Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

16°C

, Бейсенбі, 25 сәуiр, 21:54

Шәкіртақы тағайындады

01.06.2022

789

0

Қазақта «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген нақыл бар. Мақпалкөл ауылының тумасы, аудандық мәслихат депутаты, танымал кәсіпкер Әліби Бекжанов үнемі туған мекені, өзі кіндік кескен киелі жеріне игілікті қамқорлық жасаудан бір сәт жаңылған емес. Жеке кәсіп иесі осы кезге дейін ауылдастарына тек шаттық сыйлап, қолынан келген жақсылығын жасаумен келеді. Туған жерді түлетуді мақсат тұтқан жан жерлестеріне жасаған ізгі амалдарын, үлгілі істерін жарияға жар салып, жарнамалауды ұнатпайды. «Ол – менің туған жеріме деген азаматтық парызым» деп қысқа қайырады.

Әрине, бойына біткен қарапайымдылық пен кеңдік – оның асыл қасиеті. Десе де елдегі ағайындар Әлібидей азаматтың қамқорлығын көпшілік білсе, одан үлгі алса деп армандайды. Жуырда ғана ісі елге өнеге болған жомарт жан Жаңаталап, Темірбек Жүргенов ауылында тұратын «Ер-Әлі» және «Құрманбай Ата» шаруашылықтарының жұмысшылары мен үлескерлерінің жақсы оқыған 5-11 сынып аралығындағы балаларына «Темірбек Жүргенов» атындағы шәкіртақы тағайындап берді. Үздік оқушыға әр тоқсанға 30 мың, екпіндіге 20 мың теңге.


«Бұл дәстүр алдағы жылдарда да жалғасын табатын болады. Жаңа Қазақстанның келешегін қалайтын білімді де білікті осы біздің жастарымыз екенін естен шығармауымыз керек» дейді туған жерін Мысыр шаһарына балаған мәрт азамат.


Иә, шынында балаларға бақыт сыйлау қандай керемет қуаныш. Жүргеновтік оқушылар енді белсенді азамат болып, жақсы оқуға талпынары анық. Бұл игі бастамаға қолдау көрсеткен азаматқа ата-аналардың алғысы шексіз. Қуаныштары шынайы. Себебі бала – біздің болашағымыз. Ал болашақ бүгіннен бастау алады.


Г.ҚОЖАХМЕТОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: