Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Жұма, 29 наурыз, 03:54

«Алтын алқа» иелерінің қатары толықты

14.12.2022

501

0

 Кезінде ата-бабаларымыз елді, жерді білектің күшімен, найзаның ұшымен жан беріп қорғады. Қа­зақ қоғамының қиын кезеңдерінде әйелдер қауы­мының ел үшін сіңірген еңбегі зор. Тарихтан белгілі батыр қыз-келіншектердің ерлігінің өзі көпке үлгі-өнеге. Ал қазақтың маңдайына біткен атамекенді иелік ететін, қоғамға пайдалы азамат тәрбиелеуде аналардың рөлі зор. Әрбір отбасындағы береке, бірлік, татулық анадан бастау алады. Ал әр шаңырақта береке болатын болса, елде тыныштық орнайтыны анық.

Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да перзенттік парызыңды өтей алмайсың дейді. Расында, жарық дүниеге келуімізге себепші болған ең қымбат жан – «ана» деген асыл аттың иесінде құдірет бардай. Тоғыз ай құрсағында көтеріп, өмірге әкелген, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін берген, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ардақты аналарды тіршіліктің тірегі деуге болады. Дүниеге келген әр сәби ананың аялоы алақанынан, әкенің тәлімінен тәрбие алып, қазақ қоғамының тұтқасын ұстар азаматқа айналады. Ананың құрсағынан бастап тәрбиеленген баладан қоғамға пайдалы азамат, текті тұлға қалыптасары да даусыз. Ал осындай ұлттың болашағын дүниеге әкелуде аналардың қосар үлесі зор. Негізі қазақ халқы көпбалалы отбасын ерекше құрметтеген. «Бір қозы туса, бір жусан артық шығады» деп, көпбалалы болудан, оны тәрбиелеп өсіруден ешуақытта қорықпаған. Себебі, әр бала жарық дүниеге өз несібесімен келеді. Мемлекеттің дамуы жолында, ертеңгі намысты ұл мен қызды тәрбиелеуде де аналардың сіңірер еңбектері мол.

Ауданда өмірге ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіруде үлгі-өнеге болып жүрген «Алтын құрсақты» аналар да жеткілікті. Бүгінде мыңнан аса көпбалалы ана есепте тұрады. Олардың әрқайсысы қоғамға пайдалы, саналы ұрпақ тәрбиелеуде аянбай тер төгіп келеді. Жалағаш ауданында үш жүзге жуық «Алтын алқа» және алты жүздей «Күміс алқа» иегері бар. Оның ішінде 44 ана І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталса, 40 ана Кеңестер одағының «Батыр ана» атағына ие болған. Жалпы алтын құрсақты аналарға жылдың қай мезгілінде құрмет көрсетсек те артық етпейді. Дүниенің күретамыры, адамзаттың ардақ тұтар асылы, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аяулы жан, тіршіліктің бастауы аналар қауымы барлық жақсылыққа лайықты.

Тарихтан белгілі Бопай ханым, Тұмар ханымдардың есімі ел жадында мәңгі қалады. Одан бергі кешегі Ұлы Отан соғысында талай жаудың меселін қайтарған Әлия, Мәншүктер ерлікпен қаза тапты. Олар бізге ұланбайтақ жерді аманат етіп қалдырды. Осындай тарихи тұлғалардың ізін жалғар бүгінгі біздің аналарымыз тек отбасының ғана ұйытқысы емес, олар бүкіл қоғамды алға сүйрейтін, елдің бірлігін күшейтетін, берекесін молайтатын аса қуатты қозғаушы күш. Ана бар жерде өмір бар, тіршілік бар, мейірім бар. Әрбір алтын құрсақты ана мемлекеттің ертеңін тәрбиелеп отырған ардақты жан.

Иә, расымен, қашаннан қазақ әйелінің орны ерекше, құрметке лайықты. Күні бүгінге дейін ана деген ардақ атты арқалап жүрген нәзікжандылар қоғамда орнын қалыптастырып, ерлермен қатар ел ісіне де араласып келеді.  Мәселен қазір ер мен әйелдің құқықтарын теңестіру, отбасындағы отанасы мен отағасының бірдей жұмыс істеп, табыс табуы, әйелдердің ерлермен қоса түрлі салада бой көрсетуі көзге үйреншікті жағдайға айналды. Өйткені заманның талабы солай. Отбасын асырау үшін, сапалы тұрмысқа қол жеткізу үшін барлық жауапкершілікті ер адамға артып қою жеткіліксіз. Ана мен баланы қорғау, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері де – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болды. Осының нәтижесінде бүгінгі таңда елдегі барлық салада нәзікжандылар бой көрсетіп қана қоймай,  еліміздің кемел келешегі үшін өз үлестерін қосуда.

Әйел тағдыры қай елде де, қай заманда да өзекті мәселелердің бірі. Ал қазақ халқы үшін әйел қашанда ардақты саналған. Ал әрбір отбасы мемлекеттің алтын діңгегі десек, ондағы берекелі бірлік, ынтымақты тірлік тек жарасымды жанұяда көрініс беретін құндылықтар. Сол жарасымды жанұяны бір мақсат жолында, бір мүддеге көз тіккен, болашаққа деген арман-тілегі бір арнада тоғысып, келер күнге бірге қадам жасайтын, өмірлік көзқарастары, адами болмыстары ұқсас, таным-түйсіктері сәйкес келетін, қысқасы бірін-бірі толықтырып тұратын жандар ғана құрай алады. Барлығы үйлесім тапқан, ері құрметті, әйелі қадірлі отбасында ұятты ұл, ибалы қыз тәрбиеленетіні де даусыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: