Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

27°C

, Сәрсенбі, 13 мамыр, 16:01

АЙМАҚ БАСШЫСЫ «HARVEST AGRO» ЖШС ДИРЕКТОРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

13.05.2026

4

0

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Harvest Agro» ЖШС директоры Нұрлан Увашевпен кездесті. Кездесуде аймақта жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар жайы талқыланды.

«Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын пайдалануды жыл сайын 150 мың гектарға дейін ұлғайту тапсырмасына сәйкес бірқатар шара атқарылды.

Өткен жылы су үнемдеу технологиялары қолданылған жер көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 2 есе артып, 8100 гектарға жеткізілді. Биыл бұл көрсеткіш 16700 гектарға дейін артады. Су ресурстарының азаюы бізге бұрынғы дағдыларды қайта қарап, табиғатпен үндес, үнемшіл әрі тиімді жолдарды таңдауға мүмкіндік берді.

Компанияның бастамасы – өңіріміздің экономикалық әлеуетін, халықтың әл-ауқатын арттыратын стратегиялық маңызды қадам. Жобаны жүзеге асыруға бастамашы болып, зор үлес қосқан Өздеріңізге тағы да шынайы алғысымды, зор ризашылығымды білдіремін. Зауыт құрылысының сәтті аяқталуына, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етуіне тілектеспін», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Айта кетейік, «Harvest Agro» ЖШС 68 млрд теңгеге техникалық қарасора, жүгері, соя өсіру және қайта өңдеуге бағытталған ірі агроиндустриялық кластер құруда.

2025-2028 жылдарға жоспарланған жоба Жалағаш және Сырдария аудандарындағы 32 мың гектар аумақты қамтиды. Оның аясында жылына 80 мың тонна жүгері, 42 мың тонна техникалық қарасора және 33 мың тонна соя өсіріліп, 142 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жобаға мемлекеттік қолдау ретінде 22,4 мың гектар жер учаскесі табысталды. Бүгінде 9 200 гектар жер тегістеліп, 1 800 гектар жер өңделіп, 1 мың гектар алқапқа егін егілді. Биыл 5 мың гектар аумаққа жүгері, мақсары егу жоспарланып, 26,3 млрд теңге инвестиция игерілген. Құрылыс жұмыстарына 130 техника мен 300 адам жұмылдырылған. Сонымен қатар 142 жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылып, инженерлік инфрақұрылым тартылып жатыр.

Жоба өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, су үнемдеу технологияларын енгізуге және экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: