Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

23°C

, Бейсенбі, 25 сәуiр, 18:30

Иманды өз жүрегіңнен ізде

11.10.2022

258

0

Пенденің қандай амалы да оның ниетіне қарай жасалады және түбінде сол амалы иесіне айналып соғады. Бұндайда қазақ «жақсылық қылсаң, өзіңе, жамандық қылсаң, өзіңе» дейді. Яғни дұрыс амалдың да, бұрыс амалдың да сауабы мен обалы сол амалды жасаушының өзіне тиеді.

Қазірде көпшілік ортада діни тақырып қозғалғанда жиналғандар бір-бірімен жаға жыртысуға дейін баратынына талай куә болып жүрміз. Әсіресе «жанымды Алланың жолында құрбан етуге даярмын» дейтін әсіредіншіл жастар ондайда сөзге қонақ бермейді.


Қозғағалы отырған тақырыбымыз да осы төңіректе. Намазға жығылған жастардың көбі жаңа танысқан адамынан ең алдымен «намазда барсың ба?» деп сұрайды. Әлгі кісі намаз оқымайтынын айтса, «астапыраллалап» шоршып түсіп, оған жат планетадан келген келімсектей шошып қарайды. Содан соң шариғат жолын бастайды. Қарсы уәж айтқысы келгендердің сөзін шорт үзіп тастайды. Тіпті төбелесуге дейін барады. Шын мұсылманның сипаты оның көркем мінезі, ал көркем мінездің көрінісі сабыр екенін жиі айтып отырушы еді бұрынғылар.


Амал не, қазіргі дінге бет бұрған жастардың сиқы осындай. Жә, мұсылман болу әсте-әсте деген ғой. Оның үстіне көштің жүре түзелетіні және бар. Алғашында мешітке барып, жұма намазға қатысып, жамағатпен бірге Аллаға қол жайған жастарды көргенде үлкендер «дініміздің шырағы қайта тұтанды, жастардың жүрегіне иман ұялады» деп қуанғаны рас. Бірақ шетелдік мысықтілеу миссионерлер асыл дінімізді де саясат ойындарына пайдаланғанын кеш білдік. Соның нәтижесінде әлгі жастардың көбі мұсылманшылдықты өз жүрегінен емес, біреудің болмысынан, іс-әрекетінен сөзінен іздеп, отбасынан, туған-туысынан алыстап, тіпті оларға жауыға бастады. Иман өлшемін жүректің емес, көздің безбеніне салып салмақтағаннан адасып, өзге ағымдардың жетегінде кетті. Әйтпесе мешітке барып имамға ұйып, басқа жерде жиылған жұртқа әлгіндей мінез көрсету шын мұсылманға жат қылық емес пе?!


Айта кеткен жөн, сол жастардың бойындағы агрессия Алланың хақ екенін дәлелдеудегі жанкештілік емес, тек естіген уағыздарынан қалыптасқан өз түсінігін дұрысқа шығарып және соны қалайда қорғап шығудағы жанталасы. Әрине «Алланың өзі де рас, сөзі де рас». Көктен жіберілген қасиетті кітап Құран мен пайғамбарлардан қалған сақих хадистер адамзат баласының жан әлеміне ізгілік нұрын таратты. Алайда әр адам оны өз өресіне қарай қабылдайды. Алланы тану және оған жақындау тек бет-жүзің мен сыртқы пішініңді өзгертумен шектелмейді. Қазақ баласы Аллаға пайғамбарлардан басқа Абайды, Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіпті оқып, сіңіріп, жақындауға да болады. Бірақ бір өкініштісі, көп мешіттерде айтылатын уағыздардан Исламның таралуына үлес қосқан осы данышпандардың артында қалған сөзі түгіл, есімдері де аталмайды. Пенде баласына тумақ – парыз, өлмек – сүннет. Ол бүгінде биологиялық заңдылыққа айналып кеткен. Туатынын және өлетінін бәрі біледі. Бірақ имамдар жиі айта беретін жәннат пен тозақ қазіргі жастардың санасына әбден сіңіп қалған. Әлгі әсіредіншіл жастарға жанап кетсең болғаны, жәннатпен қуантып, тозақпен қорқытады.
Дін – адам иманының күзеті. Яғни адамдық ар-ұятының ұстыны. Бірақ адамзат ХХІ ғасырда өмір сүріп жатыр. Өмір мен өлімнің, яғни талбесік пен жербесіктің аралығындағы уақыттың адам баласы білуі, көруі тиіс таңғажайып сырлары, адамның жас кезеңдеріне қарай атқаратын міндеттері, көретін қызықтары бар емес пе?!.


Бұрынғы бабаларымыз исламның шарттарын балиғат жасынан орындап, бес парызын өтегенімен алқалы топта дін тақырыбын тарқатпаған. Алдында ақсақалдар мен молдалар, дін ғұламалары отырғанда жастардың жағаласпағаны жарасымды емес пе?! Ал қазір мешітке бір кіріп шыққан баланың өзі намаз оқымайтын әкесін кәпір санап, атасына уағыз айтатын жағдайға жетті. Бұл – баланың емес, ата-ананың қателігі. Баланың дүниетанымы отбасынан қалыптасады. Дастархан басында отбасындағы үлкендерден адамгершілікке, әдептілікке, еңбекқорлыққа, ерлікке құралған аңыз-әпсаналар естіп өскен бала есейгенде жолынан жаңылмайды.

Қуат АДИС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: