Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Сәрсенбі, 24 сәуiр, 21:56

Шалғай ауылда да белсенділік жоғары

20.11.2022

552

0

Жаңадария ауылындағы №152 сайлау учаскесінің де жұмысы таңғы жетіден Мемлекеттік Әнұранмен басталды. Алғаш болып өз таңдауын жасауға асыққан ауыл тұрғыны, ел ағасы Нұрсұлтан Желдербаев  науқанның маңыздылығына тоқталды.

– Біздің елдің дамуы жылдан жылға қарқын алып келеді. Бірақ өркениетті елге айналу үшін қазақстандықтардың бірлігі өте маңызды. Халықтың бірлігі, ел болашағына деген сенімі осындай саяси науқандарда көрініп жатады. Ең алғашқы болып дауыс бердім де ауылдастарымды күтіп тұрдым. Жаңадариялықтар бірінен соң бірі отбасымен келіп жатыр. Мұның өзі бірліктің дәлелі» дейді ауыл азаматы.

Иә, шалғай ауылдағы №152 участікке қарасты 314 сайлаушы болса, қазіргі таңда оның елуге жуығы өз таңдауын жасаған. Қазақстан Республикасының Президентін сайлау әрбіріміз үшін өте жауапты әрі маңызды іс. Өйткені «Жаңа Қазақстанды» құрудың алғашқы баспалдақтары жүзеге асуда. Ал бұл игі іс жолында бірлікпен әрекет етпеу әрбіріміздің азаматтығымызға сын болмақ. Қазақстандықтар бұл тұрғыда тартынып қалмайтынына тағы бір көз жеткіздік. Аудан орталығынан бөлек ең шалғай ауылдың өзінде белсенділіктің болуы бәрімізді қуантты.

«Ауылдың тірлігі қалай ширақ болса, тұрғындардың бірлігі де сол сияқты көпке үлгі қыларлықтай. Ертемен басталған сайлау науқанына жұмыс басталмас бұрын келіп алған ауыл азаматы Н.Желдербаевтың белсенділігінің өзі ауыл жастарына үлгі болуда. Ал ауыл ақсақалы, ең қарт сайлаушымыз Сапабек Тұрмаханов. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған азамат бұған дейінгі барлық саяси науқаннан қалып көрген емес. Бүгінгі науқанда да келіп, өз таңдауын жасайды деп күтудеміз» дейді елді мекендегі №152 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Е.Жүсіпбеков.

Нұржамила АЛМАС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: