Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 16:44

Спортшылар құрмет төрінде

20.08.2023

428

0

Жалағашта спорт саласында серпін қалыптасуы заңдылық, иә, бұл сөзімізді біржақты пікір дерсіз, бірақ бүгінгі шарада сала ардагерлерінің сөзіне құлақ түрген мен осындай шешімге келдім. Ешқандай жалғандық жоқ, барды бар, жоқты жоқ деп таза сөйледі. Саланың дамуы жолында еткен еңбек, төккен тер, осы жолда көрген қиыншылықтар, бәрі-бәрі сала ардагерлерінің естеліктеріне арқау болды. Рас, қазір спорт саласын дамытамын, осы жолда тер төгемін деген азамат болса, барлық жағдай қарастырылған. Ал өткен шаққа көз жүгіртсек, осынша қиындықты еңсеріп, жас өрендерден чемпион шығарған аға буынға алғаусыз алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Міне, бізде спорт саласының дамуы заңдылық дегенім де осы еді. Бастысы, із бар, сол ізбен келе жатқан жастарымыз да жетерлік. Ал мұндай еңбек барда өңір спортында серпін қалыптасуы заңдылық.

Аудан әкімінің міндетін атқа­ру­шы Арнұр Нұрмағанбетов мереке қар­саңында жалағаштық спортшы­лар­дың басын қосты. Аудан әкімдігінде өткен мерекелік кездесуде барша спорт­шы­ларды төл мерекесімен құттықтаған Арнұр Әлібекұлы салада ел мерейін үстем етуге бағытталған жұмыстарына сәттілік тілеп, мемлекет тарапынан са­лаға қолдау басым екенін жасырмады.

– Қазақстан Республикасының Спорт күні мерекесімен шын жүректен құттық­таймын! 2003 жылдан бастап тамыз айының үшінші жексенбісінде атап өті­летін бұл мереке тек спортшылар мен жаттықтырушылар ғана емес, дене тәр­биесі мен спортты насихаттайтын барша қазақстандықтар үшін ерек­ше мереке. Халқымыз ежелден денсау­лық­тың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. «Спорт – денсаулық кепілі» қағидасын берік ұстанған мем­лекетіміз халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат бай­лығы. Олай болса, балалар мен жас­өспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекет алдындағы стратегиялық басым бағыт. Сол себепті Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жол­дауында бұқаралық спортты дамыту мә­селесіне басты назар аударған бо­латын. Президенттің осы тапсырмасы аясында әзірленген «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жө­ніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» бойынша ауданда да бір­шама жұмыстар атқарылды, – деді аудан әкімінің міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағанбетов.

Айта кетейік, бүгінгі таңда ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 13 500 адамға жетіп отыр. Бұл аудан халқының 38 пайызын құрайды.

Қазіргі таңда ауданда спорттың әр түрімен айналысатын 150 арнайы орын, спорт залдар мен алаңдар жұмыс іс­тейді. Балалар мен жасөспірімдерді, аудан тұрғындарын спортқа тарту ба­ғытында 178 спорт маманы еңбек ету­де. Аудандағы екі спорт мектебінде 1 592 бала өзі қалаған спорт түрімен айна­лысуда.

– Қай заманда да спорт бейбіт­шіліктің, туысқандық пен достықтың елшісі іспетті болған. Сонау Қажымұқан бабамыздан бастау алатын қазақ спорты бүгінде әлемдік деңгейге кө­терілді. Еліміз тәуелсіздік алғалы спорт­шы саңлақтарымыз қазақ хал­қы­ның намысын қорғап, жер бетінде қазақ деген халықтың бар екенін паш етіп, оның ұл-қыздарының теңдессіз күш-қуатын, қабілет-қарымын дүние­жүзіне мойындатып келеді. Аудан спорт­шылары да республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де мақ­танарлық нәтижелерге қол жеткізіп, аудан абыройын асқақтатуда. Осы жолда еткен еселі еңбектеріңіз бар, бү­гінгі мерекемен сіздерді тағы да құттықтай отырып, отбастарыңызға аман­дық, дендеріңізге саулық, жұмыс­та­рыңызға сәттілік тілеймін, – деді Арнұр Әлібекұлы.

Биыл І жартыжылдықта спортшы­ла­рымыз республикалық және халық­аралық жарыстарға қатысып, ел чем­пио­наттарында 7 алтын, 2 күміс, 1 қола медалға ие болса, облыстық жа­рыстарда 22 алтын, 13 күміс, 20 қола медал қоржынға салған. Алғашқы алты айда І разрядты спортшылар саны 9, спорт шеберлері 8, спорт шеберіне үміткерлер 27-ге жетті.

Мұндай жетістіктер өз алдына, ке­лелі кездесуде аудан әкімінің міндетін атқарушы саладағы тағы бір жағымды жаңалықпен бөлісті. Ол осы аптада Алтай бөктерінен жеткен ақжолтай хабарға қатысты екен. Қаракөз қарын­дасымыздың жеткен жетістігіне қуан­баған халық жоқ, бәріміз өре тұра өзі бұл жиында болмаса да қошемет көр­сеткеніміз сондықтан еді.

– Осы кездесуімізде жағымды жаңа­лықпен бөлісе кетсем, «Наркескен» спорт клубының «Тоғызқұмалақ» бө­лімінің жаттықтырушысы, Халық­ара­лық дәрежедегі спорт шебері Кен­же­­бекова Ақерке Батырбекқызы Мон­­­ғо­лияның Баян-Өлгей қаласында 9 елден 200-ден астам спортшы қа­тыс­қан тоғызқұмалақтан өткен VI Азия чемпионатында алтын жүлде иегері атанды. Жеңіс құтты болсын! Осын­дай толағай табыстарда жаттық­тыру­шы­лар­дың да маңдай тері мен табанды ең­бегінің қолтаңбасы жатқанын айта кеткім келеді, – деді Арнұр Нұрмағанбетов.

Мұнан кейін кезек марапаттау рә­сіміне де келіп жетті. Бірқатар спорт­шы облыс және аудан әкімдерінің алғыс хатымен марапатталса, сала арда­гер­леріне аудан әкімінің Құттықтауы табысталды. Мұнан кейін ардагерлер спорт саласында еткен еңбектері ха­қында естеліктер айтып, ізін басқан бү­гінгі буыннан ағалық ақылын аямады.

Олар біздің буынға қалай ақыл айтса да жарасады, шама-шарқынша салада еңбек етті, аудан спортын алға сүйреді, осы жолда тер төкті. Саналы ғұмырын спортқа сарп еттті, әлі де спорттан қол үзген емес, ауданда ардагерлер арасында мұндай сайыстарда қазыналы қарттарымыз төбе көрсетіп жатады. Осындай шаралардан тыс қалмауының өзі бізге үлгі. Арнұр Әлібекұлының сала ардагерлерінің еңбегіне ерекше тоқталуы да сондықтан.

– Ауданда салауатты өмір салтын халыққа насихаттап, спорттық жа­рыс­тарға белсене қатысып, жас ұрпаққа үлгі көрсетіп жүрген аға буын өкілдерімен біз мақтанамыз. Олай дейтінім, Садық Алиев ағамыз бастаған ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен жылда спорттық шаралар, балық аулаудан жарыстар, спартакиадалар өткізілуде. Осы маңызды шараларға ардагерлер де атсалысып келеді. Осы спорт саласының бүгінгі жеткен жетістіктерінде ерекше қолтаңбасы бар, жас ұрпаққа үлгі болып жүрген ардагер спортшыларымыз аман болсын, – деді ол.

Келелі жиында сала ардагерлері Сұлтан Бекжанов пен Қуандық Ахметов ағаларымыз сөз сөйлеп, бүгінгі құрмет үшін алғыс білдірді.

– Бұл тек аудан спортшыларына және ардагерлеріне ғана көрсетілген құр­мет емес, жалпы қазақ спортына көрсетілген құрмет деп білемін. Өзім осы салада ұзақ жылдар еңбек еттім. Әлі де спорттан қол үзбеймін. Осындай құрмет үшін алғыс білдіремін. Сондай-ақ ізімізді басып келе жатқан жастарға айтарым, тек спортқа адал болыңыздар. Спортқа адал маманнан, бапкерден ел мерейін үстем етер чемпиондар қалыптасады. Елдің мерейін байрақты бәсекелерде үстем ететін жастарды қалыптастыратын сіздерсіздер. Осы жолда жасап жатқан жұмыстарыңыз жемісті болсын, – деді сала ардагері, аудан спортында өзіндік қолтаңбасы бар Сұлан ағамыз.

Мұнан кейін Қуандық Ахметов ағамыз да көрсетілген құрметке алғыс білдіріп, бірқатар ұсынысын ортаға салды. Ол сала ардагерлеріне ауданның құрметті азаматы атағы берілсе дейді, сондай-ақ аудан спорты жайында және салаға серпін берген азаматтардың өнегелі өмір жолы хақында кітаптар жарыққа шықса деген тағы бір тілегін жасырмады. Арнұр Әлібекұлы бұл ұсыныстарды аудан әкімі Асқарбек Есжановтың қолдайтынын айтып, алдағы уақытта тиісті жобалар қолға алынатынын жеткізді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: