң, дене қызуының көтерілуімен, жалпы әлсіздікпен басталып, ауыр жағдайларда ішкі ағзалардан, тері астынан және шырышты қабаттардан қан кетумен асқынады. Мұндай күрделі жағдайлар аурудың ауыр өтуіне және өлімге әкелуі мүмкін. Бұл ауру алғаш рет 1944 жылы Қырымда, кейін 1956 жылы Конгода тіркелген. Осы екі аймақтың атауына байланысты ол медицинада «Конго–Қырым геморрагиялық қызбасы» деп аталып, халықаралық деңгейде сол атаумен енгізілді.
Қазақстанда бұл ауру, әсіресе оңтүстік өңірлерде (Қызылорда, Түркістан, Жамбыл,облыстары және Шымкент қаласында ) табиғи-ошақтық сипатта таралуда.
Конго–Қырым геморрагиялық қызбасының инкубациялық кезеңі бірнеше сағаттан 14 күнге дейін созылуы мүмкін, орташа кезең 2-3 күнді құрайды. Ауру көбінесе жедел басталады және дене қызуының күрт көтерілуімен (39-40°C), қалтыраумен, бас ауруымен, жалпы әлсіздікпен, бұлшықет ауыруымен, бөртпелермен, қызыл иек, мұрын және асқазан-ішек жолдарынан қан кетумен көрінеді.
Аурудың ауыр түрінде бүйрек пен басқа да органдар зақымдануы мүмкін. Науқаста арқа аймағында қатты ауырсынулар, жалпы әл-ауқаттың бұзылуы, сондай-ақ түнде ұйқысыздық байқалады.
Конго–Қырым геморрагиялық қызбасы көбінесе сәуір, мамыр, маусым айларында жиі кездеседі, бұл оның маусымдылығын кенелердің белсенділігімен байланыстырады. Кене шағуы — аурудың негізгі жұғу жолы болып табылады. Аурудың 80 пайыздан астамы 20-60 жас аралығындағы ер адамдарда кездеседі, өйткені бұл топтың өкілдері көбінесе сыртта жұмыс істейді, мал шаруашылығымен айналысады немесе табиғатқа шығады.
Вирус адамға кене шағуы арқылы, сондай-ақ адамның қолы кене қанымен ластанған жағдайда жұғады. Сонымен қатар, сау адам бұл ауруды аурумен ауыратын науқастың қаны арқылы да жұқтыруы мүмкін. Науқастың қанымен немесе оның терісінің тұтастығын бұзатын медициналық процедуралар арқылы (инъекциялар, инфузиялар, операциялар, қан алу және т.б.) жұғу ықтималдығы бар.
Аурудың алдын алу үшін келесі ұсыныстарды орындау қажет:
- Мамыр мен тамыз айлары арасында табиғатқа барудан аулақ болыңыз, себебі бұл кезеңде кенелердің белсенділігі жоғарылайды.
- Малда кенелер анықталса, дереу ветеринарға хабарласып, олардың ұсынысы бойынша кенеге қарсы емдеу жүргізу қажет.
- Кенелерді қолмен ұсақтау немесе қайшымен кесу арқылы өлтірмеу, себебі бұл вируспен ластану қаупін арттырады.
- Малды және олардың тұратын үй-жайларын толық және сапалы дезинфекциялау қажет.
- Қырқу маусымына балалар мен жасөспірімдерді тартпау ұсынылады, себебі олар кенелерге көбірек ұшырауы мүмкін.
- Шөп шабу кезінде арнайы киімдер кию — қолғап, жеңі мен етегі тар шалбар, жилет, резеңке етік кию арқылы өзіңізді қорғау қажет.
- Қой қырқу кезінде жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау өте маңызды, яғни жұмыс аяқталған соң қолды мұқият жуу және арнайы киімдерді тазарту қажет.
Г.Айымбетова – басқарма басшысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!