Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Бейсенбі, 28 наурыз, 23:31

Жүректілікті талап ететін мамандық

14.10.2022

286

0

 Қоғамда ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі екені белгілі. Қауіпсіздік ережесіне салғырттық қараудан немесе табиғи апаттың салдарынан орын алатын түрлі өрттермен бетпе-бет келіп, тілсіз жауды тұзақтауда аянбай тер төгетін маман иелерінің жұмысы оңай емес. Кез келген уақытта осы ержүрек жігіттер өз өмірін қатерге тігіп, көмекке келеді. Сондықтан төтенше жағдайларда ең алдымен тұрғындарды құтқаруға тырысатын өрт сөндіруші мамандардың еңбегі ерлікпен тең десек артық айтпаймыз. Осындай батыр, жанқияр, салқынқанды жігіттер кімдер? Олардың жұмыс күні қалай өтеді, қандай жағдайда жұмыс жасайды? Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында шығармашылық топ, яғни әріптесім Нұрболат Қаржаубай екеуміз таң атысымен Қызылорда қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне жол тарттық.

Күн ұясынан шықпай тұрып, бөлімше ауласында жұмыс күні басталып кеткен. Ұйқысын аша алмай жүрген бір де бір қызметкер байқалмайды. Ендігі үйреніп те кеткен болар. Бөлімше аумағында бақылау бекеті, автотұрақ орналасса, сондай-ақ спорттық көрсеткіштер мен спорттық жабдықтар, жаттығу мұнарасы, кедергілер жолағы, тіпті спорттық ойын алаңдары жасақталған. 

Сөйтіп бөлімшеде өрт-құтқару қызметінде жаңа аусым басталды. Бүгін жұмысқа түскен өрт сөндіруші, яғни құтқарушылар 24 сағат бойы осында болады. Яғни бір тәулік қызметте болып, үш күн демалады. Аусым техникалық қауіпсіздік бойынша нұсқамалық пен жеке құрамға маңызды мәліметтерді жеткізуден басталды. Ары қарай құтқарушылар көліктердің жағдайын, құтқаруға қажетті құрал-жабдықтарды бір тексеріп шықты. Одан кейін арнайы оқу-жаттығу сабақтары өткізіледі. Сабақта қай күні қандай өртке шықты, сол апатты тұсауда қандай қателіктер жіберілді, осының барлығы талдаудан өтеді. Өрт сөндірушілерде теориялық сабақтан басқа практикалық сабақтар кестесі де бар. Яғни дабыл соғылғанда олар бірден жаттығуға шығады. Дабылды ести салысымен киім, қажетті жарақтарды алып, көлікке отырып, бөлімше аумағынан шығады. Бұл шынайы оқиға емес, қауіп-қатер дабылы оқу-жаттығу үшін берілді. Ал бұл әрекет жауапты маман үшін кәсібилікті тағы да бір пысықтау.

Айта кететін жайт, 19 қазан құтқарушылар күні қарсаңында кіл жүйрікте кім жүйрікті анықтайтын өрт-құтқару спорттық сайысы басталыпты.  Ұжымдық қарым-қатынас пен кәсіби шеберлік сынға түсетін жарыста 15 команда бақ сынайды. Бүгін ең әсерлі кезең жауынгерлік қанат жаюдан жарыс өтеді. Жарыс бөлімше ауласында сағат 9.00-де басталып кетті. Сайыс өте тартысты, әрі қызықты өтті. Ұжымдардың мықты дайындықпен келгендігі байқалып тұрды. Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Алия Ережепованың айтуынша, мұндай жарыстардың қызметкерлер үшін тигізер пайдасы мол көрінеді.

«Егер қаланың ішінде төтенше жағдай орын алса, құтқарушылар 10-15 минуттың ішінде жетуге міндетті. Мысалы өрт сөндірушілердің киімдерінің өзі 8 кг болады. Оның үстіне газқағарды және арнайы құрал-жабдықтарын қосасыз, барлығы 30 кг қосымша салмақты көтеріп жүруі керек. Ал мына көліктердің су сыйымдылығы 7 тонналық, секундына 8 литр су шашады. Секундына 8 литр су шашса, әрі кетсе су 2 минутқа ғана жетеді. Өрт сөндірушілер суды тоқтатпау үшін қала аумағында орналасқан өрт гидранттарына қосылады. Сол себепті өрт сөндірушілер физикалық тұрғыдан әркезде дайын болуы қажет», – дейді Алия Ережепова. 

Айта кетейік, 2022 жылғы 9 айында Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің бөлімдерімен дабыл бойынша 9 422 рет шыққан. Өткен жылмен салыстырғанда 2 472 шығысқа немесе 26,3 пайызға көбейген. Оның ішінде өртке 311 рет шығып, өткен жылмен салыстырғанда 15 шығысқа немесе 4,9 пайызға артқан. Кадр саясатына тоқталсақ, қазіргі таңда 11 бос жұмыс орны жарияланған. Ең бастысы аталған салаға жұмысқа орналасам деген азаматтарға қандай мамандықта білім алғаны маңызды емес. Физикалық, психологиялық тұрғыдан дайын болып, іріктеу конкурсынан өтуі керек. Конкурстан өткен соң әрі қарай Шымкент қаласына оқуға жіберіледі. Сондай-ақ өрт сөндіру мамандығы бойынша арнайы Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы мамандар дайындайды.

Сайыстан соң бізде өрт сөндірушіден сұхбат алуды жөн көрдік. Өзінің спорттық жарысын жақсы нәтижемен тәмамдаған №5 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Мұхамбетжан Алдабергенді әңгімеге тарттық. Ол аталған салада 2020 жылдан бері қызмет етеді екен. 

«Мен оқуды бітіргеннен кейін қандай салада жұмыс істеймін деп көп ойланбадым. Бала кезден құтқарушы, оның ішінде өрт сөндіруші боламын деп армандайтынмын. Армандап қана қоймай, спортпен айналысып, физикалық тұрғыдан өзімді осы мамандыққа дайындадым. Шүкір, жаман емес, бүгінде ең жауапты салада қызмет етудемін. Біздің бөлімше әрдайым кез келген уақытта, қандай жағдай болмасын адам өмірін құтқаруға дайын. Өз өмірлерін қатерге тігіп, төтенше жағдайға тап болған адамдарды құтқарады. Негізі бізге жүктелген тәртіп бойынша кез келген бөлім қызметкерлері  төтенше оқиға болған орынға он минуттың ішінде жетуі керек. Сондықтан біз барынша ыждағатты түрде, жағдайға сай әрекет етуге дайын болуымыз міндетті. Сондай-ақ тұрғындарға өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға кеңес беремін», – дейді Мұхамбетжан Алдаберген.

Сонымен қатар құтқарушылар тек физикалық емес, психикалық жағынан да дайындықтан өтеді. Ол үшін бөлімшеде психолог мамандар жұмыс істейді. Осындай қауіпті қызметтің жалақы мөлшері жоғары болмаса да, ұнатқан мамандық бойынша жұмыс істегенде мұның бәрі маңызды емес болып қалатынын айтады. Жақында мынадай оқиға болыпты. Ғимараттың 5-ші этажында өрт болып, пәтер ішінде күйеуі, әйелі, кішкентай баласы қалып қойған. Өрт сөндірушілер барғанда кішкентай бала каска кейген құтқарушылардан қорқып, жылаған. Тәжірибелі өрт сөндіруші дереу каскасын шешіп, балаға газқағар аппаратын кигізіп, аман-есен құтқарып шыққан. Міне, осындай салқынқанды құтқарушылардың әрекеті, қоғам алдында сенімділікті оятады.

Бөлімшеге сапар барысында байқағанымыз олар күнделікті өмірде қандай төтенше жағдайлармен бетпе-бет келетінін, қиындықты қалай еңсеретіндерін ашылып, көп айта да бермейді. Қызмет бабында азды-көпті ерліктер жасаса да, олар өз еңбектерін ерлік деп санамайды.

WhatsApp Image 2022-10-13 at 19.35.40 (2).jpeg
2.jpg
3.jpg
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: