Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

13°C

, Бейсенбі, 28 наурыз, 18:12

Қазақ шекарасын Алаш арыстары
қалай заңдастырды?

18.10.2022

390

0

Алаш партиясы мен Алаш Ордасының құрылғанына 110 жылға жуықтады. Ресейдегі 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін қазақ халқының жүрегі ұлтымның тәуелсіздігі деп соққан, сол кездегі елдегі саяси оқиғаларды бағамдай білген, ғасырлар бойы азаттықты аңсаған Әлихан Бөкейханов бастаған Алаштың арыстары тәуелсіз қазақ мемлекетін құруға белсене кірісті. Лениннің «бұрынғы Патшалық Ресей империясының бұғауында болған халық өз алдына жеке мемлекет болуына және автономия Республика болып Кеңестер Одағының құрамында қалуға, кейіннен Одақтан шығуларына да құқылы» деген идеясымен қазақ зиялылары Алаш азаматтары орталықпен 1917-1920 жылдары ымырашылдық негізінде Алаш үкіметін, мемлекетін құруға күш салды.

Олар Әлихан Бөкейханов, Әлім­хан Ермеков, Ахмет Байтұр­сынов, Мыржақып Дулатов, Х.Ғаб­басов, Жүсіпбек Аймауытов сияқты Алаш арыстары болды. Алаш партиясы атынан үкімет басшы­лығына Ә.Бөкей­ханов, екінші Ә.Ер­меков үміткер болды. Бұл туралы ұмытылған, жариялануға тыйым салынған Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың «Алаш» деген поэма­сын­да «Алаш» партиясына және оның көсемдеріне, оның ішінде Ә.Ермековке сипаттама берген. Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков басшылық жасаған Алаш Орда үкіметі сайланған. «Алаш» партиясының өкілдері Сібір және Түркістан автономиясы, Қазақ-Қырғыз автономиясы, мили­ция, ұлттық кеңес, оқу-ағарту ісі, қазынашылық, сот, ауыл әкімдігі сияқты мәселелерді көтерген. Осыған орай «Алаш Орда үкіметі Совнар­коммен байланыс ор­натқан. Келіссөздер жүргізген. «Абай» журналының редакторы Жү­сіпбек Аймауытов кезінде мынандай тарихи шындық келіссөзді жариялаған. «Қуаныш құтты болсын! Журналымыз басылып қойылғаннан кейін мынандай қуанышты хабар алып, теңдікке, билікке сусаған алаштың ауылынан қуантқалы журналдың тысына осы хабарды асығып басып отырмыз. 20 март (ескіше) Мәскеудегі Совет өкіметінің басшысы Ленин мен Народный Комиссар Сталиннен Ә.Бөкейханов, Х.Габбасов атына телеграмма келді. «Әр халықтың өз билігін өзіне береміз» деп шешкен закон жарлығымыз әлі сол қалпында. Айтқанымыз айтқан. Сіздердің өкілдеріңіз бізге әкеліп тапсырған жалпы қазақ съезінің қаулысын түгелімен қабыл аламыз. Жалғыз-ақ Совет өкіметін таныңыздар. Енді біздің билік береміз деген сөзімізді іске асыру керек. Ол жердегі тұрған әкімшілікпен бірігіп, съезд шақырып, автономияны жария қылу жолында болатын комиссия жасаңыздар. Қазақ қамқорлары тезінен комияссиясын жасап, автономиясын жария қылуға асығар деп білеміз. Ендігі бір ниет, бір тілектегі адамдармен қауымдасып, байлаған сөздеріңді білдіріңіз» деп Ленин, Сталин қол қойған.
Қазақ Автономиялық Республикасы 1920 жылы қазан айында жарияланды. Оның алдында қазақ жерінің шет-шегін тұңғыш рет белгілеу үшін Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Ленинге, бірде Сталинге кіре жүріп, 1920 жылдың 24 тамыз күні Қазақстанның ұлттық мемлекеттік территориясын бекіттірген, осы туралы Әлімхан Әбеуұлы Ермеков өз естелігінде былай деп жазған: «Мәскеудегі бір ай жұмыс мерзімімде Кирвоенревком мүшелерімен үнемі байланыс жасастым. Автономиялық Республика құрлымымен оның ше­карасын белгілеу туралы комитеттен нұсқаулар алдым. В.И.Лениннің бас­шылығымен өткен отырыста Қазақ­станның орналасуы туралы баян­дама жасадым. Маған дейін түрік рес­публикасының орналасуы туралы Туркомиссия мүшесі Сафаров ақпарат берді. Ол жер мәселесі жөніндегі реформаны жүзеге асыруды талап етті… »
1920 жылдың тамызы қазақ хал­қы үшін шын мәніндегі тарихи ай болды. Осы айдың 17 жұлдызында В.И.Ленин­нің төрағалығымен өткен Совнарком жиынында бірінші рет Автоно­миялық қырғыз Совет Республи­касы туралы ше­шім жобасы қаралды.
24 тамызда В.И.Ленин Автоно­мия­лық Қырғыз ССР туралы құжатқа қол қойды. 1920 жылдың 26 тамызы күні Қырғыз (Қазақ) Автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөніндегі Декрет дүниеге келді.
Бұл айтуға жеңіл болғанмен қылы­шынан қан тамған большевик комис­сарларды қазақ жерінің шекара­сы мен көлемін мойындату Алаш азаматтарына оңай болмаған. Алаш азаматтары жан беріп, жан алысқан Кремльде өткен ұзақ тартыстан соң большивик қызыл комиссарлардың көзін түпкі мақсаттарына жеткізгеннен кейін оларды мойындатып, В.И.Лениннің қолдауымен қызыл пролеторият көсемі қабылданған қаулыға қол қойған. Бұл жеке азат ел болуды аңсаған Алаш арыстарының жанқиярлық еңбегінің арқасы еді. Сол тартысты алқалы мәжілісте болашақта құрылатын қазақ мемлекетінің шекарасы межеленді.
Негізгі тартыс «Қазақ Автоно­миясына қай жерлер кіреді?» деген мәселеге келгенде қатты ушыққаны белгілі. Бірақ Алаш арыстары алға қойған мақсатына жеткен. Әлихан Бөкейханов Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков қазақ мемлекеті алдын­дағы тарихи миссиясын осылай­ша орындап шыққан. Сол кезде бар-жоғы 29 жастағы Әлімхан Ермеков, Әлихан мен Ахметтің дем беруінің арқасында азулы топтың алдында қазақ жерінің шекарасы жайында баяндама жасаған. Ол баяндамасында тарихи деректері мен ата-бабаларының мекен еткен, ықылым заманнан иелік еткен, қоныстары Астрахань, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самархан, Ферғана облысы мен Губернияларын қамтитын жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына беруді сұраған. Осы көрсеткен жердің 81 пайызының жан саны 5,5 млн болатын қазақтар пайдаланған. Бұл сол аймақтарда тұратын тұрғындардың 54 пайызы болған. Әлімхан Ермековке замандастарының естелігінде айтыл­ғандай, қазақ халқының мемлекет болып тағдырының шешілуі мен шекарасын белгілеуде Совнарком мәжілісінде және Лениннің алдында баяндама жасау Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш арыстарының ортақ сенімі болған. Ол Томскідегі Тау-кен институтын алтын белгімен бітірген қазақтың алғашқы тау-кен инженері, алғашқы ұлтымыздың математик профессоры, орыс, ағылшын, неміс, француз және шығыс халықтарының тілін жетік меңгерген Алаш азаматы болған. Әлімхан Ермековтың ел, жер тарихын білуі арқасында Ор (ОРСК) Челябь, Қорған-Құланды даласы, Алтай өлкесі, Ташкент қаласы, Шыршық аудандары ықылым заманнан қазақ жері екенін дәлелдеп қазақ автономиясына берілуді талап еткен. Тіпті Ташкентті Төле бидің би болып билеуі, Самархандта Жалаңтөс баһадүрдің әмір болғаны да сөз болған дейді. Қызу айтыс-тартыстан кейін мәжіліске отырғандар Әлімхан Ермековтің айтқандарына толықтай болмаса да қосылатынын біл­дір­ген.
Бірақ мұны жеңіс деуге ертерек болды. Өйткені ендігі кезекте Автоно­мияның аумағы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығу керек болған. 1920 жылы 12 тамыз күні Лениннің төрағалығымен өткен мәжілісте Әлімхан Ермеков барын салған. Өйткені ол исі қазақтың тағдыр-таласы шешілетін кез дәл осы тұс екенін жан дүниесімен сезінген және жағдайды жетік білетінін һәм шешендігі арқасында В.И.Ленинді иландыра білген. Өзінің естелігінде Әлімхан Ермеков мәжілісте орнымнан ұша тұрып, сөз алып, ойымды жеткізумен болдым деп жазған. Тіпті мәжілісте бетпе-бет келіп, көзбе-көз айтысқаннан кейін Алаш арыстары қазақтың уысынан шығып бара жатқан Атырау өңірін де қазақ еліне мәңгілік қайтарған. Қызыл комиссарлардың қолдауына ие болған Сібір ревкомы 1922 жылға дейін Солтүстік облыстарды Қазақстанға қоспауға тырысқан. Олар Қостанай және Челябь облыстарын өз иеліктеріне алып қалуға барын салған. Үлкен айтыс-тартыстан кейін Қостанай Қазақстанға Челябь, Сібір ревкомына тиесілі болып шешілген. Әлімхан Әбеуұлы кейін Қазақстанның Алтай шекарасымен Корестеловск даласымен шекара бөлісуде, Семей және Ақмола облыстарын Қазақстан құрамына енгізуге қатысқан сол жылдың 3 ақпанында Барнауылда КИР­ЦИК мүшесі Ғ.Тоқжановпен барып айтыс-тартысқа қатысып, нақ­ты тарихи деректермен дәлелдеп, ықылым заманнан бұл аймақ қазақ жері екенін дәлелдеп, Алтай өлке­сінің 18 елді мекенін Семей облы­сы­ның құрамына алып берген. Ә.Ерме­­ков қазақ жерін біртұтас республика құрамына қайта енгізуде маңыз­ды рөл атқарған. Ол – халқының па­трио­ты, білгірі. Көршілес елдермен түсініс­тігімізді терең тарихи сәттерде жол таба білетін халық дипломаты болған адам. Қазақ Республикасының территориясын заңдастыруда Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш алыптары қазақ жерінің әр пұшпағына дейін анықтап, ондағы тұрғындармен олардың күн көрісіне дейін нақтылап, үлкен айқасқа дайындалған. Әлихан Бөкейхановтың кеңесімен бұл тарихи миссияға дайындық, оны баяндау Әлімхан Ермековке жүктеліп, сенім артылған. Ол бұл сенімді ақтап шыққан. Әлімхан Ермеков өз естеліктерінде мемлекетіміздің мүддесі үшін болып жатқан мәжілістерде Әлихан Бөкейхановтың Әлімхан Ермековтың Лениннің тікелей ықпалында болғанын келтірген. Тіпті қызыл комиссарлармен айтыс-тартыста Ахмет Байтұрсынов «Лениннің нұсқауын орындайсыңдар ма, жоқ па?» деген жағдайға да барған. Осындай айтыс-тартысқа толы саяси күрестің нәтижесінде Қазақ Автономиясын құру және оның терри­ториясын белгілеу туралы жұмыс ушығып бара жатқанын сезген Ленин 12,14,18,19 тамыздағы комиссия отырыстарын өзі басқарған. 24 тамызда Ленин «Қаулы дайын, Әлімхан Ермековтың қайта баяндама жасағаны дұрыс, осы бойынша заңдастыру керек» деп шешім шығарады. Осы шешім қабылданып шыққаннан кейінгі сәтті Әлімхан Ермеков өзінің естелігінде былайша жазған: «Өзімнің табысыма масаттанып, риза болып шықтым. Ол кезде бар-жоғы 29 жаста едім. Біздің делегацияда қолымды алып жатты. Қарасам Бөкейханов жоқ екен. Бәріміз дәлізге шықтық. Қазақстанның делегация құрамы 15 -тей адам болатын. Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. 15-20 минуттан кейін ол кісі де шықты. Әлихан Ленинге бекітілген шекараға тездетіп қол қоюға өтініш етіпті. Ленин орындауға уәде беріпті. Сонымен Совнаркомның жалпы отырысында бекітілген территорияны Қазақ Автономиясының территориясы деген шешімге қол қойылып, 26 тамыз күні баспасөзде жарияланған. Міне, содан бастап бүгінгі Қазақстанның территориясы қалыптасты. Біз – тәуелсіз мемлекетпіз, тәуелсіз мемлекеттің шекарасы Алаш арыстарының табанды күресі арқасында бекітілді. Өкінішке орай кешегі кеңестік тоталитарлық әкімшілдік-әміршілдік заманда, нақ­тырақ айтқанда, алып империяны Хрущев басқарып тұрған волентеризм саясаты кезінде жеріміздің 15 пайызынан айырылып қалдық. Сонда да болса жер көлемі жағынан дүние жүзінде 9-шы орын алатын қуатты, қазір қазба байлыққа бай елміз. Барға қанағат тұтатын халықпыз. Қазақ елінің ше­карасы нақтыланып, жеріміз мәңгілік халқымыздың игілігіне жарауда.
Кеңес үкіметінің алғашқы жыл­дарында, Алаш арыстарының күшімен В.И.Лениннің өзі қазақ шекарасын заңдастырып, бекітіп берген болатын. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін шекарамыз нақтыланып, демор­кация­ланып, жер көлемі нақтыланып, ата-бабаларымыздың қанымен, жанымен қорғалып, тек қана қазаққа мұра етіп тастап кеткенін досымыз бен қасымыз да білуі керек.

Рысбай Кәрімов,
Қазақстан Журналисттер
Одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының
Құрметті азаматы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: