Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Жұма, 03 мамыр, 08:19

Білімді ұрпақ – кемел келешек кепілі

02.09.2023

660

0

Білім күні тек бір-ақ рет атап өтіледі, ал адам үш жүз алпыс бес күн бойы өзімен бірге даму үстінде болады. Бүгін күздің алғашқы айы, білім күні – кейбіріміз үшін мектеп табалдырығын жаңа аттап, мектеп жайында түсінік қалыптасатын күн. Ал кейбірі үшін мектеп қабырғасындағы соңғы жыл, мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басатын ең маңызды уақыт.

1 қыркүйек – оқушылардың мек­тепке қайта оралып, достарымен, ұстаз­­да­рымен табысып, білім алуға құлшына келетін, әр мектепте білім күні тойланып, ал­ғашқы қоңырау соғылатын уақыт. Аудандағы әр мектепте бұл күн ерекше атап өтіліп, оқушылардың жүзіне күлкі сыйлап, білім алуға асықтырды. Күздің алғашқы күні жұмысымыз аудан орталығында орна­ласқан №31 мектеп-гимназиясында басталды. Мектеп те, оқушылар да, ұстаздар да сабақты бастауға сақадай сай.
Қолдарына гүлін ұстап, биыл мектеп табалдырығын 30 оқушы аттап отыр. Ал мектепті бітіруші түлектер саны жиырмаға жуық. Алғашқы қоңырау мерекесінде мектеп ди­рек­торы Гүлжанат Басанова ата-аналарды, ұстаздарды, оқушыларды жаңа оқу жылының алғашқы күнімен құттықтап, мектеп табалдырығын аттаған балалардың қадамына сәттілік тіледі.


– Білім күнімен, жаңа оқу жылының басталу мерекесімен құттықтаймын. Міне, жаздан кейін барлық оқушыларды қайтадан бі­рік­тірген көптен күткен күн де келді. Сіздер жазды қы­зықты өткізіп, бір-біріңізді сағынып үлгер­діңіздер және оқуға қажетті күш-қуатқа ие болдыңыздар. Биыл сіздер үшін табысты болады деп сенемін. Қалай болғанда да, бүгін мен сіздердің әрқайсыңызды мектеп табалдырығын аттаған алғашқы күнмен шын жүректен құттықтап, шыдамдылық, еңбексүйгіштік, табандылық және табыс тілеймін.
2023 жылы түлектер ҰБТ-ны ой­дағыдай тапсырып, барлығы да жоғары оқу орнының грант иегері атанса, өткен оқу жылы да оқушыларымыз облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі пәндік олимпиадалар мен спорттық жарыстардағы жеңістерімен есте қалды.
Өмір қаншалықты қиын болып кө­рінсе де, әрқашан өз пікіріңізге сенімді болып, өз пікіріңізді қорғай біліңіз. Білім күні құтты болсын, қымбаттыларым! Мектеп есігі сіздерге әрдайым ашық және сіздерді әдеттегі мейірімімен күтуде. Бар­лық оқу жылы әрқайсыңыз үшін мейірімге және табысқа толы болсын! Білім алу жолында сәттілік тілеймін, – деді мектеп директоры Гүлжанат Серікқызы.
Осы орайда мектеп қабырғасындағы ең маңызды кезеңнің, мектепке қабыл­данған 1 сыныптарды жетілдіріп, бас­тауыш сыныпты тәрбиелеуде жиырма жыл­дық тәжірибесі бар бастауыш сы­нып мұғалімі Света Алиева мектеп оқушыларының білім алу кезеңінде ең маңызды нәрсе тәртіп-тәрбие деп атап көрсетті. Расында Әл-Фараби атамыз да “тәрбиесіз алған білім – адамзаттың қас жауы” деп атап көрсетті емес пе.


– Әр жұмыстың өз қиыншылығымен қоса міндетті түрде қуанышы да болады. Мен үшін 1 қыркүйекте білім алуға асығып келген оқушыларды күтіп алу – үлкен қуаныш. Себебі бала кіш­кентай балалық шақтан өмірдегі білім жолына үлкен қадам жасайын деп тұр. Мұғалімдік жолды өте қиын деп те, өте жеңіл деп те айта алмаймын. Адам өз жұмысын жақсы көріп істейтін болса, ондағы тап болған қиындықтарды мүлде елемейді, тек жұмысын бар қуа­нышпен жасайды. Әр бала – бір жұлдыз, біздің, яғни әр мұғалімнің міндеті – сол жұлдызды жарқыратып жан­дыру. Се­бебі әр баланың өзіндік бір талпы­нысы, қабілеті болады, біз соны қолдап, үлкен армандарының бір кіш­кентай себепкері боламыз. Біз – сол жолда биіктерге жетелейтін бағыт-бағдар берушіміз. Ең алдымен тәрбие, оқушыны ата-анасы мен ұстаздар болып екі жақтан тәрбиелеуіміз қажет. Содан кейін әрине маңыздысы – білім. Сол білімді шыңдап, балаларға білім алудағы жан-жақтылықты қоссақ, бала үлкен жетістікке жетері анық. Оқушының бастауыштағы іргетасы қалай қаланса, әрі қарай да 11 сыныпқа дейін, тіпті өмірде жақсы адам болатыны сөзсіз. Сондықтан да мектеп қабырғасында бастауыш мұғалімнің рөлі өте үлкен маңызға ие, – деді ұлағатты ұстаз Света Алиева.
Әрине оқушы үшін ең маңызды кезең – бастауыш сынып. Сол кезде бала алғашқы қоңырау дауысын естиді, әріппен, жалпы мектеппен танысады. Света Алиева жиырма жылдық еңбек жолында 15-ке жуық бастауыш сыныпты аяқтатып, мектеп қабырғасындағы іргетасын мықты етіп қалап берген болатын. Ұстазымыз жаңадан мұғалім болып келген жас мамандарға төзім мен шыдам, ал ата-аналарға ұстаздармен тығыз байланыста болу қажеттігіне кеңес берді.
«Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шығады. Солай болған соң ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов атамыз да мұғалімнің маңызын көрсетті.
2023-2024 оқу жылы барша оқушылар дарынды деген атқа лайық, биіктен көрінетін білім иелері болуларыңызға тілектеспіз, ал ұстаздарға биылғы оқу жылы шығармашылық табыс, бақыт әкелсін дейміз.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: