Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 13:48

«Астана» топтық кезеңде

05.09.2023

264

0

Чемпиондар лигасы мен лиганың конференциясындағы отандық төрт клубтан топтық кезеңге жалғыз «Астана» шықты. Осыған дейінгі кездесулерде «Ақтөбе» мен «Ордабасы» сыр алдырса, «Астана» мен «Тобыл» плей-оф кезеңіне өткен болатын. «Тобыл» бұл кезеңнің алғашқы кездесуінде-ақ жеңіліске ұшырады.

Бұл команда үшін қарсылас оңайға соққан жоқ, өз лигасында да тәжірибелі ойын өрнегін көрсетіп жүрген чехиялық «Виктория Пльзень» отандық клубты қос кездесуде де еңсерді. Алғашқы ойында Қостанайға қонаққа келген «Виктория Пльзень» ойыншылары алаң қожайындарын 1:2 есебімен жеңсе, қарымта кездесуде «Тобыл» қақпасына 3 гол тоғытты. Өкінішке орай біздің ойыншылар құрығанда жұбаныш голын да сала алмады. Осылайша чехиялық клуб топтық кезеңнен өз орнын тапты.
Чемпиондар лигасының іріктеу ойындарында «Астана» грузиялық «Динамо Тбилисиді» жарыс жолынан ысырған. Алайда келесі кезеңдегі қарсыласы отандық клуб ойыншыларына оңай соққан жоқ. «Динамо Загреб» «Астанаға» қос кездесуде 6 гол салса, елордалық клуб бірде-бір жауап қайтарған жоқ.
Мұнан кейін еуропа лигасына бір саты төмен сырғыған «Астананы» «Лудогорец» лиганың конференциясына бір-ақ түсірді. Бұл ойынның алғашқы кездесуінде «Астана» жеңіске жеткенімен болгариялық клуб қарымта кездесуде жеңісті қолдан жұлды.
«Астана» лиганың конференциясында бірден плей-офқа түсті. Албаниялық «Партизаниды» алаң қожайындары 1:0 есебімен еңсерсе, сырт алаңда тең тарқасты. Осылайша отандық жалғыз клуб топтық кезеңге жолдама алып отыр.
Мына қызықты қараңыз, лига конференцияның «С» тобында косоволық «ФК Балкани», осыған дейін «Тобылды» жарыс жолынан ысырған «Виктория Пльзень» және «Астананың» чемпиондар лигасындағы екінші қарсыласы «Динамо Загреб» бар. Әлеуметтік желіде жанкүйерлер «Астанаға» есе қай­таратын уақыт келді» деп жарыса жазуда. Топтық кезеңнен елордалық клубқа шынында екінші орынмен болса да шығуға мүмкіндік те жоқ емес.
«Виктория Пльзень» хорватиялық клуб үшін оңай қарсылас емес. Сондықтан олар «Астанадан» 6 ұпай алып қалуға барын салады. Бірақ біздің ойыншыларға өз алаңымызда құрығанда 1 ұпай еншілеуге мүмкіндік бар. Ал «Виктория Пльзеньді» елордада жеңсе, сырт алаңнан тағы бір ұпай еншілеуге болады. Біздікі жай ғана болжам, ал келесі кезеңге кім өтеді, оны алдағы уақытта көреміз.

Кенжетай БАЛҒАБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: