Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Сәрсенбі, 09 қазан, 12:34

Көшекбай атындағы көше

20.04.2024

379

0

Кеше Мәдениет ауылдық округінде Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Көшекбай Ерәліұлы атындағы көшенің ашылу рәсімі өтті. Шарада Көшекбай Ерәліұлының көзін көрген Мәдениет ауылының еңбек ардагері Жылқыбай Әнуарбекұлы, соғыс ардагерінің қызы Роза Көшекбайқызы майдангер ұстаздың ел үшін еткен еңбек жолына тоқталып, өнегелі істерін еске алып, ардақ тұтар азаматтарымыздың есімі мәңгі ұмытылмайтынын жеткізді.

Көшекбай Ерәліұлы – соғыс және еңбек ардагері, май­дангер ұстаз. 1906 жылы Қаракөл-Қостам болыс­тығында (қазіргі Жалағаш ауданы, Аққыр ауылы аймағы) дүниеге келген. 1988 жылы 20 қаңтарда дүниеден өтті. Ауыл мол­дасынан білім алып, кейін Бұхарадағы «Көкілташ» мед­ресесін бітірген. 1927-1928 жылдары Дәулетназар ахунның мешітінде ашылған алғашқы кеңестік мектепте бала оқытты.
Ол 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысты. Майданнан оралғасын 1966 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін оқу-ағарту саласында жемісті еңбек етті. Қа­тардағы мұғалімнен, мектепте оқу ісінің меңгерушісі, мек­теп директоры қызметтерін атқарды. ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен, «Қазақ КСР ха­лық ағарту ісінің үздік қызметкері», «Қазақ КСР-ның озат оқытушысы» төсбелгісімен марапатталған, төрт мәрте Сталиннің алғыс хатын алған.
Майданда елді жаудан қорғап, бейбіт күнде ел үшін еңбек етіп, бақытын еңбектен тапқан, ұрпақ өсіріп, мәуелі бәйтерекке айналған Көшекбай әкеміздің есімін елі ұмытқан жоқ. Бүгінгі Мәдениет ауылындағы игі іс осы сө­зі­мізге дәлел болмақ. Аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлей­менов өз дәуірінің тарихын жасап кеткен нар тұлғалы азаматтың, соғыс ардагерінің ерлік ісі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екенін жеткізді.


Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: