Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Сәрсенбі, 16 қазан, 08:54

Қайтарымсыз грант – кәсіпті қолдаудың баспалдағы

16.07.2023

1587

0

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда біздің елімізде тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі өзекті. Осы орайда кейінгі жылдардың бедерінде мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғындарды жұмыспен қамту, жеке кәсіптерін ашуға мемлекет тарапынан қолдаулар көптеп жасалуда. Соның бірі ретінде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын атап айтуға болады.

Осы орайда, ауданымызда да мем­­лекеттік бағдарламалардың қол­дауы­ның арқасында ата кәсіптен несі­бесін айырып отырғандар жетерлік. Жа­қында солардың біріне Жаңаталап ауылына барып, кәсіппен жақынырақ танысқан болатынбыз.

– Мен мемлекеттік бағдарламаға қатысу мақсатында өзімнің жо­бам­ды ұсындым. Бұл мемлекеттік бағ­дар­лама жайлы, оның тиімділігі мен мақсатын таныстарымнан ес­ті­дім. Олар маған ауылда отырған соң құжаттарымды жинақтап, осы мем­­лекеттік бағдарламаға тапсы­рып көруді ұсынып, нақты бағыт-бағ­дарлар берді. Сол бағыт-бағдар ар­қылы құжаттарымды тиісті ме­кемеге өткізіп, мал шаруашылығы ба­ғытында, дәлірек айтқанда, сүт ба­ғытында мал басын көбейту кәсібі негізінде өткен жылдың тамыз айында 1 млн 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант қаражатын ал­дым. Ол қаржыға 3 бас ірі қара және 1 баспақ сатып алдым, – дейді Ұлданай Қорғанбекқызы.

Сөз арасында кәсіп иелері «Қаны­мызда болғандықтан, қазақтың кез келген баласы бұл кәсіпті тез-ақ мең­геріп кетеді. Көшпенді халықтың ұрпағымыз, ата кәсіпке болмысымыз бейім» – дейді, күліп.

Әрине еңбек бейнетсіз бол­май­ды. Мақаламызға арқау болған кәсіп­керлер малға берілетін жем-шөбін сатып алады екен. Айтуларынша, асыл тұқымды мал­ ұстамағандықтан, күтімі де қара­пайым. Бүгінде кәсіпкердің сатып алған 3 бас ірі қарасы екі есеге көбейген, яғни 3 бұзаулы сиыр және 1 баспақты баптап отыр. Сүт өнімдеріне де сұраныс жоғары екен. Ауылды құрт, ірімшік, сары маймен қамтамасыз етіп отыр. Ауылдан бөлек аудан орталығынан, тіпті Қызылорда қа­ласынан да сұраныс бар көрінеді. Кө­бінесе қалалық тұрғындар құрт сатып алу­ды жөн санайды. Мәселен 1 келі құрт­ты Ұлданай 4000-4500 теңгеге өткізеді.

Иә, тынымды тірліктерін көріп, ата кәсіпті жандандырған отбасыға дән риза болдық. Бала-шағасының несібесін төрт түліктен айырып, қанатын кеңге жаюды көздеген олар пайдасы мол іске жастар көптеп араласса екен дейді. Расында, мал шаруашылығына қазіргі жастар­дың аса қызығушылық таныта бермей­тіндігі жасырын емес. Төрт түлікте береке барын көнекөздер бекер айтпаса керек. Алысқа бармай-ақ, кейіпкерлерімізді мысалға алайық. Тұрып жатқан жаңа үйлері зәу­лім сарайдан кем емес. Авто­кө­лікке де зәру емес. Одан бөлек, дас­тар­хандағы берекені айтпасақ та түсінікті шығар.

– Жұмысқа орналасу қиын екенін түсініп, мемлекет беріп отырған мүм­кіндікті пайдаланайық деп шештік. Сөйтіп қызым Ұлданайдың атынан кә­сіпті бастап кеттік. Осы кәсіптің бас­шысы – осы қызымыз Ұлданай. Иә, біздің отбасылық кәсібіміз келешекте дамып, шаруашылықты жүргізуді үйре­неміз деген үмітіміз бар. Ал аталған бағдарлама ра­сымен де жұмыс істейді. Біздің отба­сымызға қарап-ақ мақсатқа жетуге болатынын айту керек, шүкір, еңбек етіп жатырмыз, өзімізге де, айналамызға да пайда келіп отыр, – дейді Ұлданайдың анасы.

Әкелері ұл-қыздарын еңбекке ерте араластырған. 7-8 жастарынан әке­сіне қолғабыс ете жүріп, мал шаруашы­лығының қыр-сырын жетік меңгерген. Осыған қарап, біз де игі, пайдасы мол істің ғұмыры өміршең болар деп топ­шыладық. Ата кәсіпті табыс көзіне ай­налдырған отбасы болашақта жеке кә­сіптерін ұлғайтып, бизнестің жаңа бағытын ашқысы келеді.

Жандос Жазкен

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: