Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын республикалық «Үздік педагог – 2022» байқауы жуырда мәресіне жетіп, қорытындыланды. Айта кеткен жөн, мұғалімдердің білімі қатаң сараптаудан өтетін бұл байқауға тек үздік педагогтар ғана қатыса алады.
Биыл аталған білім бәсекесіне республика бойынша 5 500 талапкер қатысса, соның 123-і облыстан іріктеліп, республикалық кезеңге өтті. Яғни байқаудың соңғы кезеңінде білім беру саласының 123 қызметкері бақ сынады. Олардың ішінде Жалағаш ауданынан бір үміткер болды. Ол – Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Салтанат Қосжанова.
Сонымен байқаудың қорытынды нәтижесінде алғаш рет өңіріміздің төрт ұстазы әртүрлі пәндер бойынша жеңімпаз атанды. Атап айтсақ, Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Салтанат Қосжанова, Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің оқытушысы Ұлжан Есмаханова, №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей интернатының география пәні мұғалімі Ләззат Құлымбетова және Жәлел Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейдің биология пәні мұғалімі Айгүл Қиясова 2022 жылдың үздік педагогы деп танылды.
Елордадағы «Radisson Hotel Astana» қонақ үйінде өткен байқаудың салтанатты марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов арнайы қатысып, жеңімпаздарды құттықтады және 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 3 млн теңге сыйақы мен «Үздік педагог» төсбелгісін табыс етті.
– Мұғалім – ең қастерлі мамандықтың бірі. Сіздер Ахмет Байтұрсынов, Ыбырай Алтынсарин сынды ұлтына адал қызмет еткен көрнекті ағартушылардың ізін де, ісін де жалғастырып келесіздер. Мемлекет басшысының өзі білім саласына, ұстаздарға көп көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесінде «Педагог мәртбесі туралы» заң қабылданды. Мұғалім мәртебесін көтерудің алғы шарты – мұғалімдердің айлық жалақысын көтеруді көздеді. Сонымен бірге ұстаздарды өзінің қызметтік міндетіне жатпайтын функциялардан босатуға мүмкіндік берді. Мұғалімдерге одан да басқа қолайлы жағдайлар жасала бастады. Алайда білім сапасына қатаң талап қойылды. Бүгін мәресіне жетіп отырған байқау да білім сапасын жақсартудың бір тетігі. Жылдан-жылға бұл байқаудың маңызы артып келеді және соған орай қатысушылардың да қатары көбейіп отыр. Бұл байқау мұғалімдерге өзінің білім деңгейін анықтап, салада жинаған тәжірибесін саралауына, еңбегін бағалауына мүмкіндік береді. Қай салада да бәсеке болуы керек. Сонда ғана даму болады, алға ілгерілеу болады. Әрине бүгінгі байқаудың жеңімпаздары өздерінің білім деңгейі мен біліктіліктерін дәлелдеп шықты. Сіздерді жеңістеріңізбен құттықтаймын және білім саласын дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді Асхат Қанатұлы.
Салтанат Қосжанова – үнемі ізденіс үстінде жүретін жаңашыл мұғалім және жиған білімі, тәжірибесімен шәкіртті ғана емес, өзін де үнемі жетілдіріп отыратын нағыз ұстазға тән бекзат болмыстың иесі. Оқырмандардың ойына тағы да сала кеткенді жөн көрдік, Салтанат Қосжанова – Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі ұсынған «Абайтану» оқулығын әзірлеген авторлардың бірі. Нақтырақ айтсақ, биыл жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына еніп, пән ретінде оқытыла бастаған қосымша әдістемелігі бар «Абайтану» хрестоматиясын жазып, даярлаған республика бойынша үш мұғалімнің бірі. Сондай-ақ Салтанаттың өз пәні бойынша дайындаған оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардан жүлделі орындар иеленіп келеді.
– 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл байқауға қойылатын талап өте жоғары. Байқаудың ережесі бойынша әр қатысушы мұғалімнің республикаға тараған педагогикалық тәжірибесінен жинақталған әдістемелері, авторлық бағдарламасы, республикалық конкурстарға, фестивальдарға, конференцияларға қатысқаны, ондағы жасалған баяндамалары болуы тиіс. Сонымен бірге түсірген телевизиялық сабақтары, «Оқуға құштар мектеп» жобасы, дебаттық қозғалыс бойынша атқарған жұмыстары және ата-аналармен қарым-қатынас жұмыстары, волонтерлық қызметтері, қайырымдылық іс-шараларына белсенділігі және басқа да педагог атқаруы тиіс жұмыстардың барлығы сұралады. Мен байқаудың облыстық кезеңінде өзге әріптестерімнен басым ұпай жинап, республикалық кезеңге өттім.
Байқаудың ережесі бойынша бұрын көрмеген мектебімізде болып, танымайтын оқушыларға сабақ бердік. Сабақтарымды талдау кезеңінде комиссиядан жоғары баға алдым. «Сабақтың құрылымы, сабақ барысында қолданылған тың әдіс-тәсілдеріңіз, сабақтың әр кезеңінде оқушылармен қарым-қатынас орнатуыңыз, соның ішінде олардың әрбір сөзі мен әрекетіне жіті мән беруіңіз, оқушылармен жұмыстарды саралауыңыз көңілімізден шықты және біз оны тәжірибе ретінде өз сабағымызда қолданатын боламыз» деді. Шынымды айтсам, комиссия мүшелері мен әріптестерімнің осындай бағасы мен үшін байқаудың жүлдесінен де қымбат болды, – дейді Салтанат Қосжанова.
Иә, бүгінде Мемлекет басшысы білім саласына айырықша назар аударып, мұғалімдердің жағдайына жіті мән беріп отыр. Қабылданған жаңа заңның аясында педагогтардың мәртебесін көтеруде көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Оның мақсаты – мұғалімдердің жағдайын жасау арқылы жаңашыл, ізденімпаз мұғалімдердің қатарын көбейту, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие бере отырып, оларды жаңа методикалар арқылы әлемдік стандарттарға сәйкес оқытуға мүмкіндік туғызу.
«Үздік педагог» байқауы нағыз ұстаздарды анықтайды. Сол үздік педагогтардың қатарынан жерлесіміздің көрінуі – ауданымыз үшін, тіпті аймағымыз үшін үлкен абырой.
Қуат АДИС
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!