Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

29°C

, Жұма, 19 сәуiр, 17:05

Қиындықты қолдан жасап отырмыз ба?

13.07.2022

615

0

Әншейінде ауыз суды «Кәнігі қара су» деп қоямыз. Сылдыр сөзбен айта салғанда ойланбаймыз, бірақ сол өзіміз айтатын кәнігі қара судың да сұрауы барын түсіне бермейміз. «Судың да сұрауы бар» деген даналықты тікелей мағынада түсініп көрелікші бір сәт. Сусыз өмір жоқ екенін теорияда керемет білеміз. Ал іс жүзінде сол тіршілік көзі суға деген құрмет жоғалды десем, артық айтқаным емес. Бұл сөзімізге қазіргі ел арасында айтылып жүрген ауыз судың жетіспеушілігі дәлел бола алады. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауданға қарасты барлық елді мекен тұрғындары үшін ауыз су мәселесі шешімін тауып, үйді-үйге кіргізілген еді. Бұл туралы жарыса сүйіншіледік, ел үшін қуандық. Бірақ мәселенің оң шешімін табамыз деп, тағы бір мәселе жамап алған сияқтымыз. Тарқатып көрелік…

Тәулік бойы берілетін болады деген ақжолтай хабар қазір өз салмағын жоғалтып тұр. Өйткені күндіз әп-әдемі ағып тұратын ауыз су кеш батқаннан сығырайып, кейде тіпті өшіп қалады. Әліптің артын бағып қарасақ, мәселені өзімізге өзіміз жасап отыр екенбіз. Яғни ауыз судың жетіспеушілігіне тұрғындардың суды мақсатсыз пай­далануы себеп болып тұр. Екінің бірінің есік алдында бау-бақшасы бар екенін білеміз. Енді көгерген көк түйнегін шыжыған күнге қақтап күйдіріп, қуратып қоймайды ғой?! Амал жоқ үздіксіз берілетін ауыз суды пайдалануға тура келеді. Бірақ елдің бәрі тұтқиылдан тап беріп, ауыз суды тікесінен тартып алып отыр дей алмаймыз. Кейбірі кеш қарайғанда немесе түн мезгілінде бақшасын суару үшін үйіне кіріп тұрған суды тұтынады. Осыдан барып басқаларға баратын ауыз судың қысымы азайып, кейде тіпті өшіп қалып жатады. Елдің талап-тілегінен әбден шаршаған болуы керек, тиісті мамандар су тапшылығы жайында сауал жолдасаңыз болды, көңілдері күпті болады. Олардікі де жөн, мәселен, аудан халқы қыс айларында күніне 1500 метр куб ауыз су тұтынса, күзде 1800 метр куб жалағаштықтарға жетеді екен. Ал жазда жергілікті тұрғындар күніне 5 мың метр кубқа дейін ауыз су пайдаланып отыр. Рас, Жалағаш ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы мекемесі мамандарының айтатынындай бар, ауыз суды мақсатсыз пайдалану салдарынан туындап отырған мәселе биыл бірінші рет болып тұрған жоқ. Қазір тек жаз айында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде жалағаштық мамандар 3 жылдан бері осы мәселемен бетпе-бет келуде. Мәселенің мәніне үңілсек, тағы да тұрғындардың ауыз суды мақсатсыз пайдаланып отырғанына кезігеміз.


Аптаның жұмасында аудандық мә­дениет және өнерді дамыту орта­лы­ғында осы мәселе төңірегінде және ауыз су тарифтерінің жобасын тал­қы­лау бойынша жария тыңдау өтті. Айта кету керек, «Нұра топтық су құ­быры» ШЖҚ РМК «Арал» СЖКБД фи­лиалының суды магистральдық құбыр жолдары және таратушы желілер арқылы беру қызметтері бойынша та­риф­терді және тарифтік сметаларды бекітуге өтінімдер келіп түскен. Соның негізінде филиалдың өтінімі уәкілетті органмен белгілі мерзімде қаралу үстінде. Онда филиалдың жобалық орташа босату тарифі 1 текше метрге суды магистральдық құбыр жолдары арқылы беру қызметіне 956,74 теңгеге, суды таратушы желілер арқылы беру қызметіне 871,89 теңгеге ұсынылған. Бұл тұрғыда алдағы уақытта тиісті салада бірқатар өзгеріс орын алмақ. Мәселен, «Шикізат және материалдар», «Жанар-жағар май», «Энергия», «Жа­лақы», «Әлеуметтік сала», «Ағым­да­ғы жөндеу» сияқты басқа да бап­тар бойынша түзетулер енгізу қарас­ты­ры­луда. Ауыз суға байланысты өткен жиында осы мәселелер төңірегінде сөз болып, тұрғындардың бірқатар сауалына жан-жақты талдау жасалды.


Бұл жиында да күн тәртібіндегі мәселеден бөлек, ауыз судың тап­шы­лығына қатысты әңгіме болды. Су жетіспеушілігіне байланысты сала мамандарының айтары сол, ауыз суды мақсатсыз пайдаланудың салда­ры осындай қиындық туғызуда. Иә, кей­бір тұрғындардың ауыз суды өз мақсатымен пайдаланбауы, яғни бақ­ша суару, құрылыс жұмыстарына пайдалануы тіпті мамандар жұмысына айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Мәселен, қоймада судың таусылуынан бөлек насостардың істен шығуы да орын алыпты. Ал тұрғындардың айтарына құлақ түрсек, тағы бір мәселенің ұшы шығады. Яғни аяқ судың жоқтығынан ауыз суды пайдалануға мәжбүрміз деген жандардың жанайқайына тағы көз жұма алмаймыз.


Дегенмен кез келген мәселе шеші­мімен демекші, бұл қиындықты өзіміз қалай жасап отырсақ, солай оның шешімін табуға да болады. Ол үшін барлық тұрғын үй су есептегіш құралын орнатуы керек. Кезінде жаппай су есептегіш құралын орнатты дегенімізбен, бұған салғырт қарап, ауыз суды оңды-солды пайдаланып отырғандар да бар екенін білдік. Кәнігі қара суға да зар болуымыздың негізгі себебі осы. Бағана бұл мәселе ауданда биыл бірінші рет орын алмағанын айттық. Былтыр да, алдыңғы жылы да оған аудандағы ауыз суға жауапты мамандар тосқауыл бола білді. Былтыр аудан халқы ең көп дегенде тәулігіне 4000-4500 текше метр куб ауыз су пайдаланған. Ал биыл жағдай мүлде күрделеніп отыр. Күнделікті өмірде пайдаланатын ауыз су көлемі уақыт өткен сайын ұлғайып келеді. Яғни мәселе де күрделене беретіні анық.


Жалағаш кентінің халқы бүгінде тәулігіне 2040 текше метр куб ауыз су тұтынады. Яғни жан басына 143 литрден келіп отыр. Ал ауылдық елді мекендер бойынша Мәдениет көш бастап тұр. Мұндағы жергілікті тұрғындар күніне 600 текше метр куб ауыз су пайдаланады екен. Жан басына шаққанда 310 литрден келеді. М.Шәменов ауылында да дәл осындай жағдай. Яғни ауыл тұрғындары тәулігіне 280 текше метр куб ауыз су тұтынады. Жан басына шаққанда 277 литрден келеді. Үздік үштікті ақсулықтар түйіндеп отыр. Мұнда тәулігіне 420 текше метр куб ауыз су пайдаланылады. Жан басына шаққанда 240 литрден келеді.


Жаз мезгілінде судың аса қажет болатынын білеміз. Алайда жергілікті тұрғындардың барлығы су есептегіш құ­ралын орнатса, қолдан жасалған қиын­дықтың алдын алуға болады. Өкі­нішке орай жалағаштықтардың әлі 30 пайызы су есептегіш құралынсыз ауыз су тұтынып отыр. Білмегендіктен емес, салғырттықтан. Әйтпесе түсіндірме жұ­мыстары жүргізілді, бірақ нәтиже көңіл көншітпей тұр.
Қазіргі таңда Дәуімбай елді ме­ке­нінде тағы бір ауыз су жүйесі са­лы­нып жатыр. Су қоймасының сыйым­дылығы 1 200 текше метр кубты құрайды. Ол күзде ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Мұның алдағы уақытта аталған мәселенің ше­шімін табуына қолғабыс болары анық.


Қазір қай үйге бас сұқсаң да, ас үйде суды ағызып қойып, ыдыс жуып тұрады. «Судың да сұрауы бар» деген қатаң ескертудің астарын түсінгендіктен, суды ысырап ететіндерге кейде өзің білгенді айтып қаласың. Сондағы еститінің «Құ­дайдың қара суын аяйсың ба?» деген қалай болса солай қайтарылған жауап. Түсінгеніміз, адамның тұрмысы же­ңіл­деген сайын қанағат, ынсапты ұмы­тып, ысырапты көп жасайды екен. Бірақ миллиондап шашылып той жа­сайтын қазақ үшін қара суды ысырап ету не тұрады дейсің кейде…

Н.АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: