Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 16:41

Қызылордада республикалық «Шекара барысы» балуандар бәсекесі ұйымдастырылды

14.03.2024

567

0

Халықтың рухын, оның терең дәстүрін танытатын айбынды спорт түрлерінің бірі – қазақ күресі. Бүгінде бұл спорт түрінен ел арасында белдесулерлен бастап, үлкен турнирлерге дейін өткізіліп келеді. Ел мерейін үстем еткен, қазақ туын әлем аренасында желбіреткен бозкілем бәсекесі Сыр өңірінде де ұйымдастырылды.  

Осы жылдың 10-11 наурызы аралығында Қызылорда қаласында Шекара қызметінің әскери қызметшілері арасында ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметі директорының Кубогына қазақ күресінен Республикалық турнир өтіп, байрақты бәсекеде балуандар күш сынасты.

Аталған спорт түрінен Шекара қызметінің тарихында алғаш рет өткен турнирге еліміздің әр өңірінен 120 спортшыдан құралған 17 команда қатысты. Жекпе-жек 7 салмақ дәрежесінде өтіп, одан бөлек ауырсалмақтағы түйе палуандар белдесті.

– Шекарашылар арасындағы республикалық сайысқа тыңғылықты дайындық жүргізілді. Жалпы еліміздің әр өңірінен келген қатысушыларды 8 наурызда қарсы алып, орналастырдық. Ал, 9 наурыздан бастап «Евразия» спорт кешенінде әскери қызметшілермен практикалық семинарлар, арнайы жаттығулар, салмақ өлшеу, жеребе тастау, жарысты ұйымдастыру тәртібін нақтылау сынды бірқатар шаралар ұйымдастырылды. 10 наурыз күні республикалық жарыстың негізгі бөлімі басталып, 11 наурызда жарыс қатысушылары финалда бақ сынасты. Сайыста топ жарып, жеңімпаз атанған шекарашылар марапатталды. Республикалық турнирдеқатысушыларжоғары нәтиже көрсетіп, ұлттық ойын ұлықталды, – деді ҚР ҰҚК ШҚ Қызылорда облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары полковник Серік Абусултанов.

Қазақ күресі – жай ғана спорт түрі емес, ол бізге ата-баба даналығын, ұлттық мақтанышымызды жеткізетін нағыз өнер.

Бұл спортта әрбір қозғалыс, әр техниканың өзіндік мәні мен символы бар. Ол тек дене күшін ғана емес, сонымен қатар қарсыласты сезіну, оның әрекетін алдын ала білу және тез әрекет етуді талап етеді. Күрес – нағыз батылдық пен төзімділіктің сынағы.

Спортшылар бозкілемде жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жарыс нәтижесінде командалық есеп қорытындысы бойынша бірінші орынды ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің командасы иеленді. Екінші және үшінші орындарға Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарының командалары жайғасты.

Алаңға шыққан әр балуан өз үмітін ғана емес, халқының үмітін де бойына сіңіреді. Ол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көне дәстүрлер мен мәдениетті бейнелейді. Бұл күресте ұлттың ең терең құндылықтары – күш, батылдық, адалдық және құрмет жатыр.

Қазақ күресінің әрбір турнирі осы тамаша спорт түрін бағалайтын және сүйетін әрбір адам үшін нағыз мерекеге айналады. Мұнда ең үздік спортшылар жиналып, өз жерін лайықты түрде таныстырады.

Қазақ күресі – тарихымыздың, мәдениетіміздің, ұлттық қадір-қасиетіміздің бір бөлігі. Әрқашан ұлы халқымыздың бірлігі мен күш-қуатының белгісі болып қала беретін бозкілем бәсекесі әрбір қазақтың рухани ғана емес, физикалық қабілетін байытады.  

Сайыс жеңімпаздарына кубоктар, грамоталар мен медальдар табысталып, ауыр салмақтағы үздік түйе палуандарына арнайы чемпиондық белбеулер тағылды. Турнир Шекара қызметінің әскери қызметшілерін біріктіріп қана қоймай, олардың кәсібилігі мен шеберлігін баса көрсеткен жарқын спорттық оқиға болды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: