Ауданда алқапқа енді соқа салып жатқан шаруашылықтар жетерлік. Ал «Сәрке батыр» ЖШС бүгінде дән себуді бастап кетті. Жыл сайын егінді әртараптандыруға басымдық беретін шаруашылық биыл да осыған ерекше ден қойған. Олай жасайтындай жөні бар, себебі жыл сайын диқандарды қос бүйірден қысқан аяқ су мәселесі күрделенбесе, шешімін таппай жатыр.
Серіктестіктің бас агрономы Қанат Демесінов сәуір айының басында ақегіс жұмыстарын қорытындылағанын айтады. Шаруашылық биыл күріштен бөлек 80 гектар алқапқа бидай егіпті. Сондай-ақ 70 гектар мақсарысы тағы бар. Мұнан бөлек 233 гектар алқапқа жаңа жоңышқа егіп, 420 гектар ескі жоңышқаны күтімге алған.
– Судың жайын өздеріңіз жақсы білесіздер, жыл сайын мәселе күрделеніп келеді. Осы ретте біз егінді әртараптандыруға басымдық беріп жатырмыз. Мұнан күріш алқаптары қысқаратыны айтпаса да түсінікті. Есесіне суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық бердік. Шаруашылықта 2 сутартқыш насос бар. Алдыңғы жылы сонымен амалдадық. Ал былтыр оны мүлде пайдаланған жоқпыз. Биыл аяқ су мәселесі күрделенген жағдайда оларды іске қосамыз. Қазір екі механизатор күріш себуді бастап кетті. Қалған механизаторлар жерді сүдегерлеп, тегістеп, тұқымға дайындап беруде. Дәл осы қарқынмен жұмыс жүрсе, алдағы онкүндікте дән себуді де тәмамдаймыз, – дейді Қанат ағамыз.
Иә, қазір судың жайы айтпаса да түсінікті, сондықтан аудандағы басқа да шаруашылықтар сутартқыш насостарын әлден дайындап отыр. Себебі биыл ауданға түсетін су көлемі айтарлықтай қысқарған. Мәселен, былтыр егіске дәл осы серіктестік 3 мың текше метр су алса, биыл оның көлемі мың текше метрге азайған.
Салада 30 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман былтыр шаруашылық жылды оң нәтижемен қорытындылағанын айтады. Серіктестік өткен жылы 950 гектар алқапқа Сыр салысын сепкен. Әр гектардан 60 центнерден орташа өнім жиған. Диқандар арасында ең жоғары өнімді кәнігі күрішші Рамазан Абайділдаев алыпты. Гектарынан 76 центнер күріш алған даңғайыр диқандардың ізбасарына былтыр сабантойда темір тұлпар табысталған.
– Күріш те бала сияқты күтімді қажет етеді, оны да қырқынан шығарасың, жерге дән түскеннен бізге дамыл жоқ. Мол өнім алу үшін механизаторлармен бірге алқап басында жүрген күндер болды. Қай жерді қалай сүдігерлеу керек, соның барлығын айтып, бағыт беріп отырамын. Былтыр да мен үшін жұмыс ерте көктемде басталды. Нәтиже де жаман болған жоқ, шаруашылық бойынша ең көп күріш менің алқабымнан шықты. Биыл да меже жоғары, былтыр гектарынан 70 центнерден астам өнім алсам, биыл бұйыртса, 80 центнерден асыру керек, барлығын алдағы уақыт көрсетеді. Бірақ оған дейін тағы да тер төгуге тура келеді, – дейді күрішші Рамазан Абайділдаев.
Қазір көктемгі науқан жұмыстарына техникадан мәселе жоқ. Десе де Қанат Демесінов алдағы күзгі науқанға бірқатар техника алатындарын айтады. Мәселен, егін жинау жұмыстарына дейін шаруашылықтың техникалық базасы «Магдон» және «Класс» комбайндармен толықпақ.
– Шаруашылық үшін маусымында еңбек өнімділігі жоғары болуы үшін техникалық базасы жарақты болуы тиіс. Сондықтан біз жыл сайын осы мәселеге ерекше мән беріп келеміз. Биыл да осы мақсатта бірқатар жоспарымыз бар. Алдағы уақытта серіктестіктің техникалық базасы тағы да заманауи көліктермен толықпақ. Қазір көктемгі науқан жұмыстарына техникадан мәселе жоқ. Күзде табысымыз мол болса, келер жылдың көктеміне де тағы техникаларды жаңартамыз, – дейді бас агроном.
Айта кетейік, серіктестік бүгінде 115 адамды жұмыспен қамтып отыр. Былтыр сабантойда олардың төртеуі темір тұлпар тақымдаса, мұнан бөлек еңбекте озат болған бірқатар дала дарабозына жалпы құны 35 млн теңге қаржылай сыйақы үлестірілген.
Шаруашылық былтыр күріштің басқа да сұрыптарын еккен, биыл да осы бағытта өзгерістер бар. Бас агроном бұл қадамға тауардың өтімділігі мен пісіп-жетілуіне зер салып барғанын айтады.
– Қазір күріштің жергілікті сұрыптарының көбісі ескірді ғой, оның үстіне бір тұқымды жыл сайын еге берсең, міндетті түрде ол сапаның нашарлауына әкеліп соғады. Сондықтан біз тұқымды жаңартуға басымдық бердік. Қазір серіктестіктің егіс алқабында «Лидерден» бөлек басқа да Сыр салысының сұрыптары бар. Олар да «Лидер» секілді өтімді және біздің өңірде пісіп-жетілуі де бірдей. Сондай-ақ биылдан бастап «Янтар» егіп жатқан жоқпыз. Алдағы уақытта да тұқымды ауыстыру бағытында жұмыстар жалғасады, – дейді Қанат ағамыз.
Тәжірибелі маман сөзінің жаны бар, расында бір өнімді жыл сайын еге берсең, сапасы сыр беретіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан басқа да шаруашылықтар осындай қадамға баруы керек. Естеріңізде болса, бір жылдары Жалағашта өсіп жатқан күріштің 60 пайызы ауруға ұшыраған. Сол тұста да мамандар осындай шешімге келген.
Бұл – негізінен тәжірибеде бар тәсіл. Мысалы, Ресей елін алайық, бұл елде аудан, ауыл былай тұрсын, бір облыста тек күріштің 1 ғана сұрпы егіледі екен. Сол аймақтағы бір шаруашылық күріштің басқа сұрпын ексе, ауыл шаруашылығы жерін мақсатты пайдаланбаған болып танылады. Жергілікті ғалымдар «өнім будандасып, тұқым бұзылады» деген шешімге келгеннен кейін салаға жауапты министрлік осындай шешім шығарған.
Иә, күріш өсіруде мұндай зерттеу орталықтары болмаса да «Сәрке батыр» ЖШС мейлінше өнім сапасына ерекше мән беріп келеді. Биыл шаруашылық күріш алқабын 50 гектарға қысқартқан. Қанат Демесінов алдағы жылдары да суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беретінін айтады.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!