Апта басында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен отырыста ауыл шаруашылығы жануарларын қадағалау жүйесін жетілдіру процесі талқыланды. «Етті ветеринариялық-санитариялық сараптау» жаңа модулінің арқасында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпарат жүйесінде мал сою орындарында сараптама актісі мен анықтама беру және жануардың өмірлік циклі туралы ақпарат жиналған QR-код жасау процесі цифрландырылды.
Бұл QR ет сатылатын орындарға орналастырылады, ол жануарларды ветеринариялық тексерусіз мал союдың алдын алуға мүмкіндік береді. Жаңа модуль Алматы, Павлодар және Жетісу облыстарында пилоттық режимде сыналып жатыр.
Бұл тәсіл шекаралық өткізу бекеттерінде де енгізілген. Келіп түскен жүктер туралы мәліметтер ақпарат жүйесіне енгізіледі, тексеру және сынама алу актілерінің электрондық нұсқасын қалыптастырады, олар мемлекеттік ветеринариялық инспекторға және ветеринариялық зертхана қызметкеріне жіберіледі. Бүгінде жүйе Павлодар облысының шекара маңындағы бекеттерде тестілеуден сәтті өткен.
– Ел аумағында мал соятын 904 нысан бар, оның ішінде 109-ы ет өңдеу кәсіпорны, 281 мал сою пункті және 514 мал сою алаңы бар. Ветеринариялық талаптарға сәйкес келмегендіктен, 106 мал сою нысаны жабылды, 2023 жылы қаңтар-қазан айлары аралығында 661 мал сою алаңының есеп нөмірлері кері алынды, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Сонымен қатар вице-министр барлық ірі ауылдық округте ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасы бар мал сою пунктілерін ашу қажеттігін атап өтті. Кеңесте Аманғали Бердалин Қазақстан аумағында жануарлар мен құстарды жоспар бойынша диагностикалау және вакцинациялау туралы сөз етті. Диагностикалық және профилактикалық іс-шаралар туралы барлық мәлімет АШЖБ базасына енгізілген. Нәтижесінде соңғы жылы елімізде қауіпті аурулар ошақтары 38 пайызға төмендеген.
Шегірткеге қарсы күреске дайындық туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндады. Соңғы жылдары Ақтөбе және Қостанай облыстарында зиянкестердің таралу алаңы өскен. 2023-2024 жылдары шегіртке таралуының 11 жылдағы рекордтық көрсеткіші орын алып отыр. Егістік жерлерді шегірткеден уақытылы сақтау үшін алдын ала мемлекеттік сатып алу жоспары жасалып, конкурстар жарияланған. Оңтүстік өңірлерде қажетті жұмыстарды сәуір айында, солтүстікте мамырда бастау жоспарланып отыр.
Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірге мал союдағы жаңашылдықтар, олардың артықшылықтары бойынша тұрғындар арасында кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ егістік жерлерді шегірткеден уақытылы өңдеу үшін барлық қажетті процедураны жедел жүргізу қажет.
Айта кетейік, облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, биыл Қызылорда облысындағы аса қауіпті деп танылатын 14 жұқпалы аурудың алдын алуға республикалық бюджеттен 6973,5 мың доза ветеринариялық препарат жеткізіліп, елді мекендерге таратылған. Өткен жылмен салыстырғанда препараттар 1 млн-ға артып отыр.
Жергілікті жерлерде аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егу және диагностикалық тексеру жұмыстары тұрақты өткізілуде. Нәтижесінде облысқа берілген вакцина қолданылатын аусыл бойынша таза аймақ мәртебесін Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы наурыз айында қайта растаған.
Сондай-ақ энзоотиялық аурулардың алдын алу шаралары да тұрақты жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 6 энзоотиялық ауруға қажетті 707,4 мың доза ветеринариялық препарат алынған. Қазіргі таңда 8 ветеринариялық станция, 139 пунктте барлығы 746 маман жұмыс жасайды. Білікті ветеринар мамандардың сапалы жұмысының арқасында аймақта төрт түлік арасындағы аса қауіпті жұқпалы аурулар азайған.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!