Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

25°C

, Сенбі, 09 мамыр, 19:57

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Жеңіс күнімен құттықтауы

09.05.2026

9

0

Қадірлі жерлестер!

Құрметті ардагерлер мен тыл еңбеккерлері!

Баршаңызды 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын!

Жыл сайын осы күні сұрапыл соғыста жан аямай күрескен батыр бабаларды, майданнан оралмаған боздақтарды еске аламыз, ерлігіне бас иеміз.

Аға ұрпақтың жауынгерлік даңқы туралы Мемлекет басшысымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанды. Олардың тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Келер ұрпақтың жарқын әрі бейбіт келешегі үшін өз өмірлерін құрбандыққа шалды. Даңқты ұл-қыздарымыз ерліктің озық үлгісін көрсетті. Қазақтың жаужүрек ұлт екенін паш етті» деп атап өткен болатын.

Сыр өңіріндегі майдангерлердің қатары жылдан-жылға сиреп, бүгінде Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері қалды. Жасы ғасырдан асқан Яхия Тасыров атамыз Сырдария ауданында тұрады. Қарт сарбазға мереке қарсаңында лайықты құрмет көрсетілді.

Соғыс жылдары тылда бел жазбай еңбек еткен, жанкештілік пен табандылық танытқан ардагерлерге, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға да бір жолғы әлеуметтік төлем берілді.

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында аға буынның өшпес ерлігін, отаншылдығы мен жанқиярлығын үлгі-өнеге ету, ержүрек батырларымызды есте сақтау үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Өйткені жас ұрпақ ашық аспан, бейбіт күн үшін күрескен қаһармандардың ерлігі мен еңбегін біліп өсуге тиіс.

Баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен тағы да құттықтаймын!

Еліміз аман, іргеміз берік, елдігіміздің тұғыры биік болсын!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: