Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 00:02

Қауіпсіздік қаперде болсын

16.11.2024

46

0

Елімізде екі күннің бірінде өрт. Әсіресе жер үйлердің отқа орануы жиі орын алуда. Салдарынан адам өміріне қауіп төніп, тіпті бір отбасының балалары ажал құшып жатыр. Әрине, мұндай жағдайда қоғамның кінәліні іздейтіні бар. «Жауапты мамандар не қарап отыр?» деген заңды сұрақ та туындайды. Алайда Үкімет басшысы жауаптыларды кінәләп отыр. Өйткені олар тілсіз жаудың алдын алуға қатысты шараларды тиісті деңгейде орындамаған. Ал төтенше жағдайлар министрлігі қызыл жалынмен күреске техниканы көптеп алып, деполар санын арттырмақ. Әрине, оған да қыруар қаржы жұмсалады. Мәселенің түйінін тарқатайық….

1 айда 650 өрт тіркелген

ТЖМ мәліметінше, биыл қазан айы­ның басынан бері тұрғын үй секторында орын алған 650-ден астам өрт тіркелген. Негізгі себептердің бірі – жылу жүйелері мен электр құрылғыларын пайдалану ережелерінің бұзылуы. Нақтырақ тоқ­талсақ, Қостанай, Қызылорда және Абай облыстарында өрт көбейген.

Жылу маусымында өрт қауіп­сіз­дігі үнемі күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі. Сон­дықтан ешқандай оқыс оқиғаларды болдырмай, оның алдын алу бағытында нақты жұмыстар атқарылу қажет. Жылу маусымы басталғандықтан төтенше жағ­дайларға жедел ден қою мен ми­нистрлік бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігі күшейтілуде. Ақмола облысында пилоттық жобада өрт сөндірушілерден, дәрігерлер мен құтқарушылардан тұ­ра­тын әмбебап бөлімше құрылған. Бұл зардап шеккендерді жедел түрде ке­шенді құтқару мен оларға алғашқы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

728 арнайы автотехника сатып алынған

Өрт сөндіру бөлімшелерін салу тәсілі де қайта қаралуда. Нақтырақ айтқанда, тамыз айынан бастап Астанада 3,5 айда жылдам тұрғызылатын кон­струкциялардан салынған өрт сөн­діру депосы жұмыс істейді. Барлық өңірде құрылыстың осындай тәсілі енгі­зіледі.

Жалпы елімізге 121 өрт сөндіру депосы қажет. Мұнан бөлек мате­риалдық-техникалық қамтамасыз ету­ді нығайту шеңберінде алғаш рет биік ғимараттарды сөндіруге арналған 2 өртке қарсы дрон сатып алынады. Нақтырақ айтсақ, биыл республикалық және жергілікті бюджеттен, лизинг арқылы 728 арнайы автотехника мен 18 мыңнан астам құрал-жабдық сатып алынған.

Сондай-ақ министрлік оқыту мен жаттығулар арқылы халықты ТЖ ке­зінде дұрыс әрекет етуге үйретуді қолға алған. Мысалы, тұрғындарды іс жүзінде эвакуациялай отырып, көпқабатты үйлерде шартты түрде өрт болған жат­тығулар өткізеді. Биыл республика бойынша 250-ден астам осын­дай оқу-жаттығу өткізілген.

348 мың газбаллон жарамсыз

Аталған фактілерді ескере оты­рып, әлеуметтік осал санат – көпба­лалы отбасылар, мүгедектігі бар адам­­дар, жалғызбасты қарттар ТЖ ми­­нистрлігінің ерекше бақылауында. Бү­­гінде есепте 100 мыңнан астам үй бар. Олардың барлығына әкімдіктермен және еріктілермен бірлесіп атаулы көмек көр­сетіледі. Өрт датчиктерін орнату және мүмкіндігінше жылыту жүйелерін жөндеу және түтін мұржаларын тазалау жұмыстары бар. 2021 жылдан бастап барлығы 107 мыңнан астам датчик орнатылған, олар адамды алғашқы сатыларда улы газдың қауіптілігі ту­ралы ескертуге мүмкіндік береді. Өрт датчиктерінің іске қосылған 55 жағдайы тіркеліп, соның арқасында 248 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туған.

Келесі себеп – жарылыстарға әкелуі мүмкін тұрмыстық газды дұрыс пай­даланбау. Халық заңды бұзып, ав­то­жанармай құю станцияларында газ бал­лондарын толтырады, бірақ олар­дың басым бөлігі пайдалануға жа­рам­сыз. ТЖМ есебі бойынша бүгінде 348 мың газбаллон ауыстыруды талап етеді.

1 айда 4 адам газдан уланып, көз жұмған

Жаман айтпай, жақсы жоқ. Елде орын алған бірқатар жайсыз оқиғалардан жұрт әлеуметтік желі арқылы хабардар. Десе де бұл жайттарды жылы жауып қоя салсақ, кейін тағы да қайталанбауына кім кепіл?. Сондықтан әрбір азамат қауіпсіздікті жадынан шығармауы керек.

Жамбыл облысы Қызылшарық ауы­лындағы жеке тұрғын үйде табиғи газбен жанатын пеш өшіп қалып, 3 адам уланған. Өкініштісі, 61 жастағы үй иесі мен оның 36 жастағы ұлы оқиға орнында көз жұмған. Ал 17 жастағы немересі ауыр халде ауруханаға жатқызылған.

Сондай-ақ 17 қазанда Тұрар Рыс­құлов ауданы Жарылсу ауылында да бір отбасы иіс тиіп, салдарынан үй ие­лері мен екі баласы қайтыс болған. Ма­мандардың мәліметі бойынша, шәй­нек қайнағанда газ плитасы ашық қалған.

Мұнан бөлек Шымкенттегі пәтер­лердің бірінде көмірқышқыл газынан улан­ған отбасы мерт бола жаздаған. Жауапты мамандардың мәліметінше, оларды кездейсоқ өтіп бара жатқан пәтер иесі құтқарып қалған. Екі баласы бар ерлі-зайыптылар пәтер жалдап тұрған. Пәтер иесі отбасының жағдайын білу үшін үйге кірмекші болған. Алайда есікті қаққанда ешкім ашпай қойған. Сол кезде ол пәтерді өз кілтімен ашқан. Үйге кіргенде ол ес-түссіз жатқан екі баланы және анасын байқаған. Оқиға орнында слесарь болған.

– Дүрбелең басталды. Осы кезде қызметкер Ермахан пәтерге кірді. Ол бәрін тыныштандырды, біз терезелерді аша бастадық. Ол бірден өзінің барлық «өлшегіштерін» алып, тексере бастады, газды жауып тастады. Улану бар екенін айтты, – дейді пәтер иесі Бағдат.

4 млн 497 мың теңге шығын келген

Аудандық төтенше жағдайлар бөлі­мінің мәліметінше, жыл басынан бері ауданда 15 өрт оқиғасы тіркелген. Ал былтыр дәл осындай уақытта 41 өрт оқиғасы болған. Өрт оқиғалары уа­қы­тылы ауыздықталғанымен салда­рынан 1 адам қаза тауып, 1 адам жарақат алған. 15 өрттің 1-еуі ны­санда, 2-еуі автөлікте, 9-ы тұрғын үй сек­торында орын алса, 3-еуі – орман өрті.

Өрттен келген шығындарды талда­сақ, биыл 9 айдағы шығын 4 млн 497 мың теңгені құраған. Ал былтыр 18 млн 211 мың 900 теңге шығын кел­ген. Сондай-ақ тұрғын үйлердегі өрт және көмірқышқыл газынан улану жағ­дай­ларының алдын алу мақсатында аудан әкімдігіне ұсыныс беріліп, 160 көмірқышқыл газын анықтайтын дат­чик алынып, 116 әлеуметтік тұрмысы төмен отбасына орнатылған. Мұ­нан бөлек ауданда 704, кентте 163 өрт гид­ранты орналасқан. Барлығы жа­рамды және сала мамандарының то­лық бақылауында.

Өртке қарсы әкімшілік шаралар 72 пайызға артқан

Өрт қауіпсіздігі саласындағы профи­лактикалық бақылау мен қадағалау ті­зімінің негізінде Жалағаш ауданының білім бөліміне қарасты 11 мектеп, Жалағаш орман және жануарлар дү­ние­сін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме, Жалағаш ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдалану жөніндегі өндірістік учаскесі ғимаратына өрт техникалық тексеру жұмыстары жүргізіліп, анықталған 160 кемшілікті жою туралы ұйғарым берілген.

Аудан прокурорының қаулысымен 20 орта мектепке өрт қауіпсіздігі бойынша тексеру жүр­гізіліп, анықталған кем­ші­ліктерге сәй­кес ҚР ӘҚБтК-нің 410 ба­бының 1 бөлімімен 20 лауазымды тұл­ғаға ескерту шарасы көрілді. Сондай-ақ мектеп асханаларының кәсіпкерлеріне ҚР ӘҚБтК-нің 410 бабының 2 бөлігіне сәйкес 73 840 теңге айыппұл салынып, уақытылы өндірілген. 11 жеке балабақша мен №203 орта мектеп ғимаратында орналасқан «Береке» шағын орталығы, Жалағаш индустриалды-аграрлық кол­леджі ғимаратына тексеру жүргізіліп, 11 балабақша мен 1 шағын орталыққа заңды тұлға ретінде ҚР ӘҚБтК-нің 410 бабының 1 бөлігіне сәйкес, әкім­шілік ескерту түрінде шара, 1 колледж бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 359 бабының 1 бөлігіне сәйкес, 36 920 теңге айып­пұл салынған. Өткен жылмен са­лыс­тырғанда өрт бойынша көрілген әкім­шілік шаралар 72 пайызға көбейген.

9 141 тұрғынға түсіндірме жұмыстары жүргізілген

Биыл Ақсу және М.Шәменов елді мекендері газға қосылмақ. Осы ретте тұрғындарға газ және электр жабдық­тарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары мен ережелері туралы ақ­параттық-насихаттық жұмыстарын кү­шейту маңызды. Қызылорда облысы тө­тенше жағдайлар департаменті бас­тығының бұйрығына сәйкес, адам­дардың қаза болуын және жарақат алу қауіп-қатерін азайту мақсатында аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық №11 өрт сөндіру бөлімі, ау­дандық полиция қызметкерлері, ерік­тілер және жергілікті атқарушы орган­дармен бірлесіп, халық арасында тұр­мыстағы электр және жылыту қон­дыр­ғыларын, жылыту пештерін қол­дану, балаларды қараусыз қалдырмау, пеш мұржаларын тазарту жөнінде үнпарақтар таратып, үгіттеу-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жыл басынан бері орман шаруашылығы ау­мағындағы өрттердің алдын алу және шұғыл ден қою мақсатында 3 рет өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілген. Жылу беру маусымы қарсаңында үгіт-насихат жұмыстары кезінде 9 141 тұр­ғынға түсіндірме жұмыстары жүр­гізіліп, 2500 жадынама таратылған.

Аудандық «Жалағаш жаршысы» га­зетіне 58, атап айтқанда, өрт қауіп­сіздігі бойынша 27, мұздағы қауіпсіздік 12, суға шомылу маусымы бойынша 19 мақала жарияланған. Облыстық ТЖД-ның әлеуметтік желісіне және ау­данның «Facebook», «Instagram» па­рақ­шаларында 303 мақала жарық көр­ген. Сонымен қатар өрттің алдын алу мақсатында күнделікті күндізгі және түнгі рейд жұмыстарының нәтижесінде орман алқаптарында ашық от көзін пайдаланған 1 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 367 бабына сәйкес әкімшілік құ­қық бұ­зушылық туралы хаттама толты­ры­лып, 18 460 теңге айыппұл салынған.

1 күнде 7 дабыл түскен

– Былтыр сәуір айында бір күнде 7 дабыл түсті. Күн салқын, дала жел. Абай көшесінің бойында қатарлас орналасқан 5 тұрғын үйдің бір мезетте бірінің қорасы, екіншісінің сарайы өртенді. Бұл өртті ауыздықтап жатқанда Ақсу ауылы мен Мәдениет ауылынан «қора өртеніп жатыр» деген хабар келді. Дереу Ақсу ауылына бір өрт көлігін жібердік. Ал Мәдениет ауылындағы өртті ауылдағы ерікті жастардың көмегімен өшірдік. Мен бүгінде қарауыл бастығы болып қызмет етемін. Әр қарауыл бастығының өзіне жүктелген маңызды міндеттері бар. Жалпы қарауыл бастығы ғима­раттардың орналасуын, олардың өрт қауіпсіздігін, қолданыстағы техниканың сипаттамалары мен мүмкіндіктерін жатқа білуі керек. Сондай-ақ бөлімше қызметкерлерінің артылған міндеттерді тиянақты орындауын, оқуын, мо­раль­дық және психологиялық жай-күйін қатаң бақылайды. Мұнан бөлек өрт-техникалық құрал-жабдықты дұрыс пай­далану мен ұқыпты қа­рауға, олардың тәртіппен, ұқыппен пай­дала­нуына да жауап береді, – дейді аудандық №11 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Қаныш Серікұлы.

Аудандық бөлімшеде қызметкерлер 4 ауысым бойынша жұмыс жасайды. Әр ауысымда 8 қызметкер бар. Қа­рауыл бастығынан бөлек 1 бөлімше ко­мандирі, 3 өрт сөндіруші-құтқарушы, 2 өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі, 1 радиотелефонист қызмет етеді. Өрт сөндіру бөлімінің әдеттегі жұмысы 08:30-дан 08:45-ке дейін кезекшілікке түсетін қарауылға нұсқаулық, ауыстырылатын қарауылдың тәуліктік кезекшілігін қо­рытындылауынан басталады. Осы он бес минуттың ішінде жаңа ауысым өрт сөндіру техникасын, авариялық-құтқару жабдықтарын қабылдайды. Содан кейін кезекшілікке түсетін қызметкерлердің денсаулығы тексеріледі. Яғни бұл ке­зеңде мамандардың физиологиялық, психологиялық тұрғыда жұмысқа да­йын­дығына мән беріледі. Содан кейін күнделікті белгіленген кестеге сәйкес өрт сөндіру, құтқару дайындығы, дә­рігерлікті ұйымдастыру сынды сабақтар өтеді. Бір сөзбен айтқанда, жалағаштық өрт сөндірушілер тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сақадай сай.

Түйін: Қорыта айтқанда, тек жа­уапты мамандар ғана емес, әрбір аза­мат сақтық шараларын күшейтіп, өрт, иістен улану оқиғаларының алдын алу жұмыстарын қатаң сақтағаны жөн. Әйтпесе айдың-күннің аманында «әттеген-ай!» деп қапы қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан тиісті органдар мен қарапайым тұрғындар арасында тығыз байланыс орнату маңызды бола бермек. Бастысы, қауіпсіздік қаперде болсын.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: