Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

16°C

, Жұма, 26 сәуiр, 08:08

Жалағаштықтар жылу маусымына сақадай сай

09.12.2022

268

0

Қылышын сүйретіп келген қыстың алғашқы айы желтоқсан елді әбігерге түсіріп жатыр. Елдегі жағдай оңалып келе жатқанмен, қыстың суық желі өн бойымызды қарытып, өкпек желдің екпіні әлі басылар емес. «Қыс шанаңды жаз сайла» деп қазақ бекер айтпаған.  Кейбір қиюы келмеген, олқы түскен тұстарымыз жабуға келмей, қысқа көрпеміз басқа жапса, аяқ ашық қалып жататын кездер кездесіп жатқанын теледидардан көріп «әттең-ай» деп жатқанымыз жасырын емес. Тірлігін күн жылт еткенде бастаған шаруақор жандар тап-тұйнақтай болып, бұл қиындықтан сырт қалып, сабырлы күй кешуде.

Иә, қалай десек те ерте қамданған ұтады. Ол бесенеден белгілі. Жалағаш ауданында бұл мәселе шешімін тапқан дейді сала басшылары. Десек те, қытымыр қыстың аязды күндері әлі алда екенін ескеріп аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автожолдары бөлімінің басшысы Ө. Елеусіновтен  аудандағы жылудың мән-жайын өз аузынан естігенді жөн көрдік.

Оның айтуынша Жалағаш ауданында жылытылатын барлығы 100 әлеуметтік, бюджеттік нысандар бар.       Әлеуметтік нысандардың саны – 80. Оның ішінде 30-ы сұйық отынмен, 39-ы қатты отынмен, 2-уі электр тоғымен жылытылса, №202 мектеп, жабық спорт бассейні, аудандық аурухана, аудандық емхана, жұқпалы аурулар бөлімшесі, «Ақмаржан» балабақшасы, №19 санаториялық балабақша, аудандық  мәдениет үйі, Мәдениет және өнерді дамыту орталығы газге қосылған. «Күн шуақ» балабақшасын табиғи газға көшіру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде екен.

Ең бастысы, бөлім басшысы  2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымына барлық әлеуметтік және басқа да нысандар қажетті сұйық отын, қатты отын қорымен қамтамасыз етілгендігін сеніммен айтты. Жер-жерде болып жатқан оқыс оқиғалар бәрімізді алаңдатып отырғаны шындық. Бұл жағдай табиғат қаһары. Ол тосыннан келіп, әлек-шелегіңді шығарады.  Сондықтан тас түйін болғанымыз жергілікті халықтың қауіпсіздігі үшін керек деп ойлаймыз. 

  • Аудан әкімінің 04.10.2022 жылғы №320 өкімімен 2022 жылдың 5 қазанынан бастап 2022-2023 жылдардағы жылу маусымының басталғандығы жарияланды. Қазіргі таңда барлық нысандарда қалыпты жағдайда жылу берілуде. Аудан тұрғындарына 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымына           11500 тонна қатты отын жеткізу жоспарланды. Бүгінгі күнге жеке кәсіпкерлермен темір жол арқылы 3920 тонна (56 вагон) қатты отын жеткізілді. Сонымен қатар, шаруа қожалықтардың күшімен ауылдық елді мекендер тұрғындарына қатты отын жеткізіліп берілсе, жеке автокөлік иелерімен қатты отын Шұбаркөл разрезінен жеткізіліп, сатылуда. Қазіргі таңда қоймада 70 тонна қатты отын қоры бар.

Сонымен қатар, 7 вагон (490 тонна) жолда келе жатыр. Оның ішінде  «Олжас-2005» ЖШС-не 3 вагон (210 тонна) Қарағанды станциясында тұр, «Әжібеков М.» ЖК-не 4 вагон (280 тонна) Қазалы станциясынан шықты. Үстіміздегі жылдың 13 желтоқсан күні жеткізіліп, сатылуы күтілуде, – дейді бөлім басшысы.

Басшының берген мәліметін сол қалпында беріп отырмыз.  Берілген мәлімет қатырма қағазда қалып қоймай, көпшіліктің назарына бұқаралық ақпарат құралы арқылы жедел жетсін деген біздің мақсатымыз. Көздерінде үміт сәулесі бар халықтың еңсесі көтеріліп, жылу маусымына дайындық шаралары жасалғанына көздері жетіп, сақтық қоры бар екенін көңілге қанағат етіп, сенімді болғаны жөн. 

Қазір ауданда  2484 тұрғын үй (78,5 пайызы)  орталықтандырылған газ желісіне қосылып, газ отынын пайдалануда.  Жалағаш кентіндегі тұрғын үй саны 3164-ді құраса, мұның өзі үлкен жетістік. Қалған тұрғын үйлер де көп ұзамай көгілдір отынға қосылмақ.

Иә, бәрін айт та бірін айт дегендей, жалағаштықтар жылу маусымына сақадай сай екендіктерін жеткізді. Көпшіліктің қазіргі тілегі қыс қаһарына ілікпей, мал-жанын аман сақтау. Бұл – күллі елдің тілегі. Ендеше мал-жан аман болғай!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: