Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

14°C

, Бейсенбі, 10 қазан, 18:44

Келесі кезеңге кім өтеді?

18.08.2023

272

0

«Астана», «Ақтөбе» және «Тобыл». Отандық үш клубтың «Астадан» басқасы Еуропаның лига конференциясында іріктеуден өтіп жатыр. Ал чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде «Динамо Загребке» есе жіберген елордалық клуб Еуропа лигасының іріктеу кезеңіндегі алғашқы кездесуін жеңіспен аяқтады. «Астанаға» сырт алаңда жеңіс керек, құрығанда тоқсан минутта тең тарқасса да жетіп жатыр. Бірақ мұнан өтсе, «Аякс» оның адымын аштырмауға дайын отыр.

Өткен аптаның басында «Лудого­рец» «Астана» алаңында қонақта бол­ды. Ә дегеннен олар отандық клубқа қар­сы шабуылды үдетті. Ойын өрнегі осылай өрбитіні де заңдылық, сырт алаңда жеңіске жетіп, Болгарияда қор­ғанысқа басымдық беруді көздегені көрініп-ақ тұр. Тіпті бірінші болып есеп ашты да, ойынның 34 минутында қонақтар сапындағы қорғаушылардың бірі әріптесі асырған допты Чондич күзеткен қақпада тулатты. Бірақ бұған есеңгіреген елордалық клуб жоқ, шабуылға басымдық берген алаң қожайындары алғашқы таймның аяғында таразы басын теңестірді.

Иә, шабуылды оқтын-оқтын жа­сайды, ойыншылары да алаңда өздерін еркін ұстайды. Әсіресе алыстан кел­ген допты қалай тосып алғанын көр­сеңіз, еуропалық клубтың біздің ойын­шылардан басым екенін аңғара қоя­сыз, келесі таймда олардың тағы бір гол салатынына күмән болмады, алай­да ойын өрнегі біз ойлағандай бол­ған жоқ, керісінше басқаша арнада өрбіді.

«Астана» келесі таймда да қарсы­ласымен тең дәрежеде ойнады, ке­рісінше қайта отандық клуб ойыншы­ла­ры шабуылды үдетті. 53 минутта А.Марочкин есепті еселеп, командасын алға шығарды. Мұнан кейін кез келген ойыншы қорғанысқа басымдық беретін еді, рас, «Астананың» қорғанысы мы­ғым, бірақ олар шабуылды бәсең­дет­педі. Бірақ есеп еш өзгеріссіз қалды.

Бейсенбіде «Астана» Болгарияға қонаққа барады. Разград қаласындағы «Хувефарма Арена» стадионындағы кездесу оларға оңайға соқпайын деп тұр. «Астанаға» тағы бір гол қажет және есепті бірінші болып қонақтар ашса, бізге тиімді.

Бұған дейін «Базельді» іріктеу кезеңінен тайдырған «Тобыл» Еуропа лигасының конференциянда әлі де өнер көрсетіп жатыр. Кеше «Дерри Ситиді» өз алаңында 1:0 есебімен жеңді. Сырт алаңда қарымта кездесу 17 тамызға белгіленген. Солтүстік Ирландияның командасы да оңай шағылатын жаңғақ емес, оның үстіне «Тобылда» айтарлықтай ойын жоқ, сондықтан ертең олардың бірінші болып есеп ашуға тырысатыны анық.

Еуропаның лига конференциясында отандық тағы бір клуб бар еді, ол – «Ордабасы». Өз алаңында «Легияны» қабылдаған отандық клуб ойыншылары тең тарқасқан, тіпті сырт алаңда да тәжірибелі клубқа тойтарыс бере білді. Алайда бір гол айырмашылықпен іріктеу кезеңінің келесі ойындарына Польша клубы өтті. Бұл ретте «Ордабасыға» сәттілік серік болмады, негізінен олар әлі де осы лигада өнер көрсетіп жатқан «Тобылға» қарағанда керемет ойын өрнегін көрсетті. Бір жағынан төрешілердің қысымы да олардың бұл кезеңнен шығуына қолбайлау болды десек, артық айтқанымыз болмас. Қазір «Ордабасы» өз лигасында турнирлік кестеде көш бастап тұр.

«Ақтөбе». Бұл клуб жайлы айтылар әңгіме басқа, шыны керек, лигасында жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүрген бұл клубты өз басым жанкүйерлері арқылы танимын. Болмаса осыған дейінгі ойындарын көрген де емеспін.

Еуропа лигасының конферен­ция­сында іріктеу ойындарын «Торпедо Кутаисимен» бастады. Грузиялық клубты сырт алаңда «Ақтөбе» 1:4 есе­бімен тізе бүктірді. Қақпашысынан бірнеше рет айласын асырған клубқа алаң қожайындары тек жұбаныш голын соққан болатын. Өз алаңында «Ақтөбенің» қорғанысқа басымдық беретіні анық, себебі бір емес, үш гол айырмашылықпен алда тұр. Алайда алаң қожайындары қарымта кездесуде бірінші болып тағы да есеп ашты. Десе де оған грузиялық клуб екі голмен жауап қатты. Сөз жоқ, қонақтар жеңіске жетті. Бірақ бұл есеп олардың келесі кезеңге өтуіне көмектесе алмайды.

10 тамызда «Ақтөбе» Руминияға қонаққа барды. «Сфынту-георге» қа­ла­сында алаң қожайындарының жеңіске жететініне жанкүйерлерде кү­мән болмады. Міне, «Ақтөбенің» ойы­нын осы кездесуде көрдім, кәнігі еуропалық клубтар ойыншыларындай өнер көрсетті. Алаңда өздерін еркін ұстайды, қашықтан асырылған допты жақсы тосып алады, шабуылы да, соққысы да жойқын. Тіпті бірінші болып есеп ашқан да біздің отандық клуб болатын.

Алғашқы таймда қос команда тең тарқасты. «Ақтөбе» ойыншылары «Сеп­сиге» «болсаң қайтейін» деп тұрған сияқты. Ойынның 65 мину­тында қонақтар есеп ашқан, оған алаң қожайындары 89 минутта жауап қайыр­ды. Осылайша қос команда тең тарқасты.

17 тамызда қарымта кездесу Ақтөбенің орталық стадионында өтеді. Бұл ойын оңайға соқпасы анық. Бірақ алаң қожайындары сырт алаңдағыдай ойын өрнегін көрсетсе, келесі кезеңге өтетіні анық. Өз басым «Ақтөбенің» келесі кезеңге өтетініне сенемін.

Ал «Тобыл» Солтүстік Ирландия клубын еңсерер, алайда оның келесі кезеңде қарқынды күшейтпесе, жол­дан таятыны анық. «Астанаға» да мүм­кіндік мол. Қорғаныс керек, бірақ оларға да бір гол қажет, қорғанысқа содан кейін басымдық берсе де жеткілікті.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: