Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

26°C

, Бейсенбі, 25 сәуiр, 13:28

Ауылда ауқымды істер бар

10.12.2022

282

0

Аққыр ауданнан алыстау орналасқан ауыл болса да, көз ұшынан қызу тіршіліктің табы көрінеді. Өйткені ауыл тұрғындары шаруасын ширатып, тірлігін тындырымды етіп, бірлігі мен берекесін сақтап отырған ағайын. Ауданнан шалғай жатса да жарқын жобалар қолға алынып, ауылдағы ағайынның әлеуметтік жағдайын түзеуге бағытталған шаралар жүргізіліп келе жатқан елді мекен.

Жалпы Аққыр ауылы – орталықтан алыс ауылдың бірі. Екі жүзге жуық отбасы бар ауылдың бүгінге дейінгі дамуын тілге тиек етсек мұндағы жұрт Камал Бердәулетовтің еңбегін елеусіз қалдырмайды. Себебі, бұрын совхозға директор болған іскер басшы К.Бердәулетов ең алдымен тұралап қалған жұмыстарға жан бітіріп, су мәселесіне баса көңіл бөліпті. Көше жиектерінде арықтар қаздырып, аяқсу жүргізді. Ағаш егіліп, үш жыл қатарынан құрылысшы отрядтары тұрғын үйлер салды. Осындай елге белгілі азаматтар тер төккен, тау тұлғалы азаматтар түлеп ұшқан ауылдың бүгінгі ахуалы көңіл көншітерліктей.

Иә, кезінде мал шаруашылығы бойынша аймақта алдыңғы қатарда болған еңселі елді мекендердің бірі Аққыр ауылында қазір анау айтарлықтай мәселе жоқ. Көшелері кең, жарықтан мәселе жоқ, ауыз су жүйесі жаңа, мектебі де күрделі жөндеуден өткен. Жалпы соңғы жылдары бұл ауылда көркейту, көгалдандыру бағытында біршама жоба қолға алыныпты. Бірқатар әлеуметтік нысандар да жаңарып, мамандардың кедергісіз жұмыс жасауына мүмкіндік қарастырылған. Мұндағы білім ошағының жұмысында да көптеген жетістік бар. Білім ошағының саладағы жетістігі көңіл қуантады. Бір жылда 7 бала мектеп бітіріп, ҰБТ-ға қатысып, жетеуі де грантпен маңдайалды жоғары оқу орындарында білім алуы мұндағы ұстаздардың біліктілігін аңғартса керек. Балабақша, ауыз су жүйесі бәріне аялдадық. Кезек ауылдағы Аққыр дәрігерлік амбулаториясына келді. Меди­­циналық нысан жаңа, мұнда абзал жандардың халыққа емдік шаралар жүргізуіне мейлінше жағдай жасалғаны көрініп-ақ тұр. Иә, бұл нысан 2014 жылдың қаңтар айында ел игілігіне беріліпті. Сол уақыттан бері медициналық ғимарат мыңнан астам халқы бар Аққыр ауылының қажетіне жарап тұр. Аға медбике Сандуғаш Пірімжанова бұған дейін ескі нысанда халыққа емдік шаралар жүргізу қиынға соққанын айтады. – Бұған дейін ауылда 1964 жылы іргетасы қаланған бір ғимаратта жұмыс істедік. Әрине көне нысан болғандықтан ондағы қиыншылықты айтпаса да белгілі ғой. Бірақ антымызға адалдық танытып, алдымызға келген науқасты дертінен айықтыруға бар тәжірибемізді жұмсадық. Әлі де халықтың денсаулығын күзетіп келеміз. Қазақ «Аурудың емін іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді. Мейлінше дертпен күрескеннен оның алдын алған абзал болғандықтан халыққа неқұрлым түсіндірме жұмыстарын да жүргізіп отырамыз. Қазір жағдайымыз шүкір ғой, ғимарат жаңа, заманауи медициналық құрал-жабдықтарымыз да жетерлік. Шалғай ауылда денсаулық сақтау саласында айтарлықтай күрделі мәселе жоқ. Мейлінше елдің денсаулығын тәулік бойы күзетуге дайынбыз, – дейді Сандуғаш Әбдірқызы Аға медбикенің саладағы тәжірибелі маман екені көрініп-ақ тұр. «Дәрігердің сөзінің өзі жанға шипа» демейді ме, біз жолдаған бір-екі сауалға жауап бере жүріп, көмегіне жүгінуге келген тұрғындарға да жылы қабақ танытып үлгеріп жатыр. Не дегенмен салада 29 жылдық тәжірибесі бар білікті маман ғой. Аққыр дәрігерлік амбулаториясында барлығы 22 адам жұмыс істесе, оның 12-сі медицина қызметкері екен. Мұнда жұмыс таңғы сағат 8.00-де басталып, түскі сағат 12.00-ден 14.00-ге дейін үзіліс бар. Мұндағы абзал жандар кешкі сағат 18.00-ге дейін науқастарға емдік шараларын жүргізеді. Біз негізгі жұмыс уақытын ғана айтып жатырмыз. Болмаса сала мамандары уақытпен санасу дегенді білмейді. Оған өздері де дағдыланып алған. Түңгі сағат 4-5-терде тұрғындардан қоңырау түссе де қабақ шытпайды. Бұны мамандыққа адалдықтың көрінісі деп түйдік. Аққыр ауылында бүгінде халық саны 1095 адамды құрайды. Жергілікті тұрғындарға күндізгі стационар бөлімінен 10 төсек орын қаралыпты. Кейін халық санының аздығына байланысты төсек орын бесеуге қысқарған. Жаңа жоғарыда айтылған 1095 халықтың 258-і түрлі дертпен есепте тұрады екен. Мұндағы медицина мамандарының емдік шаралары жергілікті халықтың көңілінен шығып отыр. Тіпті көшеде ке­зіккен тұрғындардан дәрігерлік амбулаторияның жұмысына қатысты бағасын да білдік, түйгеніміз, аққырлықтардың ондағы абзал жандарға алғыстан басқа айтары жоқ. – Ауылдағы ақхалатты абзал жандар хақында оң пікірден басқа не айтуға болады, бара қалсаң, емдік шараларын көрсетіп, үйде дертпен қалай күресуге болатыны жайында кеңес беріп, мейлінше сенің аурудан құлантаза айығуыңа жұмыс жасайды. Ал мұндай жандарға алғыстан басқа не айтамыз, өзім де жуырда қан қысымым көтеріліп, осында хабарластым. Түні бойы денсаулығымды күзетіп, емдік шаралар жүргізді. Бұл ұжымның жұмысы жайында менің ғана пікірім емес, ауылдағы кез келген адамнан сұрасаңыз еститіндеріңіз осы, – дейді аққырлық зейнеткер Ақзада Шарипова. Сандуғаш Әбдірқызы мұнда көбіне халық қант диабеті, қан қысымы, жүрек қантамыры ауруларымен келетінін айтады. Сондай-ақ маусымында тұмаумен келетіндер де болады екен. Алдына келген науқасты дертінен айықтыруға бар қарым-қабілетін жұмсайтын денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің шалғай ауылда көптеп болғаны дұрыс-ақ. Себебі бұл ауыл мен аудан орталығының арасы айтарлықтай қашық екені айтпаса да белгілі. Ал халық денсаулығын күзетуде уақыт жоғалтпау басты мәселе екенін ескерсек, бұл тығырықтан алып шығатын да Сандуғаш секілді білікті мамандар. Мұндағы мамандар кешегі коронавирус өршіген тұста ауылда да аталған дертке шалдыққандар болғанын жасырмайды. Десе де дәрігерлердің жүргізген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде халықтың екпе жұмыстарына деген көзқарасы өзгеріп, денсаулығына деген жауапкершілігі еселенген. Аға медбике ауыл халқы 100 пайыз вакцинаның барлық түрінен өткенін айтады. Абзал жандар жергілікті халықтың денсаулығын күзетсе, тұрғындар мұндағы мамандардың кеңесіне құлақ асады. Ал мұндай елді мекенде аурушаңдық аз болатыны айтпаса да белгілі.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар Аққыр ауылының бүгінгі келбеті, даму деңгейі, осындағы халықтың тұрмыс-тіршілігі едәуір жақсарған. Совхоз директоры болған Камал ағамыздың іскерлігінің, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында тұралап қалған шаруашылық жұмыстары лезде бір ізге түсіп, аяққа тұрды. Әсіресе ауыл тұрғындары кәсіпкерліктің көзін тауып, өзін өзі жұмыспен қамтуға машықтанған. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында бірқатар шаруашылықтар жұмысын жандарып, кәсіптерін ілгерілетті. Сонымен қатар жаңа бизнес идеяларын ұсынған бірқатар азаматтар қайтарымсыз гранттың да игілігін көріп отыр екен.

Кезінде та­рихы терең Аққыр ауылы құрылған соң 1965 жылы ашылған №188 орта мектеп пайдалануға берілген болатын. Араға 20 жыл салып мұнда 1985 жылы жаңа білім ордасы бой көтерді. Міне, біздің бүгінгі ауыз толтырып айтып отырған білім нысаны мемлекеттік бағ­дарлама игілігімен өткен оқу жылында жаңа заман талабына сай қайта жаңғырып, жайнап, ұлағатты ұстаздар мен білімге бойлаған шәкірттердің алтын ұясына айналып отыр. 30 жылдан аса күрделі жөндеу көрмеген мектеп шынында кейінгі кезде сыр бере бастаған. Тек былтырғы оқу жылында мемлекеттік бағдарлама игілігімен оқу ғи­ма­ратын күрделі жөндеуге қажетті қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстарын қолға алған бас мердігер «Корпорация Алем-құрылыс» ЖШС өте сапалы жасаған. Білім ұясының шатыры жа­ңартылып, есік-терезелері пластикке ауыс­тырылған. Ғимараттың ішінен дәретхана салынып, су, кәріз жүйелері жүргізілген. То­зығы жеткен электр жүйесі жаңаланған. Ішкі қабырғалары қайта сыланып, жаңа еден төселген. Ғимараттың сыртқы қабырғалары металл сайдингпен қапталған. Аулаға брус­чатка, асфальт төселіп, абаттандыру жұ­мыс­тары да жасалыпты. Ауыл балаларының бос уақытын тиімді пайдалануға арналған коворкинг орталығы да көзге шалынды. Мұнымен қоса мектеп ішінде шағын орталық жұмыс жасап тұр. Жеке кәсіпкер Айдана Әміреева өз қаражаты есебінен 50 орындық «Алтын ұя» балабақшасын ашып, 7 ауыл тұрғынын жұмыспен  қамтып  отырғанын да айта кетуіміз керек. Бірақ шалғай ауылдағы ақжолтай жаңалықтар мұнымен шектелмейді. Алдағы желтоқсан айында игілікке берілгелі отырған 100 орындық балабақшаның да құрылыс жұмыстары аяқталған. Жаңа кейіптегі балабақшаға бас сұққанымызда өте сапалы салынған нысан екеніне көз жеткіздік. Бір ауылда мұндай орталықтартың жұмыс істеуі қуантарлық жағдай. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Қазір кей ауылдарда жыл сайын ауданға, облыс орталығына қоныс аударатындар кездеседі. Ал бұл өз кезегінде ауылдағы мектеп, балабақшаның жұмысын кешеуілдететінін білеміз. Ал аққырлықтардың ауылдан көшкісі жоқ. Керісінше ауыл әкімінің бастамасымен ел игілігі үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Мұны көзбен көріп жүрген ағайындар ауылдағы береке-бірліктің нәтижесі осындай оңтайлы істерге мұрындық болады дейді. Иә, расымен ауыл емес, көрікті қаланың қақ ортасында жүргендей әсерде болдық. Сырт­қы келбетімен көз тартқан ауыл сонадайдан-ақ қызу тіршілігі тарқамағанын аңғартып тұр. Ауылдағы денсаулық сақтау, мәдениет саласы бойынша да біршама жетістік бар, ахуал да тұрақты. Ауыз су, электр желісі және интернет жүйесі бойынша ешқандай мәселе қозғалмады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: