Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Сейсенбі, 15 қазан, 11:25

Бие байлап, саумал сауған

13.06.2023

653

0

– «Сары қымыз сүйегіңе сіңсе, сан ауруды кеседі» деп атам қазақ бекер айтпаған ғой. Қымыз, оның ішінде саумал барлық дертке шипа, ағзаға күш береді. Бүгінде адамдар, әсіресе балалар тәтті суларға үйір болған. Соның орнына сары алтындай үйірілген қымыздан ішсе, өзінің денсаулығына пайда, шөлі де қанар еді. Бірақ біздің ауылда саумалға деген сұраныс артып келеді. Бие сауып отырған соң жақсы білемін. Шүкір, бүгінде 5-6 тұрақты тұтынушым бар, күнде келіп, саумал ішіп кетеді, – деп бастады әңгімесін бие байлаған мырзабайлық кәсіпкер Айгүл Омарова.

Иә, қымыз – қазақ халқының ұлт­тық сусындарының ішіндегі ең құр­мет­тісі. Ол тек қана бие сүтімен ашы­тылады. Бие сүтінің осындай ерекше қасиет­терінің арқасында қышқыл да дәмді, адам ағзасына шипалы сусын пайда болады. Баршамызға белгілі қазақ хал­қы өзін қымыздың ең мықты сарап­шысы деп санайды. Сондықтан болар, біз де ауылға барып тұрған соң жылқы байлап, саумал сауған кә­сіп­кердің шаңы­рағына соғып, жұмы­сы­ның тынысымен танысуды жөн көрдік.
Айгүл Омарова ауладағы қора­сына 2 биені байлап қойыпты. Жыл­қының шөбі, су-жемі алдында, одан мәселе жоқ көрінеді. Жолдасы Сағдат Ілия­сов жаз түссе, көпке бармай-ақ ауыл ма­ңайынан мал азығын, яғни жоңыш­қасын дайындап алады.


Ауылда тұрып, атакәсіппен айна­лыс­пай, жұмыс жоқ дегенді сылтау са­наған Айгүл апай осыдан 1 жыл бұ­рын мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, 2 биені сатып алады. «Үш бие – бұлақ, екі бие – ел асы, бір бие – жоқтың қасы» демекші, бүгінде ол ауыл тұрғындарын саумал мен қы­мызбен қамтып отыр. Тіпті аудан орталығынан келіп, сау­мал ішуге ниет білдіргендер де бар екен.
Иә, тірлік бастасаң, тынысың да кеңей­тіні тағы бар, келешекте кәсіпкер мем­лекеттен қаржылай қолдау кө­ріп жатса, кәсібін кеңейтіп, өнімін аудан орталығына, тіпті Қызылорда қа­ла­сына да өткізу ойында бар. Әрине «Қолы қимыл­даған адам кедейліктің дәмін тат­пайды» деген сөз бар емес пе?. Біз де Айгүл апайдың жос­парын құптап, сәт­­­тілік тіледік. Ал ауыл әкімдігінің қыз­­­меткері Роза Жола­ма­нова да бұл мәселе бойынша көмек беретінін жеткізді.
Бие сауып, қымыз пісу машақаты көп, уақыт алатын күрделі жұмыс екені белгілі, десе де ауылға да заманауи үдерістің бір ұшы келіпті. Айгүл апай биені арнайы сауын құрылғысы арқылы күніне 5 рет 3 сағат сайын сауады екен. Бір сауым сүт жарты немесе бір литрге дейін же­теді. Түсте қорада тұрған жыл­қыларды екі сағаттай кездіреді. Кешке таман жылқышылар малды тағы да серуендетіп, көрші жайылымдағы жоңыш­­қаға апарады. Бір қызығы, бие­лерді әрі кетсе 1 минутта тез сауып болу керек. Өйткені төрт түлік малдың ішін­дегі жылқы – өте кірпияз, таза, кінәм­шіл, судың тазасын ғана ішетін мінезді жануар.
Кәсіпкер негізінен өнімін саумал тү­рінде өткізеді, ал артылғанынан қы­мыз піседі. Саумалдың 1 литрін 1000 тең­ге­ден сатады. Қымызға су құйып, қымыз­дың дәмі мен сапасын ке­тір­ген­ше, бағасын 100 теңгеге көтерген тиімді деген қағиданы ұстанатын кә­сіп­кердің өніміне сұраныстың жо­ғары болуының сыры осы шығар.
– Саумалға қай кезде де сұраныс көп. Жылдың қай мезгілі болсын саумалды емге пайдаланатындар бар. Қымызға да сұраныс жоқ емес. Бірақ қымызды ашыту – машақаты көп жұмыс. Оған жақсылап дайындалу керек. Биені бие көнекке немесе ағаш­тан жасалып, ысталған шелекке са­уа­ды. Оның алғашқы ашытқысын «қы­­мыз­дың қоры» деп атайды. Жаңа сүтпен қорды араластырып, ірімтігін жазады, ашуын басып отырады. Бі­рінші­ден, бие сүті ағаш күбіде ашыты­луы қажет, өйткені темір ыдыста сүттің құрамы өзгеріп, пайдалы заттар жойылады және дәмі де өзгереді. Бол­маса, жылтыр сырлы кәстрөлде дайындауға да болады. Бірақ бұл әдіс те онша емес. Екіншіден, сүтті біркелкі сапырып отыру керек. Қымызды көп сапырғанда оған оттегі көп сіңеді. Дәмі таңдай қақтырар қымызды дайындау үшін оны күріш немесе тары суымен, айранның сарысуымен, сиыр мен ешкі сүтімен сұйылтуға болмайды. Оған қоса су құйсаңыз, құрттым деп санаңыз, – дейді Айгүл Омарова.
Бір қызығы, қымызды дұрыс да­йындап қана қоймай, оны дұрыс іше білу де қажет екен. Айгүл апай бізге үйге кіріп, қымыздан дәм татуды ұсын­ды. Әрине бірден келісе кеттік. Үлкен тостағандағы қымызды алып, ожауы­мен сапыра бастады. Сары алтындай үйірілген қымызды көріп, тәбетіміз ашыла кетті. Әріптесім Кенжетай екеу­міз 2 қайтара балдай тәтті қымыздан сіміріп алдық. Жасыратыны жоқ, таң­дайымызды кептірген кешегі ыстықта шөліміз бірден қанды.
Отағасының айтуынша, қымыз­дың өзі түр-түрге бөлінеді екен. Атап айтар болсақ, бал қымыз – бал, қант, өрік-мейіз қосылып ашытылған қы­мыз. Ол сырқат адамға, балаларға, жас босанған әйелдерге беріледі. Сірге жияр қымыз – күздігүні бие ағытарда бір­неше күн жиналған қымыз, салт бойынша сірге жияр қымызға ел ша­қырып, бөліп ішкен. Уыз қымыз – бие сүтінің уыз дәмі тарамаған кезде ашы­тылған қою қымыз. Май қымызы деп те аталады. Сары қымыз – жаздың ор­тасында, шөп әбден піскен, буыны қатқан кездегі қымыз. Тіпті қысқы қымызды тек хандар, байлар мен ау­қатты адамдар, ал жазғы қымызды бү­кіл халық болып ішкен деседі.
Иә, мемлекет кәсіп бастаймын деген ауыл тұрғындарына мол мүм­кіндік бе­ріп отыр. Тек жұмыс істеймін, табыс та­­ба­мын деген ынта-ықыласың болса, жет­кілікті. Соны түсінген мыр­забайлық ағайындар да жаппай кәсіп­керлікке бет бұра бастаған. Өйт­кені сүйікті ісін табыс көзіне айнал­дыруға ниетті азаматтар ауыл әкімдігі қызметкерлеріне жол сұрап, жиі жолығады екен.
– Бүгінде кәсіптің түр-түрі бар. Әр істің өзінің ерекшелігі мен қыр-сыры тағы бар. Бірақ мемлекет кәсіп аш­қысы келетін азаматтарды оқытуға, жаңа іске үйретуге, тіпті қаржылай кө­мек беруге әрдайым дайын. Біз оны күнде айтып та жүрміз. Мемлекеттік бағдарламалар да көп. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасы кәсіп аша­­мын деген ауыл тұрғындарына үлкен демеу болары сөзсіз. Жаман емес, бүгінде ауыл тұрғындарының кә­сіпке деген көз­қарасы оңды. Нақтырақ айтсам, ауылда қазіргі таңда 80 жеке кәсіпкер жұмыс жасап тұр. Был­тырдың өзінде 6 ауыл тұрғыны пайыздық үстемақысы төмен несиеге қол жеткізіп, мал шаруа­шылығында кәсібін ширатып отыр. Оларға мем­лекет тарапынан жалпы құны 20 млн 862 мың теңге үлестірілді. Мұнан бө­лек биыл тағы 6 азамат грант жеңіп алды. Олардың әрқайсысы 1 млн 225 мың теңге қайтарымсыз қар­жы­лай қол­дауға ие болды, – дейді әкім­дік қызметкері Роза Жоламанова.
Жалпы, ауданның тіректі ауылына айналған елдегі тыныс-тіршілік осын­дай. Ең бастысы, ауызбіршілігі мығым, ісі тиянақты ағайынның тату-тәтті тір­лігіне сүйсіне қарадық. Осылайша ауыл маңында бір терең тыныс алып, аудан орталығына қарай беттедік…

Жандос Жазкен

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: