Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

31°C

, Сенбі, 20 сәуiр, 16:58

Қос туынды қалың оқырманға жол тартты

09.02.2021

718

0

Өткен жұмада облыс орталығындағы Ә.Тәжібаев атындағы кітапханада жерлесіміз, руханият жанашыры, облыстық мәслихаттың депутаты Жанкелді Ысқақтың құрастыруымен жарық көрген қос туынды қалың оқырманға жол тартты. Белгілі ақын, қарымды қаламгер Адырбек Сопыбековтың өлеңдері мен басқа да құнды еңбектері жарық көрген және жаңақорғандық ауған соғысы ардагерлерінің қан майдандағы ерлігі суреттелген кітаптардың тұсаукесер рәсімінде облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов бұл еңбектердің жас ұрпаққа отаншылдықты, патриоттықты дәріптеуде маңызды рөл атқаратынын жеткізді. сондай-ақ автор Жанкелді Ысқақ жасап жатқан бұл игі шарасы мемлекет дамуы жолында қажырлы еңбек етер жастарды қалыптастыруға пайдасы тисе, қуанатынын жасырмады.

– Кітаптың адам өміріндегі маңызы жоғары екенін бәріміз жақсы білеміз. “Егер бір адам кітап оқымаса, ол – оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, ол – тұтас ұлттың қасіреті” деген ұлылардан қалған сөз бар. Кітаптың бір қасиеті онда жазылған мәлімет әлгі туындының соңғы данасы, соңғы беті, соңғы сөзі жойылғанша халыққа қызмет етеді. Бүгін міне, ақын аманаты және жауынгерлік рух тақырыбында ақын, өлкетанушы Адырбек Сопыбековтың шығармашылығының және Жаңақорған ауданынан ауған соғысына қатысқан жауынгерлер жайында жазылған кітаптардың тұсаукесер рәсіміне қатысып отырмыз. Облыстық мәслихат депутаты Жанкелді Ысқақтың құрастыруымен және Абибулла Шердің редакторлығымен жарық көрген кітап бүгін қалың оқырманға жол тартты. Жалпы Адырбек ағамыздың саналы ғұмырында елге қалтқысыз қызмет еткенін сіздер жақсы білесіздер. Мұндай шаралар өткенді ұлықтау үшін аса маңызды деп білеміз. Балалар әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ағамыз алғаш өлеңін 3 сынып оқушысы кезінде жазған екен. Ол өз сөзінде “Балалардың көңілінен шығатын тақырыпта қалам тербеу үшін үлкендерше ойланып, балаларша жазу керек, сонда ғана балалар аудиториясына өтімді болады” деп айтып кеткен еді. Ақынның қаламынан туған “Көзілдірік”, “Айға сапар”, “Кім қалай ұйқтайды?”, “Көктем жыры”, “Базарлық”, “Айналайын”, “Күншуақ” секілді балаларға арналған туындылары қаламдастары мен сыншылар тарапынан жоғары бағаланды. Бүгінгі шарадан алар тағылым мол, себебі осындай қазынадан сусындаған жастар отаншыл, патриот әрі бәсекеге қабілетті болып қалыптасары сөзсіз, – деді облыстық мәслихат хатшысы Н.Сейтқалиұлы.

Шараға қатысқан аймақтың басқа да абыз ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері Адырбек Сопыбековтың балалар әдебиетіндегі еңбек жолынан естеліктер айтып, қазыналы кітапты құрастырушы әрі автор жалағаштық Жанкелді Ысқаққа алғысын білдірді. Сондай-ақ олар “Борыш” деп аталатын екінші кітаптың да әскерден жалтарып жүрген кейбір жастардың бойкүйездіктен арылуына үлкен себеп болатынын жасырмады. Бір сөзбен айтқанда, руханият жанашырының құрастыруымен қалың оқырманға жол тартқан қос туынды да жастарға патриоттықты, отаншылдықты дәріптеуде маңызды рөл атқарады.

Айта кетейік, қарымды қаламгердің шығар­машалығына арналған жаңа туындының алғашқы бөлімінде балаларға арналған өлеңдер топтамасы жинақталған. Сондай-ақ бұл бөлімде автордың “Шопан қысы”, “Айға сапар”, “Қырдағы айқас”, “Түнгі күзет”, “Жүрекжұтқан” атты поэмалары да еніп отыр. Ал “Бір қыры ақындықтың айтыс деген” атты келесі бөлімде ақын Әптай Мыр­за­новтың айтысы мен Жаңақорғанның халық театры әртістерінің арасында есте қалған әңгімелері жарық көрген. Үшінші бөлімде ақынның Жаңақорған өңірі жайлы зерттеу еңбектері мен түрлі тақырыпта жазған өлеңдері топтастырылған. Бұл бөлімде әсіресе киелі Жаңақорған өңірінің тарихы мен аңыз-әпсаналарына басымдық берілген. Ал “Жақсының аты өлмейді” деп аталатын төртінші бөлімде мемлекет дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған қайраткерлердің ақын Адырбек Сопыбеков хақындағы пайымды пікірлері мен естеліктер топтастырылған. Сондай-ақ келесі қос бөлімде мемлекет дамуы жолында, оның ішінде жас ұрпақты жақсылыққа дәріптеуде сарқылмас қазына қалдырған ағамыздың жеткен жетістіктері мен естелік суреттері қамтылған. Бір сөбен айтқанда, бұл бөлімдер келешегінен мол үміт күттірер жастар үшін тарих болып қалары анық. Ал соңғы қорытынды бөлім ақынның өмірбаянына арналған.

Жерлесіміздің бастамасымен жарық көрген “Борыш” деп аталатын екінші кітаптың да жастарға берер тағылымы мол. Әсіресе кей өңірлерде әскерден жалтарып жүрген жастар бой көрсетіп жатқан бұл қоғамда патриоттықты, отансүйгіштікті дәріптейтін мұндай еңбектер қатары арту керек деп есептейміз. Мұнда жаңақорғандық ауған соғысы ардагерлерінің қан майдандағы ерлігі мен өмір жолы қамтылған. Әрқайсысы 1000 данамен жарық көрген қос туындыдан жастардың алар тағылымы мол.

К.ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: