Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

26°C

, Бейсенбі, 02 мамыр, 13:16

Чемпиондарды шыңдаған спорт мектебі

20.08.2023

458

0

Спорт – мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын, халықтың жанкүйерлік рухын көтеретін, деннің саулығын нығайтатын көрсеткіш. Сондықтан соңғы жылдары еліміз спортты дамытуға айрықша көңіл бөлуде. Мәселен, елімізде спорт күні үлкен дәрежеде атап өтілуде. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде әр сала бойынша спорттық жарыстар өткізіліп, халықты салауатты өмір салтына тарту мақсатында түрлі шаралар өткізіледі. Иә, жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісін спорт күні ретінде халық асыға күтеді.

Бір қуантарлығы, сол жұмыс­тар­­дың нәтижесі болар, ауданда соңғы жылдары спорт саласы қар­­қынды дамып келеді. Мұның дәлелі спортшыларымыз облыс­тық, респуб­ликалық, қалаберді халық­аралық додаларда үздік нәтижелерді көрсетіп жүр. Бұл ретте үйірмелер мен спорт мектептері спорттың алға қадам басуына, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына себепкер бо­лып отыр. Сол себепті өңірдегі спорт­тың дамуына, бұқаралық спорт қоз­ға­лысын кеңейтуге, спорттағы же­тістіктерді ынталандыруға бағыт­талған жұмыстардың мән-жайы, спорт­шылардың алдағы додаларға дайын­дығы барысымен танысу мақсатында аудандық №13 олим­пиа­далық резервтің маман­дан­дырыл­ған балалар және жас­өс­пірімдер мек­те­біне бардық.

Бізді мектептің әдіскері Есқара Сералиев күтіп алып, ұжымның ты­ныс-тіршілігімен дереу бізбен бөлісе кетті. Сөйтсек, тек спорт, жаттығу деп мақтанудан шорқақ үлкен ұжымның соңғы жартыжылдағы жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай екен. Тәр­биеленушілері спорттың 12 тү­рінен де додаларға қатысып, жүлдесіз қайтпаған. Әрине бұл дегеніміз үлкен еңбек, төккен маңдай тер десек, ешкім қарсы болмасы анық.

Сөйтіп біз мектептің алған жеңіс­теріне жеке-жеке қызығушылық та­нытып, Есағаны сұрақтың астына алдық. Мұндай қызығушылық таныт­қанымыз да оңды, өйткені бұрын-соңды ауданда естімеген спорт түр­лерінен жас спортшыларымыз жеңіс тө­рінен көрініп жүр екен. Мәселен, Дін­мұхамед Сұмағұл есімді жас спортшы найза лақтырудан Алматы қа­ласында өткен ел біріншілігінде жүлделі 3 орынды иеленіпті. Жеңістен хабардар болмақ түгілі, бүгінгі күнге дейін ауданымызда мұндай спорт тү­рінен үйірме барынан хабарсыз біз үшін бұл жетістік үлкен жаңалық болды.

– Өзімнің бұл салада еңбек еткеніме біраз жыл болды. Шама-шарқымша аудан спортын дамытуға жұмыс жасап келеміз. Алдағы уа­қытта да осы мақсатқа бар күш-жі­ге­­рімізді, қарым-қабілетімізді жұмсай береміз. Еткен еңбегімізге сай же­тістіктеріміз де баршылық. Жаттық­тырушылардың тынбай төккен те­рі­нің арқасында, аудан жастары үл­кен додаларда топ жарып жүр. Жалпы, Жалағаш – қазір облыста кү­рес спортынан танымал аудан. Тек аймақта ғана емес, байрақты бә­се­келерде де дәл осы спорт түрінен талай рет бағымыз жанды. Атап айтар болсақ, ауданымыздың соңғы жартыжылдық қорытындысы бойынша облыстық рейтингте 21 спорт мектеп арасында алдыңғы қатарда. Нақтырақ тоқталсам, Тараз қаласында өткен ҚР VI жазғы спар­такиадада дзюдодан Әділбек Берікұлы 1 орынды қанжығасына байласа, қа­рындасымыз Әсел Бисенбай жүл­делі 3 орынды иеленді. Сондай-ақ өздеріңіз естіген боларсыздар, бел­беу күресінен әлем біріншілігінде ба­тыр қызымыз Арайлым Оразбай атой салып, бас жүлдені жеңіп алды. Жа­қында Жаңақорған ауданында өткен белбеу күресінен 2003-2005 жыл­дардағы жастар арасынан ел біріншілігінде Қайрат Ақберен 1 орынды, Азамат Алихан 3 орынды месе тұтты. Самбо күресінен Әлбина Смаил Алматы қаласында өткен ел біріншілігінде жүлделі 3 орынды жеңіп келді. Міне, бұл жетістіктер тек 6 айдың қорытындысы. Алда әлі талай жарыстар бар, бүгінде спорт­шыларымыз қызу дайындық үстінде, – дейді Есқара Темурұлы.

Иә, ауданымыз қашаннан күрес спортынан ілгері екені баршамызға белгілі. Аудан жұртына айтарлықтай таңсық емес спорт түрлері де бар, мысалы, ауыр атлетика, жеңіл ат­ле­тика, доп ойындары, таек­вандо сын­ды спорт түрлерінен де мектеп тәр­биеленушілерінің біраз жетіс­тіктері бар көрінеді.

Соңғы 6 айда ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі ел біріншілігінде Нұр­сезім Абатқызы 1 орынды жеңсе, Нұрсыйла Берікбол жүлделі 2 орынды иемденген, ал 23 жасқа дейінгі спортшылар арасынан Мәди Пер­небекұлы жүлделі 3 орынға ие болған. Сондай-ақ бокстан ҚР-ның батыс аймақтық біріншілікте Нұрәділ Нұрсұлтан 3 орынды жеңіп алса, таеквондодан ел біріншілігінде Нұр­дәулет Серікұлы жүлделі 3 орын­ды қанжығаға байлаған. Өңірі­мізде жеңіл атлетикадан да жас спортшыларымыз аудан абыройын бай­рақты бәсекелерде абыройын ас­қақтатып жүр. Мысалы, Балнұр Қал­нияз Алматы қаласында өткен ҚР-ның чемпионатында жүлделі 2 орынды жеңіп алған.
Соңғы жылдары воллейболшы қыздарымыз да жеңіс тұғырын бермей жүр. Атап айтсақ, Ақпейіл Маратқызы мен Назым Қанибай Өскемен қа­ла­сында өткен жасөспірімдер ара­сында өткен ел біріншілігінде бас жүл­дені жеңіп, облыс абыройын қор­ғап келген. Ұлттық ойынымыз то­ғыз­құмалақтан Жалағаш ауданы бұ­рыннан жақсы нәтижелер көрсетіп жүргені жұртшылыққа мәлім. Сол аға-апаларының жолын қуған бүгінгі жастар талай додада топ жарып, дәстүрлі спорт түрінің дамуына елеулі үлес қосуда. Мәселен, Мәдина Әлібек Тараз қаласында өткен жастар ара­сындағы ел чемпионатында жүл­делі 2 орынды иеленген.

Міне, тізіп жаза берсең, спорт мекте­бі­нің жетістіктері жетерлік. Әрине спортшы­ларымыз­дың бұл жеңістері жастарға ерекше құлшыныс берері анық. Сондықтан болар ауданымызда балаларын спорт­қа беруге ниеттілердің қатары едәуір артқан. Спорт мектебінің фи­лиал­дары тек аудан орталығында ғана емес, шалғай ауылдарда да ор­на­ласқан. Мәселен, Таң, Аққұм, М.Шә­менов, Ақсу ауылдарында спорт үйірмелері жұмыс жасайды. Бұл дегеніміз ауыл балаларына де­ген үлкен мүмкіндік екені сөзсіз.

Спорттың тәртібі бойынша спорт мектебі балаларды 5 жастан бастап қабылдайды. Әрине оларды бірден спорттың қиын түріне қабылдай салмайды. Спорттық мектеп бол­ғасын жас жеткіншектердің спортқа деген қызығушылығын ояту мақ­са­тында ең бірінші оңай ойын түр­ле­ріне алады. Содан кейін ыңғайы­на қарай, өздерінің таңдауы бо­йын­ша бейімділігін байқап, басқа спортқа икемдейтін көрінеді. Жат­тықты­ру­шылар баланың ең бі­рінші спортқа ынтасын оятып, қызық­тыруға баса мән береді. Ол үшін мек­теп­тің арнайы біліктіліктен өткен жаттықты­ру­шылары жұмыс істеп, балаға барлық жағдайды туғызады.

Иә, 1 пайыз талант пен 99 пайыз төгілген тер ғана табысқа қол жет­кізуге жол ашады. Жалпы, адам­ның бойында туабіткен қандай да бір іске деген қабілеті болады, оны қолданса, дарындылығы байқалады, әрі қа­рай дамып, жетілдірсе, талантқа айналады. Дамытпаса, бойындағы қабілет жұмбақ түрінде қалып қояды. Спорт та, спортшы да сол сияқты. Спорттың кез келген түріне деген бірінші бойда қызығушылық керек. Ал оны әрі қарай дамыту спортшының өз қолында. Бұл жаттықтырушылардың ата-ана мен балаға беретін ең маңызды кеңестері.

Алдағы уақытта спорт мектебінің жоспары өте көп. Ең бастысы, мек­­тептің техникалық базасы жақсы. «Мек­тебімізге қазіргі заманауи тұр­ғы­да салынған спорт ке­­шені бе­ріліп жатса, үлкен демеу бо­лар еді» деп ұсынысын да жет­кі­з­іп қой­ды мектеп қызметкері. Бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ дене шы­нықтырумен және спортпен шұ­ғыл­данатындардың са­нын арт­тыру мақсатында №13 олим­пиа­далық ре­­зервтің маман­данды­рылған бала­лар және жасөспірімдер мектебінің ең­­бегіне осылайша тәнті болдық.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: