Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:32

Құмар ойынға ойсыз құмар болдық

21.11.2023

688

0

ХХІ ғасырдағы қауіпті құбылыстың бірі – құмар ойынға тәуелді болу немесе «ойынпаздық дерті». Иә, адал еңбекпен тапқан нәпақасына бәс тігіп, түнімен букмекерлік кеңсені торуылдап, уақытын текке өткізген жандарды көргенде налитының рас. «Ойынға ойсыз құмар» деп ата-бабаларымыз текке айтпаса керек. Өткенімізге үңілсек, құмар ойынға әуестік деген ұғым қазақ қоғамында мүлде болмаған. Алайда бүгінде екінің бірі құмар ойынға тәуелді. Оған ойынқұмарлықтың салдарынан күнделікті орын алып жатқан келеңсіз жайттар дәлел болады. Әрине бұл ащы болса да шындық. Осы тұста «Құмар ойындарға қалай тұсау боламыз?» деген сұраққа жауап іздедік…

700 мың оқушы бәс тігіп үлгерген

Психологтар жүргізген зерттеуге көз жүгіртсек, 17-38 жас аралығындағы азаматтар құмар ойынға жиі әуестенеді. Дәл осы жастағы азаматтар елдің өсіп-өркендеуіне қосатын үлесі жоғары екенін ескерсек, бұл қоғам үшін қауіпті үдеріс екені анық. Ойынға тәуелділік кезінде тұлғаның даму процесінде фи­зикалық, рухани, әлеуметтік тұрғыда құлдырап, өз ортасынан алшақтауы байқалады.
Сорақысы, бүгінде ойын кеңселерін жастар көп шоғырланған оқу орын­дарының жа­нынан, жатақхана ма­ңайынан жиі кездестіресіз. Сондай-ақ бұл кең­селер жарнамасын адам көзі жиі тү­сетін орындарға орналыстыруды көз­дейді.
Қазіргі таңда құмар ойынның түрі де көп. Біреуі жабылса, орнын басатын басқасы дайын тұрады. Мәселен, ло­тореяға бинго, джекпот жатса, гэмб­лингке ойын автоматы, беттингке спорт жа­рысына бәс тігу қаралады. Карта ойындарына покер, блэкджэк, баккора жатса, казино ойындарына рулетка, бинго, колесо, фортуна және тағы басқа ойындар кіреді.
Жаға ұстатар мына статистикаға мән берсек, бұл мәселенің ауқымы қан­дай екенін байқауға болады. Ұлт­тық статистика бюросының де­рек­тері бойынша құмар ойындарды ұйым­дас­тыру және бәс тігу бойынша көр­сетілген қызметтердің көлемі ау­қымды соманы құраған. 2020 жылы 89,7 млрд теңге, 2021 жылы 501,2 млрд теңге, 2022 жылы 600 млрд теңгеден астам шығын анықталған. Яғни соңғы үш жылда 1,5 млн азамат құмар ойын­дарға 1 трлн теңгеден астам қа­ражат жұмсаған.
Сонымен қатар 700 мыңнан астам немесе мектеп жасындағы балалардың жалпы санының 20 пайызы бәс тігіп үлгерген. Ажырасқан ерлі-зайыптылардың 38 пайызына лудома­ния­ның әсері бар. 2022 жылы 3 676 суицид жасалса, оның әрбір 5 жағдайы құмар ойынға тәуел­діліктен орын алған. 157 мың құқық бұзу­шылықтың 20 пайызы немесе 31 мыңы құмар ойынға байланысты жасалған.

«TikTok» та тығырыққа тіреді

Құмар ойын әлеуметтік желіні де еркін жайлап алған. Бұрынғыдай қала ішінде бәс тігетін кеңсе іздеудің де қажеті жоқ. Қолыңда смартфон мен интернет болса жеткілікті. Сол арқылы үйде отырып-ақ ақша салып, қалаған құмар ойыныңмен құмарлана бересің.
Әйтсе де мамандар құмар ойын кеңселері жабылып, қылмыс көлемі жыл санап кеміп келе жатыр деп көңіл жұбатады. Мәселен, 2019 жылдан бері заңсыз ойын бизнесіне қатысты 1 148 іс қозғалған. Осыдан төрт жыл бұрын заңсыз ойын терминалдары бойынша 208 дерек тіркелсе, биыл 28 іс өндіріске берілген.
Биыл «TikTok» желісінде құмар ойындардың онлайн тран­с­ля­циясы жанданған. Ойыншылардың күн­делікті саны мыңдаған адаммен өл­шенеді екен. Әлеуметтік желілердегі қа­тысушылардың басым көпшілігі кә­­мелетке толмағандар көрінеді. Осы ретте бүгінде ҚР Қаржылық мо­ни­торинг агенттігі қабылдаған ша­ралардың нәтижесінде ұйымдасты­рушылардың 177 аккаунты анықталған. 10 ұйымдастырушыға қатысты 5 қыл­мыстық іс қозғалып, оның 3-еуіне үкім шыққан. 4 адам бас бостандығынан айырудың нақты мерзіміне және 2 адам бас бостандығын шектеуге сотталған.
Сондай-ақ агенттік әлеуметтік же­ліде жасанды интеллектіні іске қосыпты. Бұл жүйе заңсыз контент эфирін бірден жабуға қауқарлы көрінеді. Былтыр осы әдіспен 5,5 мың, биыл 2 мыңнан аса сайт анықталған.

Депутаттар дабыл қақты

Құмар ойынның салдарынан қо­ғамда орын алып жатқан келеңсіз жайт­тарды халық қалаулылары да естісе керек. Жақында аталған мәселені бі­рен-саран депутат Парламент оты­рысында көтергендей сыңай танытты.
ҚР Парламенті Мәжілісі депутат­тарының пайы­мынша, Үкіметтің бар­лық букмекерлік кеңселерді ойын ай­мақтарына кө­шіру туралы шешімі нә­тиже бермеген. Өйткені букмекерлік кеңселер әлеуметтік желіде жар­нама­сын үдетіп, халықты оңай ақшаға тартып жатыр.
Үкіметтің мөлшерлемелерді есепке алу орталығын енгізу және жеке тұл­ғаның құмар ойындарға қатысуын шек­теу сияқты мәселелері бойынша қабыл­даған шаралары тек құмар ойындарға қатысқан адам­дар­ға қатысты болып отыр. Бұл ретте тек 1600 жеке тұлға немесе лу­до­ман­дар­дың жалпы са­ны­ның небәрі 0,5 пайызы құмар ойын­дарды шектеп, бойын аулақ алған.
Депутат Руслан Берденовтың ай­туынша, құ­мар ойындарға және бәс ті­гуге тәуелді адамдар санының артуы тек букмекерлік кеңселерге тиімді, мем­лекет үшін қауіпті екен. Мәселен, 2017 жылы жаңа Салық кодексі қолданысқа еніп, сол уақыттан бері букмекерлік бизнес 35 есе өсіпті. Сәйкесінше 15,5 миллиард теңгеден 553,6 миллиард те­ңгеге дейін артқанмен, салық мөл­шер­­лемесі 2017 жылғы деңгейде қалған.
Халық қалаулысы құмар ойынға тәуел­діліктің алдын алу бойынша бір­қатар атқарылуы тиіс іс-шаралар тізі­мін атап көрсетіпті. Нақтырақ айтсақ, бук­мекерлік кеңселердің онлайн қыз­метіне толық тыйым салып, арнайы мамандандырылған аймақтарда ғана жұмыс істеуіне рұқсат беру маңызды, сондай-ақ құмар ойын мен бәс тігуді жарнамалауға тыйым салу ке­рек. Са­лық мөлшерлемесін жоғарылатып, ойын биз­несі үшін корпоративтік салық мөл­­шер­лемесін 20 пайыздан 30-40 па­йызға дейін көтеру маңызды. Айна­лым мен бюджетті толықтырудың ашық­ты­ғын қамтамасыз етуде букме­кер­лік кеңселердің ақпараттық жүйесін Мем­лекеттік кірістер комите­тінің ақпа­рат­тық жүйелерімен интегра­циялау қажет.Сондай-ақ қоғамда азаматтардың құмар ойынға тәуелділігін төмен­дету мақсатында «Обсессия» деректі фильмі түсірілген. Онда құмар ойынға тәуелділіктен зардап шеккен адамдар өмірі баяндалады.

Заңның солқылдақ тұсы көп

Құмар ойынға тәуелділіктің қо­ғам­дық қаупін ескере отырып, «Amanat» пар­тиясы да бірқатар жұмыс жүр­гізген. Сол арқылы бүгінде «Ойын биз­­несі туралы», «Жарнама ту­ралы», «Лоторея және лоторея қыз­меті ту­ралы», «Салық және бюджетке төле­нетін басқа да міндетті төлемдер ту­ралы» қолданыстағы заңнамалық ак­­­­­ті­лерге өзгеріс енгізілген.
Интернеттегі ойын қызметіне, жар­на­маға, лотоматтарды жабуға, са­лық міндеттемесін арттыруға, букме­керлік кең­­селердің аппараттық-бағдар­лама­лық жүйелерін Мемлекеттік кірістер ко­митетінің ақпараттық жүйесімен бі­ріктіруге бағытталған түзету жасалған. Қазіргі таңда түзетулердің негізгі бөлігі бойынша Үкіметтің қорытындысы кү­тілуде. Кейбір түзетулер қабылданған. Мәселен, букмекерлік кеңселердің банк құпиясына қатысты ақпаратты салық органына ойыншылардың шоты, ойындардың саны, ұтыс сомасы, салық шегеріміне қатысты ұсынуға бірқатар өзгеріс енгізілген.
Түйін. Айтып-айтпай не керек. Әр азамат өз іс-әрекетіне әділ баға беріп, өзінің жат қылықтарын тіз­гін­дей біліп, бойындағы жаман-жақсы әдет­­тері үшін жауап бере алса, бізді бұл дерт те алыстан айналып өтері анық.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: