Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

29°C

, Сәрсенбі, 24 сәуiр, 16:11

Істі дөңгелентер жастар бар

13.12.2022

487

0

Жастар қашанда табанды, қайратты, іскер болу заман талабы. Оларға мемлекеттік қолдау көрсету, жастар саясатын жүйелі жүргізу және жұмыссыздықты азайту – елдегі басты мақсаттардың бірі. Бұл ретте жасалып жатқан істердің игілігін көріп отырған жастар да аз емес. Әсіресе жұмыссыз жастар үшін тиімді, табысқа жетелейтін бағдарламалар іске қосылған. Ол бағдарламалар арқылы ынталы жастар өз армандарын жүзеге асыруға, мақсаттарын жолға қоюға мүмкіндік алуда.

 Саланы өркендетуде қашанда табандылық қажет. «Өзгеге қол жайып отырғаннан уақытында әрекет етсең, әрекетіңе қарай берекеті болады» деген бүгінгі кейіпкеріміз де сөзінің басын еңбектену керек деп бастады. Шағын кәсіп иесі Абзал Сәбитұлының сөзінше ол бір жыл бұрын ғана аудан орталығынан «Allo pizza» пиццериясын ашқан. Аз уақыт ішінде кәсібі дөңгеленіп шыға келді. Ордалы отызға аяқ басқан азамат жары екеуі өз қаражаты есебінен халыққа дәмді фастфуд өнімдерін ұсынатын демалыс орнын ашып, бүгінгі күні жалағаштықтардың сұранысын қамтамасыз етіп отыр. Жас та болса бас болып, жігер танытып, қолда бар қаржыны үйлестіріп, кәсіпке бетбұрған Абзал мен Нұржамалдың алға қойған ортақ мақсаты көп екен.

 – Бір жыл бұрын осы пиццерияны ашып, келіншегіміз екеуміз тәуекелге бел буған едік. Оңай болған жоқ, әрине. Қаржылық жағынан да, материалдық жағынан да барлығын нөлден бастадық. Несие алуға онша талпынбадық. Қолда барды ұқсатып, ең бастысы халыққа көрсетілетін қызметтің сапасына мән бердік. Іштегі құрал-жабдықтар, асханалық керекжарақ, тағамдарды пісіретін пеш, барлығына аса мән бердік. Шүкір, қазір пиццериямызға келушілер де, тапсырыс берушілер де аз емес. Бұған қарап біз ұсынатын дәмді тағам түрлерінің көптің көңілінен шығатынын білеміз. Бірақ жас келсе, іске демекші, бір орында тұрып қалу бізге тән емес. Келіншегім екеуміздің алға қойған жоспарларымыз өте көп. Кәсіптің көкжиегін кеңейту – басты мақсат. Бұл ретте алдымен ғимарат көлемінің үлкен болуы маңызды. Еңбектене берсек, бұл мақсатымызға да жетеміз деп ойлаймын, – дейді кәсіп иесі.

Иә, кейіпкеріміздің сөзінен ширақтықты байқаған біз алдағы уақытта кәсібінің кеңейіп, ойға алған жұмыстарының іске асатынына сеніммен қарадық. Тыңғылықты жұмыс пен жауапкершілік кез келген жанды үлкен жетістікке жетелейтіні де даусыз. Бүгінде «Allo pizza» пиццериясы жалағаштықтарға пицца, суши, донер, бургер, кәуап сынды фастфуд өнімдерін ұсынып отыр. Сонымен бірге кәсіп иелері екі жасты тұрақты жұмыспен қамтып, аудандағы жұмыссыздық мәселесінің жолға қойылуына сәл де болса үлесін қосып жүргендердің қатарынан. Бұл да болса ауданда жұмыссыздар қатарының азаюына оң әсер етеді. Ал Нұржамал Бақытжанқызы болса, кеше ғана қайтарымсыз грант иесі атаныпты. Енді жолдасы екеуі бұл қаржыға асханалық құрал-жабдықтар мен, пештерді жаңаламақ. Айта кетейік, тың идея мен нақты мақсатқа құрылған бизнес жобасын ұсынған жастар үшін мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант түрлерінің берері көп. Тек кәсіп бастаймын деген ниет пен бағдарламаның тиімді тетігін таба білсе болғаны. Ауданда осындай жан-жақты жастардың кәсіпке бетбұруы бізді қуантады. Бір жағынан жұмыссыздық саны азаяды, екінші жағынан өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуына серпін болмақ. Бастысы – халыққа сапалы әрі тиімді қызмет көрсету. Біздегі тілек осындай ерінбей еңбек ететін жастар қатары көбейсе дейміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: