Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

32°C

, Жұма, 03 мамыр, 13:25

Аудан әкімі халықаралық дәрежедегі спорт шеберін қабылдады

28.08.2023

368

0

Бүгін аудан әкімі Асқарбек Есжанов Моңғолия Республикасы Баян – Өлгей қаласында тоғызқұмалақтан өткен VI Азия чемпионатының алтын жүлде иегері Ақерке Кенжебекованы қабылдады.

Ақерке Батырбекқызы ендігі кезекте Румыния мемлекетінің Констанца қаласында 31 тамыз – 4 қыркүйек аралығында ересектер арасында өтетін әлем кубогында тоғызқұмалақ спортының рапид түрінен еліміздің намысын қорғайтын айтқан Асқарбек Темірбекұлы, жерлесімізге алдағы додада табандылық, жоғарғы спорттық шеберлік және қажымас қайрат танытып, елімізді осы халықаралық жарыста лайықты көрсетеді деп сенім білдіретінін жеткізді.

«Ақерке Батырбекқызы ағымдағы жылдың 4-12 тамыз аралығында Моңғолия Республикасы, Баян – Өлгей қаласында 9 елден 200-ден астам спортшы қатысқан тоғызқұмалақтан өткен VI Азия чемпионатының алтын жүлде иегері атанып, еліміздің мерейін асқақтатты.

Құрметті Ақерке Батырбекқызы еліміздің, ауданның абыройын көтерген халықаралық жарыстардағы жеңісіңізбен өзімнің атымнан және аудан халқының атынан шын жүректен құттықтаймын.

Ұлттық спортымызды жандандырып, ұшқыр ой, қажырлы қабілетіңіздің арқасында бүгінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандыңыз. Біз сізді мақтан тұтамыз», – деді аудан әкімі.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ақерке Батырбекқызы өз кезегінде спортшы үшін ең үлкен күш ол өзіне сенім білдірген жандардың қолдауы екенін айтты. Әр жарыста туған жеріміздің атын, әнұранын әлем алдында шырқату басты мақсаты екенін, алдағы сайыста сенімнің үдесінен шығатынын жеткізді.

Ақерке Батырбекқызы мен жаттықтырушысы Асхат Маратұлы арнайы аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, сертификат табысталды.

Кенжебекова Ақерке Батырбекқызы 2011 жылы 10 жасында жасөспірімдер арасында Қостанай облысында өткен чемпионатында Қазақстан Республикасының чемпионы атанған. Кейін жастар және ересектер арасында ҚР чемпионы атағын иеленген.

2016 жылы Ресей Федерациясының Алтай Республикасында тоғызқұмалақтан өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының ІІ орын иегері, 2017 жылы Астана қаласында өткен ересектер арасында IV Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2018 жылы Моңғолия Республикасында өткен ересектер арасында IV Азия чемпионатының алтын жүлде иегері атанған.

Қазіргі таңда ауданымызда тоғызқұмалақ спортынан 1 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1 спорт шебері және 40-қа жуық спорт шеберлігіне үміткерлері бар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: