Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

14°C

, Жұма, 26 сәуiр, 06:06

Қоғамның тыныштығы бәрінен қымбат

12.12.2022

360

0

Әр аймақтағы полиция бөлімдері жергілікті жердегі құқық бұзушылықтардың алдын алуда, қоғамдағы қылмыстардың азайып, ел дамуына кедергі келтіретін олқылықтарды болдырмауда табандылық танытып, нәтижеге жұмыс жасауға күш салып келеді. Әсіресе, осы салада жүрген, ауданның тыныштығын, қоғамның тұрақтылығын күзеткен тәртіп сақшыларының еңбегі  елеусіз қалмайды. Олар осы уақытқа дейін аудандық полиция бөлімінде де ахуалдың тұрақты болуы үшін жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Расында соңғы жылдары осыған дейін өсім алған бірнеше қылмыстың азайғаны, қылмыстардың дер кезінде ашылуы атқарылған жұмыста сапа барын білдіреді.

Тәртіп сақшыларының қылмыспен күресте басым бағыттарының бірі кезекші тәулікте қылмыстарды ізін суытпай ашу және қылмыстың алдын алу профилактикасы болып табылады. Биыл 7 айда орын алған қылмыстардың ізін суытпай кезекші тәулікте ашу жұмыстары 56,7 пайыздан 59,7 пайызға жақсарып, жалпы тіркелген қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға төмендеген. Ал олардың ашылу көрсеткіші 72,2 пайызды құрап отыр. Ауыр санаттағы қылмыстардың тіркелуі былтырғы жылдың тиісті кезеңімен бірдей болғанымен олардың ашылу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 70,8 пайыздан 72,2 пайызға жақсарды. Ал денсаулыққа қасақана зиян келтіру, қорқытып талап ету, бұзақылық, қарақшылық қылмыстарға биыл 7 айда жол берілмеген. Сондай-ақ мерзімі үзілген қылмыстар саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда еш өзгеріссіз болғанымен олардың ашылу көрсеткіші жақсарып отыр. Мал ұрлығы, пәтер ұрлығы, есірткі қылмыстарын анықтап, қылмысты ашуда да оң нәтиже бар.

Аудан көлемінде Ішкі Істер министрлігінің «Құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік» қағидатын жүзеге асыру бағытында да атқарылған жұмыстарда оң нәтиже қалыптасқан. Былтыр ауданда анықталған құқық бұзушылықтар саны 773-ке жетсе, биыл бұл көрсеткіш 9,5 пайызға төмендеген. ҚР «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңының талаптарына сай тұрмыстық ортада құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты 52 қорғау нұсқамасы шығарылып, аудандық сотпен құқық бұзушының мінез-құлқына 10 ерекше талап белгіленген. Отбасытұрмыстық қатынастар саласында жасалатын қылмыстардың алдын алу, оған жол бермеу мақсатында ІІО-ның профилактикалық және тізімдік есебінде тұратын тұлғалармен үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде маскүнемдер есебінде тұратын еріксіз емдеу мекемесіне есепті мерзімде 3 азамат маскүнем ретінде танылып, аудандық сот арқылы 6 айға Қызылорда қаласындағы емдеу орталығына жатқызылып, 12 азамат маскүнем ретінде бөлімнің тізімдік есебіне алынған. Ал жоғарыда айтылған әрбір нәтижелі жұмыстың орындалуына учаскелік полиция инспекторларының қолтаңбасы бар. Мәселен, олардың биыл өз ынтасымен қылмыс ашуы 10 пайызға жақсарып, тиісінше өздері жауапты участіктердегі қылмыстардың алдын алуда қарқынды жұмыс жасаған екен.

Сонымен бірге есепті мерзімде әртүрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін 146 қоғамдық тәртіпті бұзушылық жасаған жасөспірім анықталып, олармен тиісті профилактикалық жұмыстар жасалған. ҚР ӘҚБТК-ның 442 бабының 2 бөлігімен 138 жасөспірімнің ата-анасына әкімшілік шара көріліп, қаңғыбастыққа салынып жүрген 5 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастыртылған.

Ал жол көлік оқиғалары былтыр бірнеше рет орын алса, биыл да бұл жағдай қайталанған еді. Бұл тұста да тәртіп сақшылары қол қусырып отыр дей алмаймыз бірақ. Биыл 7 айда 14 жол көлік оқиғасы орын алса, одан 16 адам дене жарақатын алып, 7 адам қаза тапқан. Орын алған 14 жол көлік оқиғасының алтауы «Шымкент-Самара» республикалық маңызы бар тас жолында, алтауы кентте екеуі Аққыр, Еңбек ауыларалық ішкі жолдарда орын алған. Жол апатының алдын алу бойынша республика тарапынан 6 рет түрлі іс-шара, өз тарапымыздан түрлі бағытта 9 рет жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдастырдық. Жалпы көлік тізгіндегендерге айтарымыз, бастысы «Сақтансаң, сақтайды» дегенді әсіресе сол көлік тізгіндегендер қаперден шығармауы керек. Олар кей жағдайда тек өзінің ғана емес, бірнеше адамның өміріне зиянын тигізіп жатады. Сондықтан жолда жоғары жылдамдықтың, масаң күйде көлік тізгіндеудің салдарын тауысып айту мүмкін емес. Жаңа жоғарыда айтып өткен ісшаралар нәтижесінде автокөлікті масаң күйде басқарған 17 тұлға анықталып, оларға әкімшілік шара көрілді. Ал автокөлікті масаң күйде қайта басқаруға қатысты 1 дерек анықталып, қылмыстық іс тергеліп, аудандық сотқа жолданды. Жол қауіпсіздігі бойынша қалыптасқан ахуалдың күрделенуінің бірнеше дәлелдідәлелсіз себеп бар, олар бойынша тиісті кезек күттірмейтін кешенді шаралар қабылданып, жол көлік оқиғаларының алдын алуда жергілікті атқарушы органға нұсқамалар беріліп, 17 лауазымды иеге әкімшілік хаттама толтырылды.

Ал «Жалпы ауданның тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында халықтың сенімінен шығуға қолда бар барлық мүмкіндікті пайдаланып, жоспарлы түрде жұмыстар ұйымдастырылуда. Біздің мақсат – қылмыстардың алдын алу, орын алған қылмыстарды дер кезінде ашу, елдің тыныштығын тәулік бойы күзету. Бұл бағытта біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта да елдің қажетіне, қоғам тыныштығына жұмыс жасай береміз» деген аудандық полиция бөлімінің бастығы халықтың сенімі, талап-тілегіне жұмыс жасау бәрінен жоғары екенін айтады. Қазақстан полициясы – Халқымыздың берік қорғаны, тәуелсіздігіміз бен тұрақтылығымыздың сенімді тірегі. Сондықтан да бұл саладағы азаматтарға артылар жүк ауыр. Қоғамның тыныштығын күзетуде алдына жан салмай, күні-түні ат үстінде жүрген сала қызметкерлерінің еңбегіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: