Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

31°C

, Сейсенбі, 23 сәуiр, 16:08

Қылышын сүйретіп қыс келеді

15.11.2022

2284

0

Қараша келді. Күздің соңғы айы суыта бастайды енді. Әсіресе Сыр бойындағы құрғақ қара суық осы айда басталады. Қыстың ұзақ немесе қысқа болатынын бұрынғылар қарашада жауған алғашқы қардың еру уақытымен байланыстырып болжапты. Сыр өңірінде әлі қарашаның қары түскен жоқ. Әйтсе де күн суытып келеді. Ал ауа райын ғылыми технологияға сүйеніп болжайтын синоптиктер биыл қыстың қатал әрі ұзақ болатынын айтады. Енді әр өңірде әртүрлі болуы да мүмкін. Мәселен, еліміздің батыс, шығыс өңірлеріне қар түскелі біраз болды. Бізде де көк жүзі ауық-ауық алабұртып тұр. Кім біледі, табиғаттың құбылмалы да тосын мінезіне мәлім бар ма?!

Қыста қардың қалың түскені және ұзақ жатқаны жақсы. Әрине келер жаз үшін. Қыс бойы қардың суы жердің жеті қабатына бабымен сіңіп, көктемде балбыраған дала бусанып қырқа-белді, жайылымдар мен шабындықтарды белуарға дейін көкорай шалғын шөп басады. Жаз мезгілінің жайқалып тұруы экологиялық тұрғыдан да аса пайдалы, егін, мал шаруашылығы үшін де өте тиімді. Оның үстіне адамдар қыс басталып, қалың қар жауғанда мезгіл ауысқанын сезініп, бір сілкінеді. Қатты аяздағы төменгі температурада ауаға жайылған вирустар мен бактериялар өледі, жан мен тән тазарады. Айта берсең, пайдалы жағы көп. Жаратушының пәрменімен әу баста барлығы солай реттеліп қойған.
Алайда қыс келерін білсе де, қамсыз жүргендер үшін осы суық мезгілдің түк те пайдасы жоқ, керісінше зияны көп. Бірақ бірді-екілі жандар әлі қысқа даяр емес екен деп мезгіл уақытынан кешігіп келмейді. Осындайда жазушы Зейнеп Ахметованың мына әңгімесі еске түседі.
«Бірде базарға барып келетін болып, қақаған қыста аяғыма амалсыз күздік топылиымды киуіме тура келді. Оған себеп, жуырда ғана қыстық етігімнің сырғытпа бауы сынып қалып, аяқ киім жөндеу шеберханасына апарып тастаған едім. Бөлмесіне кіріп бара жатқан атам мені байқап қалып: – Ау, балам, мынау қандай сәнің, – деді таңданған әрі ашулы дауыспен.
– Ата, қыстық етігімнің сырғытпасы түсіп қалып, шеберханаға апарып тастап едім, әлі жөндемепті, – дедім төмен қарап.
– Ә-ә, сәнің бе десем, жалқаулығың, қамсыздығың екен ғой. Әйтпесе күз келгенде қыс: «тоны жоққа сәлем айт, етігі жоққа өзім барамын» деп ескерткен жоқ па еді, – деді…
Расымен қыс жаздың соңын ала келмейді ғой. Алдымен белгі беріп, әлгіндей әуезді сәлем айтып, ескерту жасайды. Бірақ соның өзінде қамданбайтындар көп. Қамсыздық көп жағдайда қапы қалдырады. Әсіресе қысқа дайындық жаздан басталуы керек. Албар қораңда кем дегенде үш шөмеле шөп, аулаңда бір көлік отының мен көмірің болуы тиіс. Сонда ғана көңілің жайланып жүреді.
Қазірде кент тұрғындарының 75-80 пайызы үйлеріне табиғи газ кіргізді. Яғни олар қысқы жылу маусымында көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Отыннан бөлек мезгіл-мезгіл пеш жағудың да бейнетінен құтылды. Бірақ осы табиғи газ тартылмаған шалғайдағы ауыл тұрғындарының көбі отынсыз отыр қазір. Олар қысқа қам жасамағандар емес, вагонмен немесе жүк көліктерімен аудан орталығына келетін көмірді күтіп жүр. Сексеуіл мен жыңғылдың ортасында отырып қалай жылусыз болады деуіңіз мүмкін. Ендеше басынан бастап айтайық.
Мәселен, шалғайдағы Аққыр ауылының айналасы сексеуілге тұнып тұр. Сексеуілдің қызуы көмірден күшті болмаса, кем емес әрі экологиялық жағынан ауаны ластамайды. Керісінше бөлменің ауасын тазартуға, залалсыздандыруға пайдасы көп. Бұрын, нақтырақ айтсақ, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасына дейін Қызылқұмдағы, Жаңадария бойындағы ит тұмсығы батпайтын дарақ сексеуілдерді күллі Қызылорда облысының халқы тасып тұтынды. Аққыр ауылындағы күрежолдың үстімен күніне тіркемесімен тізіліп он жүк көлігі сексеуіл тиеп өткеніне куәміз. Оны көзіміз көрді. Оның арғы жағында сол сексеуіл тоғайын келісім-шарт бойынша Өзбекстан релсь арқылы вагон-вагонмен елу жыл бойы тасып, Жаңадария жағасын отап кетті. Соның салдарынан бүгінде сексеуіл алуға заң жүзінде қатаң тыйым салынды. Әсіресе жас сексеуілдің бір түбін жұлғандардың мойынына бірнеше мыңдаған теңге айыппұл өңгеріледі. Сексеуіл тұқымы құрып бара жатқан бұталы өсімдік ретінде «Қызыл кітапқа» еніп, мемлекет тарапынан қорғауға алынған. Ауыл халқы орман-тоғайды қорғау қызметкерлерінің қолына түсіп қалса, онсыз да шатқаяқтап жүрген шаруасын шайқап алатынын біледі. Оның үстіне бұрын бес-алты баламен барып, азаннан кешке дейін бір көлікті сықитып тиеп алып, аулаңа тегін түсіріп алатын сексеуілдің бағасы қазір ауылда 35-40 мың теңге болып кеткен. Қыстан қысылмай шығуға бір көлік сексеуіл жетпейді, кем дегенде үш айда үш көлік түсіруің керек. Ал үш көліктің бағасын бас бармағыңнан бастап бүгіп есептеп жіберсең, ауыл халқының ай сайын алатын айлығының өзі маңайламайды. Сондықтан қазірде ауыл тұрғындары тиісті мекеменің рұқсат қағазымен алған қураған сексеуіл мен жыңғылды тек тамызық үшін пайдаланады. Сол себепті ауылдағылардың көбі қазірде көмірден хабар келіп қалар ма екен деп ауданға қарап, құлағын түріп елеңдеп отыр. «Кәрі құдаң» болса, әне-міне есіктен кіріп келіп, алай-дүлей боранын азынатқалы тұр. «Қылышын сүйретіп қыс келді» деген тіркестің өзі тегін айтылмаған ғой. Сондықтан өзгені қайдам, өзім ауыл тұрғындарына көмірдің келгенін бірінші болып сүйіншілеуге асығып жүрмін…

Қуат АХЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: