Соңғы жылдары егін шаруашылығымен айналысатын өңірлерде аяқсу тапшылығы басты мәселеге айналды. Соның салдарынан кей жылдары өнім де аз болып, диқандардың көңілі көншімеді. Дегенмен бұл мәселені түбегейлі шешу қиын болса да, ғалымдар мен мамандар мұны ғылыммен ұштастырып, аяқсуды үнемдей алатынына сенімді. Бастысы, оң нәтиже бар ма? Тарқатайық…
Күріштің өнімділігі 8 центнерге артқан
Елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы жерлердің жалпы көлемі 1,9 млн гектарды құрайды. Олардың ішінде 1 млн гектар жер үстімен су жіберу тәсілі арқылы суарылады, 98 мың гектар күріш алқабын суландыру арқылы, ал 397,3 мың гектарында заманауи суару технологиялары қолданылған.
Аяқсуды үнемдеу аясында Үкімет суды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы егін алқаптарын әртараптандыру бағдарламасын іске асыруда. Осы орайда 2026 жылға дейін күріш алқаптарын 14,1 мың гектарға қысқарту жоспарлануда. Өткен жылмен салыстырғанда күріш алқабы 2,2 мың гектарға қысқарып, 98,1 мың гектарға дейін жеткен.
Өткен жылмен салыстырғанда күріштің өнімділігі 8 центнерге, қант қызылшасы 109 центнерге, картоп 51,5 центнерге және көкөністер 26,5 центнерге артқан. Сондай-ақ биыл су үнемдеу тәсілдерін қолданған суармалы жерлердің аумағы 85,1 мың гектарға ұлғайса, 57,6 мың гектар жер лазерлі құрылғымен тегістелген.
80 агродрон сатып алынады
Бұл мәселе бойынша Үкімет тарапынан да едәуір қолдау көп, тиісті бағдарламалар да әзірленген. Мәселен, әлемнің 100-ден астам елінде ауылшаруашылық дрондарын қолданудың халықаралық тәжірибесі жерүсті бүріккіш-техниканың орнына ұшқышсыз ұшатын аппараттарды пайдаланудың елеулі артықшылығын көрсетуде. Бүгінде дүниежүзінде агродрондардың көмегімен 500 млн гектардан астам егістік өңделген. Әлем бойынша шамамен 210 млн тонна суды үнемдеуге мүмкіндік туған.
Ауылшаруашылық дрондары жетуі қиын жерлерді өңдеп, зерттеуге мүмкіндік береді. Олар кез келген ауа райында тәулік бойы жұмыс істейді. Нақтырақ айтсақ, өздігінен жүретін бүріккіш гектарына 150 литр су жұмсайды, 5 мың гектарға шамамен 750 мың литр су қажет. Ал дронға дәл осындай аумақты өңдеу үшін 50 мың литр қажет, ол 15 есе аз.
Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы министрлігі қытайлық «Eavision» компаниясымен 80 агродрон әкелуге арналған меморандумға қол қойған. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында сатылатын болады. Бұдан басқа «Sunkar eavision International LLP» ЖШС бірлескен Қазақстан-Қытай кәсіпорны құрылды, ол «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі АЭА аумағында отандық дрондарды жинауды жүзеге асырады.
200 млн текше метр су үнемделген
Мол өнімнен бөлек Арал суын қайта қалпына келтіру үшін де аяқсуды үнемдеу маңызды. Осы мақсатта теңізді тең бөлісіп отырған қос мемлекет, яғни Қазақстан мен Өзбекстан өкілдері және басқа да мүдделі халықаралық және отандық ұйымдар атсалысуда. Нәтиже де бар.
Мәселен, аймақ шаруалары су үнемдеу технологияларын енгізудің нәтижесінде 200 млн текше метр су үнемдеген. Бұл су Арал теңізіне жіберілді. Нақтырақ айтсақ, биыл облыс диқандары 55 мың гектар күріш алқабында су үнемдеу технологияларын қолданған. Аймақтағы күріш алқаптарының жалпы ауданы 84 мың гектарды құрайды. Осылайша биыл суару маусымында теңізге 1 млрд текше метр су жіберілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп.
Жыл басынан бері Солтүстік Аралға шамамен 2 млрд текше метр су жіберілген. Бүгінгі таңда теңіздегі судың жалпы көлемі 22 миллиард текше метрге жетті. Соңғы 5 жылда алғаш рет Аралға су жіберу жоспары 100 пайызға орындалған.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, су дипломатиясы мен Орталық Азиядағы елдермен тығыз жұмыстан бөлек Арал теңізіне су жіберуге үнемді технологияларды енгізу де маңызды рөл атқарады. Оларды қолдану жүздеген млн текше метр су үнемдеуге және оны теңізге бағыттауға мүмкіндік береді. Ол үшін Үкімет шаруалардың су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсаған шығындарын субсидиялау көлемін 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтқан. Алдағы үш жылда су үнемдеу технологияларымен суармалы суды пайдаланатын шаруа қожалықтар үшін субсидия мөлшері 50 пайыздан 85 пайызға дейін ұлғаяды.
Жалпы биыл вегетация кезінде Арал теңізіне 977 млн текше метр су жіберілген. Бұл жоспарланған көлемнің 98 пайызын құрайды.
Айта кету керек, соңғы бірнеше жылда суару маусымында теңізге 350-400 млн текше метр көлемінде су жіберілген болатын. Министрлік жыл соңына дейін тағы 500 млн текше метр су жіберуді жоспарлап отыр. Аралдан бөлек биыл алғаш рет суару кезеңінде теңіз маңындағы Ақшатау-Сорғақ және Қамыстыбас көлдер жүйесіне 45 млн текше метрден астам су жіберілген. Бұл балық шаруашылығы мен туризмді дамытуда тиімді.
12,2 млрд теңге инвестиция салынған
Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен дер кезінде жүргізілген келіссөздер арқасында биыл аймақтағы егіс алқаптары сумен толық қамтамасыз етілген, су тапшылығы орын алмаған. Сонымен қатар «Кең дала-2» бағдарламасы диқан қауымы үшін қолайлы болды. Жалпы салаға соңғы 2 жылда 20,3 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Өткен 10 айда негізгі капиталға 12,2 млрд теңге инвестиция салынған.
Иә, аграрлық аймақ саналатын облыс үшін суармалы су мәселесі қашанда өзекті. Биыл 189 мың 449 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, агротехникалық талаптарға сай мерзімінде толық жиналған. Мұндай оң нәтижеге жетуде диқандардың өндірісте ылғал үнемдейтін технологияларды қарқынды қолдануының арқасында болса керек. Нақтырақ айтсақ, жаңа технологияларды пайдалану көлемі 4 400 гектарға жеткізілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есе артық. Сондай-ақ Сыр диқандары 55 мың гектар күріш егістігін лазермен тегістеген. Нәтижесінде өнімділік 30 пайызға артты.
«Rubicon» құрылғысы Жалағашта
Аймақ шаруалары бұл нәтижеге тоқмейілсімей басқа да тиімді жолдарды үнемі қарастыруда. Мәселен, шетелдік «Rubicon Water» компаниясы облыс әкімдігімен бірлесіп, австралиялық технологиямен суды үнемдейтін және есепке алатын кұралдарды шығаратын жаңа зауыт ашуды қолға алған. Жоба құны 10-15 млн доллар тұрады. Алдағы уақытта облыс диқандары сол зауыттың салынуына инвесторлармен бірлесіп, жұмыс жасайтын болады.Аталған жоба іске асса, Арал теңізінің және айналымнан шыққан инженерлік жүйедегі 60-70 мың гектар жердің мәселесі шешілмек.
Алайда жалағаштық жаңашыл «Ер-Әлі» шаруа қожалығы «Rubicon» құрылғысын тәжірибе ретінде екі жыл бұрын қолданысқа енгізген. Яғни алқап басына облыстағы бірінші автоматтандырылған тоспа қойылып, ысыраптан арылған. Жаңа құрылғы әр литр сайын өтетін судың мөлшерін есептеп, автономды түрде күн сәулесінен қуат алатын батареялармен жұмыс істейді. Сол арқылы шаруа қожалық алғашқы жылдары 19-20 мың текше метр су үнемдеген. Осындай жаңа технологиялардың нәтижесінде шаруашылық биыл 101 центнерден рекордтық өнім алған.
Аққырлықтар егін екті
Айта кетейік, биыл егінді сумен қамтамасыз ету үшін ауданға қажетті су көлемі 820 млн текше метрді құраған. Оның ішінде егінге 664 млн текше метр, экологиялық қажеттілікке 156 млн текше метр қажет болды. Вегетациялық кезеңде қажетті су көлемі ауыл шаруашылығы құрылымдарына уақытылы жеткізілген. Сондай-ақ «Ер-Әлі» шаруа қожалығы шалғайдағы Аққырды өндіріске қосып, ауыл халқына жұмыс берді. Енді аққырлықтар бұрынғыдай тек мал шаруашылығымен емес, егін де егеді. Нақтырақ айтсақ, биыл елді мекенде 123 гектар жерді өңдеп, 8 шақырым аумаққа электр тартып, күріш еккен болатын. Суды үнемдеудің тың тәсілі ретінде Мақпалкөл ауылының күріштігінен шыққан суды кәдеге жаратқан.
Тамшылатып суару – тиімді тәсіл
Тамшылатып суару және жаңбырлату әдістерін қолданғанда өнімділік 30 пайызға жоғары болады. Осы орайда елде су үнемдеу технологияларымен суармалы жерлерді кеңейту жұмысы қолға алынған. Биыл мұндай жер көлемі 462 мың гектарды құраса, 2026 жылға қарай 762,2 мың гектарға жеткізілмек. Осы мақсатта Үкімет қажетті мемлекеттік және қаржылық қолдау көрсетуде. Тағы да «Ер-Әлі» шаруа қожалығы 2 жылдан бері тамшылатып суару әдісі арқылы картоп және сәбіз егіп, мол өнімге кенелуде.
– Алғашында тәжірибе ретінде тамшылатып суару әдісімен 5 гектар сәбіз, 1 гектар қызылша және 24 гектар картоп өсіре бастадық. Өнімді күзде жинаймыз, ал қазан айында қызылша толықтай піседі. Өйткені бұл тамыр дақылдары шамамен 220 күн өседі. Жалпы бұрынғыдай жерге тұқымды шашып, суды жібере салатын заман кетті. Сондықтан шаруалар әрдайым ізденіс үстінде болуы керек. Бүгінде әртүрлі заманауи техникалар шығуда. Соларды зерттеп, практикалық тұрғыда пайдалану біз үшін маңызды. Сонда ғана өнім мол болмақ, – дейді еңбек адамы Әліби Бекжанов.
Иә, шаруашылық төрағасының айтуынша, фермада түрлі дақылдарға тәжірибелер жүргізілуде. Мұнан бөлек алғашқылардың бірі болып жергілікті селекциядағы күріш өсіріп, бірнеше гектар жерде алма бағын өсіру үшін тамшылатып суаруды қолданды. Суды үнемдеу технологиясының арқасында шаруа қожалық бірнеше жыл қатарынан алманың үлкен өнімін жинауда.
Түйін. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында аяқсуды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керегін атап өтті. «Бұл – ең алдымен ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет» деді. Мақтанарлық жәйт, Премьер-министр Олжас Бектенов қызылордалықтардың осы мақсаттағы тәжірибесін басқа өңірлерге үлгі етті. Иә, біздікі елеулі еңбекті көзіқарақты оқырманға жеткізіп, басқа да шаруашылықтарға үлгі ету.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!