Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Сейсенбі, 16 сәуiр, 12:30

Салтанат Қосжанова – үздік педагог

22.11.2022

571

0

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын республикалық «Үздік педагог – 2022» байқауы жуырда мәресіне жетіп, қорытындыланды. Айта кеткен жөн, мұғалімдердің білімі қатаң сараптаудан өтетін бұл байқауға тек үздік педагогтар ғана қатыса алады.

Биыл аталған білім бәсекесіне рес­публика бойынша 5 500 талапкер қатысса, соның 123-і облыстан ірік­теліп, республикалық кезеңге өтті. Яғ­ни байқаудың соңғы кезеңінде білім беру саласының 123 қызметкері бақ сынады. Олардың ішінде Жалағаш ау­данынан бір үміткер болды. Ол – Те­мірбек Жүргенов атындағы №123 мек­теп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Салтанат Қосжанова.
Сонымен байқаудың қорытынды нәтижесінде алғаш рет өңіріміздің төрт ұстазы әртүрлі пәндер бойынша жеңімпаз атанды. Атап айтсақ, Те­мірбек Жүргенов атындағы №123 мек­теп-лицейдің қазақ тілі мен әде­биеті пәні мұғалімі Салтанат Қос­жанова, Мәншүк Мәметова атын­дағы Қызылорда педагогикалық жоға­ры колледжінің оқытушысы Ұлжан Есма­ханова, №9 дарынды балаларға арнал­ған облыстық «Білім-инновация» лицей интернатының география пәні мұ­ғалімі Ләззат Құлымбетова және Жәлел Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейдің биология пәні мұғалімі Айгүл Қиясова 2022 жылдың үздік педагогы деп танылды.
Елордадағы «Radisson Hotel Astana» қонақ үйінде өткен байқаудың салтанатты марапаттау рәсіміне Қа­зақстан Республикасының Оқу-ағар­ту министрі Асхат Аймағамбетов ар­найы қатысып, жеңімпаздарды құт­тықтады және 1000 айлық есептік көр­сеткіш көлемінде, яғни 3 млн теңге сыйақы мен «Үздік педагог» төсбелгісін табыс етті.
– Мұғалім – ең қастерлі маман­дық­тың бірі. Сіздер Ахмет Байтұр­сынов, Ыбырай Алтынсарин сынды ұлтына адал қызмет еткен көрнекті ағартушылардың ізін де, ісін де жал­ғастырып келесіздер. Мемлекет бас­шысының өзі білім саласына, ұстаз­дарға көп көңіл бөліп отыр. Соның нәти­жесінде «Педагог мәртбесі ту­ралы» заң қабылданды. Мұғалім мәртебесін көтерудің алғы шарты – мұғалімдердің айлық жалақысын көтеруді көздеді. Сонымен бірге ұстаздарды өзінің қызметтік міндетіне жатпайтын функ­циялардан босатуға мүмкіндік берді. Мұғалімдерге одан да басқа қолайлы жағдайлар жасала бастады. Алайда білім сапасына қатаң талап қойылды. Бүгін мәресіне жетіп отырған байқау да білім сапасын жақсартудың бір тетігі. Жылдан-жылға бұл байқаудың маңызы артып келеді және соған орай қатысушылардың да қатары көбейіп отыр. Бұл байқау мұғалімдерге өзінің білім деңгейін анықтап, салада жинаған тәжірибесін саралауына, еңбегін бағалауына мүмкіндік береді. Қай салада да бәсеке болуы керек. Сонда ғана даму болады, алға ілгерілеу болады. Әрине бүгінгі байқаудың жеңімпаздары өздерінің білім деңгейі мен біліктіліктерін дәлелдеп шықты. Сіздерді жеңістеріңізбен құттықтаймын және білім саласын дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді Асхат Қанатұлы.
Салтанат Қосжанова – үнемі ізденіс үстінде жүретін жаңашыл мұғалім және жиған білімі, тәжірибесімен шәкіртті ғана емес, өзін де үнемі жетілдіріп отыратын нағыз ұстазға тән бекзат болмыстың иесі. Оқырмандардың ойына тағы да сала кеткенді жөн көрдік, Салтанат Қосжанова – Қа­зақстан Республикасының Оқу-ағар­ту министрлігі ұсынған «Абай­­тану» оқулығын әзірлеген ав­тор­­лардың бірі. Нақтырақ айтсақ, биыл жаңа оқу жылынан бастап мек­теп бағ­дар­ламасына еніп, пән ре­тінде оқы­тыла бастаған қосымша әдісте­мелігі бар «Абайтану» хрестоматиясын жа­зып, даярлаған республика бойын­ша үш мұғалімнің бірі. Сондай-ақ Сал­та­нат­тың өз пәні бойынша дайын­даған оқушылары облыстық, рес­пу­бликалық, халықаралық олим­пиа­далардан жүл­де­лі орындар иеленіп келеді.
– 2012 жылдан бері өткізіліп келе жат­қан бұл байқауға қойылатын та­лап өте жоғары. Байқаудың ере­же­­сі бойынша әр қатысушы мұға­лім­­нің республикаға тараған пе­да­­го­­гикалық тәжірибесінен жинақ­тал­ған әдістемелері, авторлық бағ­­­­­­­­­­­­­­дарламасы, республикалық кон­­­­­к­урс­тарға, фестивальдарға, кон­фе­­­­­­­рен­­­­­цияларға қатысқаны, ондағы жа­­­­­сал­ған баяндамалары болуы тиіс. Со­­­­­­­­­­нымен бірге түсірген телевизиялық са­­бақ­тары, «Оқуға құштар мектеп» жо­басы, дебаттық қозғалыс бойын­ша атқарған жұмыстары және ата-ана­лар­мен қарым-қатынас жұмыс­тары, волонтерлық қызметтері, қа­йы­­рым­дылық іс-шараларына бел­­сен­­­ділігі және басқа да педагог атқа­руы тиіс жұмыстардың барлығы сұра­лады. Мен байқаудың облыстық кезе­ңінде өзге әріптестерімнен басым ұпай жи­нап, республикалық кезеңге өттім.
Байқаудың ережесі бойын­ша бұрын көрмеген мектебімізде болып, танымайтын оқушыларға сабақ бер­дік. Сабақтарымды талдау кезе­ңінде комиссиядан жоғары баға ал­дым. «Сабақтың құрылымы, сабақ бары­­сында қолданылған тың әдіс-тәсіл­деріңіз, сабақтың әр кезеңінде оқу­шылармен қарым-қатынас орна­туыңыз, соның ішінде олардың әр­бір сөзі мен әрекетіне жіті мән бе­руіңіз, оқушылармен жұмыстарды сара­лауыңыз көңілімізден шықты және біз оны тәжірибе ретінде өз сабағымызда қолданатын боламыз» деді. Шынымды айтсам, комиссия мүшелері мен әріптестерімнің осындай бағасы мен үшін байқаудың жүлдесінен де қымбат болды, – дейді Салтанат Қосжанова.
Иә, бүгінде Мемлекет басшысы білім саласына айырықша назар аударып, мұғалімдердің жағдайына жіті мән беріп отыр. Қабылданған жаңа заңның аясында педагогтардың мәртебесін көтеруде көптеген жұ­мыстар атқарылып келеді. Оның мақ­саты – мұғалімдердің жағдайын жа­сау арқылы жаңашыл, ізденімпаз мұға­лімдердің қатарын көбейту, жас ұр­пақ­қа ұлттық тәрбие бере отырып, оларды жаңа методикалар арқылы әлем­дік стандарттарға сәйкес оқытуға мүмкіндік туғызу.
«Үздік педагог» байқауы нағыз ұс­таздарды анықтайды. Сол үздік пе­да­гогтардың қатарынан жерле­сі­міз­дің көрінуі – ауданымыз үшін, тіпті ай­ма­ғы­мыз үшін үлкен абырой.


Қуат АДИС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: