Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

16°C

, Сәрсенбі, 02 сәуiр, 21:07

Қызылордалық өнерпаздар Еуропада қазақ мәдениетін насихаттады

01.04.2025

132

0

24-27 наурыз аралығында Қызылорда облысының Еуропадағы өнер күндері өтті. Сыр елінің өнерпаздары Финляндия, Эстония және Испания елдеріне қазақ халқының бай мәдени мұрасын таныстырып, ұлттық өнерімізді дәріптеді. Шығармашылық сапар барысында мемлекеттер арасындағы мәдени-рухани байланыс артып, шетелдегі қандастарымыз да елге деген сағынышын басып, ұлттық өнерден қуат алды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өнер сапарынан оралған бір топ өнерпаз сапардан алған әсерімен бөлісті.

– Сыр бойының өзіне тән жыр-күйлері сол жақтағы халықтың үлкен қызығушылығын туғызды деп айта аламыз. Ең алғашқы кешіміз Финляндия елінде басталды. Концерттен соң фин халқы бізді сахнадан жібермей, әріптестеріміздің әрқайсысымен суретке түсіп, Сыр жұртшылығына жалынды сәлемін айтып жіберді. Бұл ілтипаттар Эстония мен Испанияда да қайталанды. Осы орайда әлеуметтік желі арқылы біздге тілекші болып, қолдап отырған жерлестерімізге ризашылығымызды білдіреміз. Сондай-ақ, Сыр өнерпаздарының атынан осы тарихи сапардың жүзеге асуына үлкен қолдау білдірген аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлына алғыс айтамыз,- деді айтыскер ақын Мұхтар Ниязов.

– Бұл Еуропалық сапардың орны ерекше болды деп айта аламыз. Біз бұған дейін де шет елдерде болдық, десе де бір ғана мемлекетпен шектелетін едік. Ал осы жолы Еуропаның үш елінің бас қалаларында өнер көрсеттік. Қазақтың өнеріне тән барлық жанрлар қамтылған ерекше концерт болды. Үстімізге киген ұлттық костюмдеріміз жергілікті тұрғындардың назарын аударып, қандастарымыздың туған жерге деген сағынышын басуға септігін тигізді. Тіпті кей қандастарымыз сағыныш сезімінен көзіне жас алған сәттері де болды. Осы сәттерді көзімізбен көріп, залда отырған әр көрерменнің қошеметін, ыстық ықыласын шынайы сезінген кезде төбеміз көкке жетті. Сонымен қатар, әрбір шет елдегі қандасымыздың Ұлыстың ұлы күнін сезініп, ұлттық өнерді тағы бір естіп, өздерінің ішкі толғаныстарын айтқан кезде аймақ басшысының көрегендігіне тәнті болдық, – әнші Самал Байсейітова.

Брифинг 01.04 2.jpg

– Үлкен сапардан абыроймен оралдық қой деп есептейміз. Наурыз мейрамын тойлау барысында салт-дәстүрімізді, ұлттық тағамдарымызды көрерменге ұсынғанда тіпті бөлек болды. Ол жақтағы халықтың сағынышпен қарсы алуы, қимастықпен шығарып салуын көзімізбен көрдік. Біз тек Сыр өңірінің атынан ғана емес қазақ елінің атынан бардық. Бұған дейін бір ғана мемлекетке ғана барып қайтатынбыз. Бұл сапарда үш бірдей мемлекетте қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттадық. Оған қолдау көрсеткен аймақ басшысына, азаматтарға алғыс білдіреміз, – деді дәстүрлі әнші Руслан Ахметов.

Брифинг 01.04.4.jpg

– Қазақтың ұлттық өнерін шетелде көрсетіп қайттық. Қай қалаға барсақ та көрерменнің ерекше ықыласын сезіндік. Біз үшін бұл сапар тарихи сәт болды. Ұлттық өнерді насихаттап, шетелдегі қандастарымыз бен жергілікті тұрғындарға ұсыну мақсатындағы сапарға қолдау білдерген облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлына алғыс білдіреміз, – деді «Ақмешіт» фальклорлық ансамбілінің әртісі Алтынай Берденова.

Брифинг 01.04.3.jpg

Фото: Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: