Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сейсенбі, 21 мамыр, 11:00

Серіктестік жерге дән септі

30.04.2024

439

0

Ауданда алқапқа енді соқа салып жатқан шаруашылықтар жетерлік. Ал «Сәрке батыр» ЖШС бүгінде дән себуді бастап кетті. Жыл сайын егінді әртараптандыруға басымдық беретін шаруашылық биыл да осыған ерекше ден қойған. Олай жасайтындай жөні бар, себебі жыл сайын диқандарды қос бүйірден қысқан аяқ су мәселесі күрделенбесе, шешімін таппай жатыр.

Серіктестіктің бас агрономы Қанат Демесінов сәуір айының басында ақегіс жұмыстарын қорытындылағанын айтады. Шаруашылық биыл күріштен бөлек 80 гектар алқапқа бидай егіпті. Сондай-ақ 70 гектар мақсарысы тағы бар. Мұнан бөлек 233 гектар алқапқа жаңа жоңышқа егіп, 420 гектар ескі жоңышқаны күтімге алған.
– Судың жайын өздеріңіз жақсы білесіздер, жыл сайын мәселе күр­деленіп келеді. Осы ретте біз егінді әртараптандыруға басымдық беріп жатырмыз. Мұнан күріш алқаптары қысқаратыны айтпаса да түсінікті. Есе­сіне суды аз қажет ететін дақыл­дарға басымдық бердік. Шаруа­шы­лықта 2 сутартқыш насос бар. Алдыңғы жылы сонымен амалдадық. Ал былтыр оны мүлде пайдаланған жоқпыз. Биыл аяқ су мәселесі күрделенген жағ­­дай­да оларды іске қосамыз. Қазір екі ме­ха­низатор күріш себуді бас­тап кетті. Қалған механизаторлар жерді сү­де­герлеп, тегістеп, тұқымға дайын­дап бе­руде. Дәл осы қарқынмен жұмыс жүрсе, алдағы онкүндікте дән себуді де тәмамдаймыз, – дейді Қанат ағамыз.
Иә, қазір судың жайы айтпаса да түсінікті, сондықтан аудандағы басқа да шаруашылықтар сутартқыш насос­тарын әлден дайындап отыр. Себебі биыл ауданға түсетін су көлемі айтарлықтай қысқарған. Мәселен, былтыр егіске дәл осы серіктестік 3 мың текше метр су алса, биыл оның көлемі мың текше метрге азайған.
Салада 30 жылдан астам тәжіри­бесі бар білікті маман былтыр ша­руа­шылық жылды оң нәтижемен қоры­тындылағанын айтады. Серік­тес­тік өткен жылы 950 гектар алқапқа Сыр салысын сепкен. Әр гектардан 60 центнерден орташа өнім жиған. Диқандар арасында ең жоғары өнімді кәнігі күрішші Рамазан Абайділдаев алыпты. Гектарынан 76 центнер күріш алған даңғайыр диқандардың ізба­сарына былтыр сабантойда темір тұлпар табысталған.
– Күріш те бала сияқты күтімді қажет етеді, оны да қырқынан шығарасың, жерге дән түскеннен бізге дамыл жоқ. Мол өнім алу үшін механизаторлармен бірге алқап басында жүрген күндер болды. Қай жерді қалай сүдігерлеу керек, соның барлығын айтып, бағыт беріп отырамын. Былтыр да мен үшін жұмыс ерте көктемде басталды. Нәтиже де жаман болған жоқ, шаруашылық бойынша ең көп күріш менің алқабымнан шықты. Биыл да меже жоғары, былтыр гектарынан 70 центнерден астам өнім алсам, биыл бұйыртса, 80 центнерден асыру керек, барлығын алдағы уақыт көрсетеді. Бірақ оған дейін тағы да тер төгуге тура келеді, – дейді күрішші Рамазан Абайділдаев.
Қазір көктемгі науқан жұмыстарына техникадан мәселе жоқ. Десе де Қанат Демесінов алдағы күзгі науқанға бірқатар техника алатындарын айтады. Мәселен, егін жинау жұмыстарына дейін шаруашылықтың техникалық базасы «Магдон» және «Класс» комбайндармен толықпақ.
– Шаруашылық үшін маусымында еңбек өнімділігі жоғары болуы үшін техникалық базасы жарақты болуы тиіс. Сондықтан біз жыл сайын осы мәселеге ерекше мән беріп келеміз. Биыл да осы мақсатта бірқатар жоспарымыз бар. Алдағы уақытта се­рік­тестіктің техникалық базасы тағы да заманауи көліктермен толықпақ. Қазір көктемгі науқан жұмыстарына техникадан мәселе жоқ. Күзде та­бысымыз мол болса, келер жылдың көк­теміне де тағы техникаларды жа­ңар­тамыз, – дейді бас агроном.
Айта кетейік, серіктестік бүгінде 115 адамды жұмыспен қамтып отыр. Былтыр сабантойда олардың төртеуі темір тұлпар тақымдаса, мұнан бөлек еңбекте озат болған бірқатар дала дарабозына жалпы құны 35 млн теңге қаржылай сыйақы үлестірілген.
Шаруашылық былтыр күріштің бас­қа да сұрыптарын еккен, биыл да осы бағытта өзгерістер бар. Бас аг­роном бұл қадамға тауардың өтім­ділігі мен пісіп-жетілуіне зер салып барғанын айтады.
– Қазір күріштің жергілікті сұрып­тарының көбісі ескірді ғой, оның үстіне бір тұқымды жыл сайын еге берсең, міндетті түрде ол сапаның нашарлауына әкеліп соғады. Сон­дықтан біз тұқымды жаңартуға ба­сымдық бердік. Қазір серіктестіктің егіс алқабында «Лидерден» бөлек басқа да Сыр салысының сұрыптары бар. Олар да «Лидер» секілді өтімді және біздің өңірде пісіп-жетілуі де бірдей. Сондай-ақ биылдан бастап «Янтар» егіп жатқан жоқпыз. Алдағы уақытта да тұқымды ауыстыру бағы­тында жұмыстар жалғасады, – дейді Қанат ағамыз.
Тәжірибелі маман сөзінің жаны бар, расында бір өнімді жыл сайын еге берсең, сапасы сыр беретіні айт­паса да түсінікті. Сондықтан басқа да ша­руашылықтар осындай қадамға баруы керек. Естеріңізде болса, бір жыл­дары Жалағашта өсіп жатқан күріштің 60 пайызы ауруға ұшыраған. Сол тұста да мамандар осындай шешімге келген.
Бұл – негізінен тәжірибеде бар тәсіл. Мысалы, Ресей елін алайық, бұл елде аудан, ауыл былай тұрсын, бір облыста тек күріштің 1 ғана сұрпы егіледі екен. Сол аймақтағы бір шаруашылық күріштің басқа сұр­пын ексе, ауыл шаруашылығы жерін мақ­сатты пайдаланбаған болып таны­лады. Жергілікті ғалымдар «өнім бу­дан­дасып, тұқым бұзылады» деген ше­шімге келгеннен кейін салаға жауап­ты министрлік осындай шешім шығарған.
Иә, күріш өсіруде мұндай зерттеу орталықтары болмаса да «Сәрке батыр» ЖШС мейлінше өнім сапасына ерекше мән беріп келеді. Биыл шаруа­шылық күріш алқабын 50 гектарға қыс­қартқан. Қанат Демесінов алдағы жыл­дары да суды аз қажет ететін да­қыл­­дарға басымдық беретінін айтады.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: