Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Жұма, 26 сәуiр, 18:33

Жүзінші сайлаушы дауыс берді

20.11.2022

312

0

Аудан орталығындағы №201 мектеп-лицейінде орналасқан №131 сайлау учаскесінде де сайлаушылардың белсенділігі анық байқалады. Біз барғанда жүзінші сайлаушы таңдауын жасап, комиссия төрағасы Қайрат Жаппасбаев бағалы сыйлығын табыстап жатыр екен.

Кент тұрғыны Нұргүл Тасмағанбет таңғы сағат 6.30-да келіпті. Ол бүгінгі саяси науқанда жүзінші болып өз таңдауын жасады. Ал бірінші сайлаушының нешеде келгенін шамалай беріңіз. Міне, «Жалағаштықтар саяси науқанда белсенді» деген сөзімізге дәл осы сайлау учаскесіндегі жағдай дәлел болары анық.

Медицина саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман бұған дейінгі сайлаулардан да қалыс қалмапты. Ол осыған дейінгі саяси науқандарда сағат 6.30-да барып, бірінші болып дауыс бергенін айтады.

– Жалпы өзім сайлаудан қалмауды дағдыға айналдырғанмын. Бұған дейінгі сайлаулардың бірінен қалған емеспін. Себебі кез келген саяси науқанда әрбір сайлаушының дауысы маңызды деп білемін. Таңғы сағат 6.30-да осында келдім. Сөйте тұра 8.40-та өз таңдауымды жасап жатырмын. Адам көп, халық белсенді. Бұрын дәл осындай уақытта келіп, бірінші болып дауыс беріп, бағалы сыйлыққа ие болатын едім. Бүгін ерте келіп, жүзінші болып дауыс бердім. Бірақ сыйлықтан құр қалмадым. Халықтың саяси науқанда белсенділігін байқап, бір жағынан қуанып қалдым. Осылай болатын реті де. Себебі мемлекеттің болашағына қай-қайсымыз да бей-жай қарамауға тиіспіз, – дейді сайлаушы.

Айта кетейік, білім ошағы ғимаратында орналасқан №131 сайлау учаскесінде 1815 сайлаушы дауыс бере алады. Комиссия құрамында 7 адам бар. Мұнда да таңғы сағат 7.00-де саяси науқан Мемлекеттік Әнұранмен басталып, бірінші болып 81 жастағы ардагер Шәрікүл Қарақұлова өз таңдауын жасады. Қазір сағат – 9.00. Әлі де сайлаушылар белсенді.

Ерлан Созақбаев      

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: