Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 01:58

Тіл – тарихтың айнасы

20.11.2023

5601

0

«Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сар даласы кең, тілі де бай» деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, әр тілдің өзіндік ерекшелігі болады. Кез келген халық үшін тіл маңызды құндылық, баға жетпес байлық.

«Адамға екі нәрсе тірек тегі, Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі», – деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай кез келген мемлекеттің, елдің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де сол елдің ана тілі болмақ. Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақ тілі – әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі. Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан – ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра. Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары өмір ағысымен тозып, мәнін жоғалтса да, тіл тозбайтын ең қымбат қазына.

Тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынастың аса маңызды құралы ғана емес, ойлаудың, дүниетанымның, рухани мәдениетті жасаудың ұлттық ұжымдық тәрбиесін жинақтаудың, сақтаудың құралы. Жас ұрпақты тәрбиелеу, оларға ғылым мен білімді үйрету тіл арқылы жүзеге асады. Мемлекеттік тілді оқыта отырып, жастардың бойына елдік сана сіңіріліп, мемлекеттік рәміз, ұлттық діл, ұлттық болмыс туралы ақпараттар толық берілетіні сөзсіз.

Тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы болғандықтан, әр азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай қарап, оның орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті. Мәңгілік еліміздің – тілі мәңгі жасауы үшін, ана тілімізді қастерлеп, мерейін өсіріп, мәртебесін сақтау баршамыздың басты міндетіміз.

Тәрбие – жан-жақты ұғым десек, сол тәрбиенің бастауы тілдің шұрайлысын баланың бойына халқымыздың сөз асылы – ауыз әдебиетінің бай үлгілерін: ертегі, мақал-мәтел, шешендік сөздерді дарыту арқылы сіңіре аламыз. Бұл тәрбие бала бесікте жатқанда айтылатын «Бесік жырынан» бастау алып, одан тәрбиеші, ұстаздар берген тәрбиемен, біліммен ұштастырып, балаға рухани құндылықты тереңірек сіңіретін мағыналы да мазмұнды тілдік іс-шараларды жиі өткізуді назардан тыс қалдырмаған жөн.

Абай әрлеген тіл де, Жамбыл жырлаған тіл де – қазақ тілі. Тарихы тереңде жатқан қазақ тілінің туын биікке көтеріп, мәртебесін асқақтату білімді жастың қолында.

Р.Аккасинов

Жалағаш аудандық сотының бас маманы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: