Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-4°C

, Жексенбі, 02 ақпан, 07:55

Жарқын жобалар – ел игілігіне

01.02.2025

77

0

Алашқа ана болған Сыр елінің қақ төрінен қоныс тепкен Жалағаш өлкесінің қатпарында қазына, қойнауында мәңгілік мұра сақталып, жыл басында жаңа белеске қадам басты. Қасиетті жұма күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жалағашқа жұмыс сапарымен келді. Ең алдымен аймақ басшысы Қаракеткен ауылына қарай атбасын бұрды. Мұндағы мақсат – ауыл тұрғындарының саулығы үшін салынған жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысу.

Ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашы­луымен құттықтаған аймақ бас­шы­сы денсаулық сақтау саласын­дағы ке­лелі істерге тоқталды.
– Мемлекет басшысының төрағалы­ғымен өткен Үкіметтің кеңейтілген оты­­рысында өңірдің әлеуметтік-экономи­ка­­лық даму қорытындыларын баян­­­да­­дым. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы облыста атқарылған жұ­мыс­тарға оң бағасын берді. Алды­мызда әлі жүзеге асыратын жобала­рымыз көп. Осы бағытта жұмысымызды жалғастыратын боламыз. Аймақтың денсаулық сақтау саласының бюд­жеті 129 млрд 448 млн теңгеге жетті. «Ауылда денсаулық сақтауды жаң­ғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медициналық нысан са­лынды. Жалағаш ауданының Есет ба­тыр, Мырзабай ахун ауылдарындағы екі дәрігерлік амбулатория 2023 жылы ашылып, қазір ел игілігіне қызмет етуде. Бүгін ел игілігіне табысталатын жаңа ғимаратта бастапқы медициналық көмек көрсету сапасын жақсарта түсуге жол ашылсын! Дәрігерлеріміз елге адал қызмет етіп, халық алғысына бөлене берсін! Егемен еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміз баянды болғай!, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.


Жиында медицина саласының арда­гері, Қызылорда облысының Құр­метті азаматы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Тұрғанбай Маханов батасын берді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында қа­жырлы еңбек еткен ардагерлер мен аурухананы салған құрылысшыларға марапаттар тапсырылды.
Айта кетейік, былтыр жылына 10 мың адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар жаңа «Қан орталығы», ана мен бала өмірін қорғау мақсатында көпбейінді облыстық аурухана база­сында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Мұнан бөлек 57 жас маман өңірге жұмысқа орналасып, олардың 40 пайызы елді мекендерге жолданды. 10 реаниматолог және 5 кардиолог маман Түркия еліндегі жетекші ме­ди­циналық ұйым – «Мемориал» кли­никасында білім жетілдірді. Ау­данның денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Жаңа аурухана, жаңа емхана аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға оң ықпал етуде. Соңғы 2 жылда облыстың бар­лық елді мекеніндегі денсаулық сақтау мекемелеріне 245 жаңа санитарлық автокөлік табысталса, оның 11-і Жала­ғаш ауданына берілді. Ал кеше ғана ел игілігіне пайдалануға берілген Қара­кеткен ауылындағы типтік жобадағы жаңа дәрігерлік амбула­торияның жал­пы құны 388,7 млн теңгені құрайды.
Айта кетейік, амбулатория құрылы­сын «Бақ-Береке 2030» салды. Ғимарат ішінде тіркеу орны, аптекалық бекет, қабылдау, оқшаулау, физотерапиялық емдеу, егу бөлмелері, лаборатория, архив, күндізгі емдеу станционары, жал­пы тәжірибелік дәрігердің кабинеті мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қо­лайлы жағдай жасалған.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мәдениет пен өнер – ел өмі­рін­дегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті» деген болатын. Мұнан кейін аймақ басшысы тұғырлы өлке Жалағаш төрінде бой көтерген руханият орта­лығына аялдады. Мерекелік шара үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовтың арнауымен ашылды. Ай­мақ басшысы жұртшылықты жаңа ны­санның ашылуымен құттықтады.
– Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәде­ние­тімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет» – деген болатын. 2024 жыл өңірімізде «Руханият жылы» деп жарияланып, атаулы жылда мәдени-көпшілік шаралармен қатар, ауқымды жобалар жүзеге асты. «Руханият жылы» Сыр өңірі үшін жемісті жыл болды. Барлық 7 ауданда құны 11 млрд 500 млн теңге, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жас­тар, ардагерлер мен аналар үйі бар «Ру­ха­ният орталықтары» салынып, пай­далануға берілуде. Мақсатымыз әр­түрлі бағытта қызмет көрсететін меке­мелерді бір орталыққа біріктіру арқылы бюджет қаражатын тиімді басқару, әкімшілік шығындарды азайту болды. Ең бастысы бұл орталықтарда ұлттық құндылықтар мен салт-дәс­түріміз кеңінен насихатталып, өскелең ұрпақтың өзі туып-өскен өңір тарихы, ұлттың бай қазынасы туралы танымы қалыптасады. Барша жерлестерді «Ру­ханият орталығының» ашылуымен тағы да құттықтаймын! Жаңа нысан еліміздің рухани қазынасын толық­тырып, жұрт­шылыққа қуаныш сыйласын. Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, Тәуелсіз еліміздің абыройы әрқашан асқақ болсын!» – деді Н.Нәлібаев.
Сонымен қатар, ауданның өсіп-өр­кен­деуі жолында еңбек еткен ар­да­­герлер мен орталықты салған құрылыс­шылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Жаңа ғимараттың ты­нысымен танысқан аймақ басшысы аудан ардагерлерімен жастарымен кез­десіп, шаңырақ көтеріп заңды неке­лерін қидырып жатқан жастардың да қуанышын бөлісті.
Тұрғындар мәселесі
ескерусіз қалмайды

Облыс әкімі мұнан кейін жұмыс сапары асяында аудан халқымен кез­десіп, құқық қорғау органдары басшы­ларымен бірге тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қа­былдауға барлығы 60-тан астам аза­мат келіп, өтініш-тілектерін жеткізді. Тұрғындар баспанаға мұқтаждық, денсаулық, білім салаларына қатысты, жұмысқа орналасу бойынша мәселелер көтерді. Аймақ басшысы қабылдауға келген кісілердің мәселесі бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Әрбір сауалдың туындау себеп-салдарын мамандар жан-жақты зерттеп, жауабы нақтыланады. Шешімі заң аясында қарастырылады. Құқық қор­ғау органдары басшыларының қа­был­дауына келген азаматтардың да мәселелері тыңдалды. Олардың әрқай­сысына қойған сауалының заңдық негізі түсіндірілді.
Жалпы, аймақта, оның ішінде Жа­ла­ғаш ауданында биыл қыруар жоба қолға алынады. Қуантарлығы, оның барлығы елдің талап-тілегінен туын­даған мәселелерді шешуге негізделген. Былтырғы жыл ауданымыз үшін бе­рекелі, ырысы мол, жағымды жаңа­лық­тарға толы болды. Жалағаш аг­ро­өнеркәсіп кешенін дамытуда биыл ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткіз­гені үшін облыста «Үздік аудан» но­минациясын иеленді. Ауданда әлеу­меттік сала мен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда, жаңа жұмыс орын­дарын құрып, аудан эконо­мика­сын әртараптандыруда бірқатар жұ­мыс жасалып, ел еңсесін тіктейтін жар­қын жобалар жүзеге асып, аудан қа­зынасында тұрақты өсім қалып­тасты. Әрине мұның бәрі аудан әкімінің халықпен кездесулерінде көте­рілген түйткілді мәселенің түйіні тарқатыл­ғанының жемісі.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: