Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Жексенбі, 24 қараша, 12:53

Тәрбие әлсіреп, қылмыс өршіді

29.10.2024

524

0

Жасөспірімдер арасында қылмыс көбейді. Талғардағы 16 жастағы оқушының адам қолынан қаза болуы қоғамдағы бүгінгі жағдайдың күрделеніп кеткенін анық көрсеткендей. Әрине, мұндайда «Заң осал ма, әлде қоғам осындай деңгейге жетті ме?» деген заңды сұрақ туады. Бұған не себеп болуы мүмкін? Жасөспірімдердің теріс жолға түсуіне кім кінәлі, ата-ана ма, мұғалім бе, әл де өскен ортасы ма? Тарқатайық…

4919 бала
түрмеге тоғытылған

Соңғы үш жылда кәмелеттік жасқа толмаған 5 мыңға жуық бала ауыр қыл­мыстар жасаған. Жалпы бала­лар арасында күн сайын 5 қылмыс жа­са­лады екен. Ал Бас прокуратураның мәлі­метінше, биыл 9 айдың көрсеткіші бо­йынша кәмелетке толмағандар ара­сындағы қылмыс 4,1 пайызға артқан. Соның ішінде Ұлытауда 77,8, Астанада 54,3, Павлодарда 50, Атырауда 38,9, Солтүстік Қазақстанда 16,7, Алматыда 14,6, Маңғыстауда 14,3, Шымкентте 13,6 пайызға артқан. Сорақысы, кәмелетке толмаған мектеп оқушылары арасында жасалған қылмыс саны 93,8 пайызға көбейген. Яғни жасөспірімдердің қаты­суымен 512 ұрлық, 121 тонау, 94 бұзақылық, 66 алаяқтық қылмыс орын алып, 60 қылмыс бойынша денсаулыққа қаса­қана ауыр зиян келтірілген.
Соңғы 3 жылда қылмыстық жауап­кершілікке 4919 кәмелетке тол­маған жасөспірім тартылған. Жасөс­пі­рімдер жасаған қылмыстардың не­­гізгі түрлері – ұрлық, тонау, бұза­қы­лық, алаяқтық, есірткі және жыныстық қа­тынасқа қатысты. Алаяқ­тық пен есірткі қыл­мыс­тарын жасауда ұсталған жасөс­пірімдер са­ны да ай­тарлықтай өскен. Ел тұрғын­дарының үш­тен бірін жастар құрайтынын ескерсек, бұл – дабыл қағарлықтай көрсеткіш.
Балалар қылмысының былай өсу себептерінің бірі – «тәуекел тобындағы» кәмелетке толмағандардың қараусыз қалуы және олардың сабақтан тыс бос уақытының көп бо­луы. Қыл­мыс жасаған кәмелетке толма­ған­дардың жалпы санының 48 пайызы не­месе жартысы оқымағандар мен жұмыссыздарға тие­сілі. Яғни 9 сынып­тан кейін оқуын жалғастырмаған ба­лалар арасында қыл­мыс жиілеген.

345 азамат ата-ана
құқығынан айырылған

Биыл бала тәрбиесі бойынша мін­дет­терін тиісінше орындамағаны үшін 84 мың заңды өкіл әкімшілік жауап­кер­ші­лікке тартылып, 345 адам ата-ана құ­қы­ғынан айырылған. 125 кә­ме­лет­ке толмаған жасөспірім де­виантты мінез-құлықты балаларға ар­налған ар­найы мектептерге жіберілген. Еліміздің Жамбыл, Маңғыстау, Шы­ғыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласында осындай 4 арнайы мектеп болса, олар­да 161 бала бар. Ал Абай облысындағы ерекше ре­жимдегі арнайы мектепте 13 бала білім алуда.
Отбасы – тәрбие институты. Ба­ла балалық шағында отбасынан не ал­са, оны кейін өмір бойы есінде сақ­тайды. Өйткені үйде бала ең алдымен өзі­нің мінез-құлық нормаларын қалып­тас­тырып, ортамен қарым-қатынасты игереді. Жасөспірімдер кезеңінде ата-аналар қандай қателіктер жібереді? Баланың психологиялық дамуына ата-ананың мінез-құлқы қаншалықты ық­пал етеді? Жуырда осы және өзге де сұ­рақтардың «Бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігі» тақырыбында сала мамандарының қатысуымен өт­кен бас­пасөз алаңында түйіні тар­қа­­тылды. Өңірлік ком­муникациялар қыз­ме­тінің жанынан құрылған сарап­шылар тобының, психо­логтардың, мұғалім­дер­дің пікірінше, бала тәрбиесіне отба­сын­дағы жағдай ерекше әсер етеді екен.
– Әрбір ата-ана бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті естен шығармауы ке­рек. Бала үшін алғашқы ұстаз – ата-ана, одан кейін білім беру ұйымда­рын­дағы мұғалімдері. Кез келген бала жа­саған тәр­тіпсіздігі мен басына түс­кен қиынды­ғын ата-анасына қорықпай жеткізе бі­луі керек. Ата-анасы бала­ның мінсіз бол­ғанын қалап, дауыс кө­теріп ұрыса бе­ретін болса, бала еш­қа­шан ата-анаға ашы­лып әңгімесін айт­­пайды. Өйткені олар жазаланудан қор­қады. Сондықтан жасөс­­пірім кезінде баламен дұрыс қа­рым-қатынас орнату маңызды, – дейді об­лыстық «Орда» жо­ғары колледжінің әдіс­кері, сарапшы Айнұр Бекенова.

Билік бұған не дейді?

Түркістан облысы Келес ауданында жаппай төбелес салдарынан 9 сынып оқушысы қайтыс болды. Ақтөбеде топ бала 16 жастағы оқушыны тепкілеп өл­тірді. Талғарда 1 құты сыра үшін ересек адамдар жасөспірімді қаза қылды. Зай­санда қыздар аяусыз төбелесіп жүрсе, Қызылордада 1000 адам оқушы қызды жылдар бойы зорлаған. Мұндайда жа­заны бір адамның мойнына ілмей, оқи­ғаға қатысы бар қаныпезердің бәрі жа­залануы тиіс. Ол үшін әрине, заң да осал болмауы керек.
Осы орайда халық қалаулысы Ма­геррам Магеррамов кәмелет жасқа тол­мағандар арасында қылмысты азайту мақсатында кейбір істер бойынша қыл­мыстық жауапкершілік жасын төмен­детуді ұсынған. Өйткені кей агрессор балалар жасына байланысты жасаған қылмысы үшін жазасыз қалып жатыр.
– Мектеп баланы қоғамға бейім­­деу­дің алғашқы баспалдағы еке­нін ес­­керсек, өскелең ұрпақтың дест­рук­тив­ті мінез-құлқының алдын алып, оны уа­қы­тылы түзеу ұстаздар қауымының ғана қолынан келмек. Мектептегі зор­лық-зомбылықты түп-тамырымен жою керек. Бірақ бүгінде кішкентай қыл­мыс­­керлер жасының жетпеуіне байла­нысты жазасыз қалып отыр. Бәлкім кейбір қылмыстар үшін қыл­мыстық жауаптылық басталатын жастың шекті мәнін қайта қарап, жауап­­­кер­шілікті 14 жастан емес, 12 жас­­тан белгілегеніміз жөн болар, – дейді ол.
Алайда Үкімет басшысы Мәжіліс де­путатының бұл ұсынысын қабылда­ма­ды. Олжас Бектеновтің пікірінше, бұл жаста балалар өз әрекетінің қо­ғамға қауіп төндіретінін толық түсінбейді. Яғни бұл балаларды қорғау мен тәр­бие­­леуге қатысты құқықтық және гума­нистік көзқарастарға қайшы ке­леді. Сондай-ақ әлемдік тәжірибе бойын­ша Германия, Жапония, Ресей, Финляндия және Ұлыбританияда қылмыс­тық жауап­кершілік 14-15 жастан бас­талады екен. Мысалы, Жапонияда Бі­лім министрлігі балалар үшін қауіп­сіз ортаны құру үшін ересектердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған ар­найы «қорқытуға қарсы кеңес» құрған. Педагогтерден қорлаудың әр­бір жағдайына барынша қатысу және мұ­қият қарау, психологтар балалардың пси­хоэмоционалдық жағдайына кәсіби қолдау көрсету, ал ата-аналар мен қам­қоршылар қорлаудың алдын алу үшін мемлекеттік жүйемен белсенді түрде әрекеттесу талап етіледі.

10 мектепке 1 инспектор

Жақында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі де Үкімет отырысында аталған мәселеге үн қатты. Оның айтуынша, оқушылардың теріс қылыққа жиі ба­руына әлеу­мет­тік желі, фильмдер, теле­ви­зия­лық кон­тенттер, сондай-ақ мек­теп­тегі жағ­дай да әсер етеді. Яғни мек­тептегі тәлім­герлер айлығының тө­мендігінен жасөс­пірімнің тәрбие ісіне сел­қос қа­рай­тындары жет­кілікті екен.
Оның айтуынша, масс-медиадағы басым күш культі, танымал сериалдар мен басқа да формалар арқылы агрес­сияның насихатталуы қатыгездікті өр­­шіте түсуде. Әлеуметтік желілер ар­­қылы кең таралатын ойындар жастар­дың танымы мен талғамын ғана емес, таң­дауы мен тағдырын да қа­лып­тастырады. Сонымен қатар ата-ананың мейірін сезінбеу, отбасындағы түрлі ки­кілжің мен «травма», білім ошақтары мен тәрбие орын­дарында жастарға социа­лизация мо­делін ұсына алмау сияқты себептерді де жоққа шығара ал­маймыз. Тәлімгердің айлығы төмен, сынып жетекшілігіне тө­ленетін ақы аз, сондықтан тәрбие ісіне жіті көңіл бөліне бермейді. Орташа 10 мектепке бір инспектордан келеді екен. Өз сауа­лында осыларды тілге тиек еткен се­натор ел болашағына алаңдаушылық білдіретінін айтып, Үкімет басшысына ұсыныс білдірді.
– Ойымызды сабақтай келе мына­дай ұсыныстар береміз. Алдымен тәр­бие жұмысын жандандыру, мектеп инс­пекторларын көбейту, «Жас ұлан» сияқты ұйымдардың жұмысын транс­формациялау қажет. Одан соң балалар және жастар контентіне баса мән бе­ру керек екені жіті айтылып ке­леді. Со­нымен қатар Жастар ресурстық ор­талықтарының қаржылық жағдайын жақ­сарту, аймақтарда Комью­­нити ор­­талықтарын ашуымыз керек әрі жас­­тар саясаты бойынша бас­қар­ма­ларды бар­лық өңірлерде қайта құруды ұсынамын. Мұнан өзге ор­талық және аймақтық атқарушы органдардың жұ­мысын жүйелеу үшін Жастар ісі жөніндегі комитеттің құзыретін кү­шейту керек. Отбасы, демогра­фия және жастар ісімен арнайы Агент­тік айналысатын Германия, Фин­лян­дия, Малайзия сияқты көптеген озық елдердің тәжірибесін де ескеру қа­жет, – деді сенатор.

600 мың жас­қа
3 қызметкер жауапты

Шыны керек, жастар мәселесі түрлі министрліктің құзыретіне бөлініп кеткен. Салаға жауапты Жастар комитетінің өңірлерде тікелей құрылымдары жоқ. Бес облыста ғана арнайы Жастар саясаты басқармасы бар, қалған об­лыс­­тарда қысқарып кеткен. Мәселен, кей аймақтарда 600 мыңнан астам жас­пен 3 қызметкер ғана айналысады. Жалақысы небәрі 70 мың теңге бол­ғандықтан Жас­тар ресурстық орта­лықтарында білікті кадрлар ұзақ тұ­рақтамайтын көрінеді. Көптеген өңірде жеке ғимараты жоқ бұл орталықтарда 318 орын бос тұр. Жа­сыратыны жоқ, орталықтағы мамандар жастармен емес, әкімдіктегі лауазымды адамдардың құ­жатын тасып, жиналысқа масса бо­лып, ересектердің көңілінен шығумен әлек. Оған қоса жастарды бі­рік­тіретін рес­публикалық деңгейдегі ұйым­дар да жоқтың қасы.
Иә, барлығын жоққа шығаруға да бол­­майды. Жақында аудан әкім­дігінің қол­дауымен, аудандық жас­тар ре­­­­сурс­тық орталығы және «Темір­қа­зық» қо­ғам­дық бірлестігінің ұйымдас­ты­руы­мен «Ақтерек» сауықтыру ла­ге­рінде «Ауыл­­ға барамын» жобасы өт­­кі­зілген. Жо­­­­­баның мақсаты жастарға ұлттық құн­­­ды­лықтарымызды насихат­тау, салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық ойында­­­ры­мыз­ды дәріптеу, аудан жаста­рының ауыз­­біршілігін нығайтып, жаңа орта қа­лып­тастыру болып табылады. Шара барысында жастар шаруа­шылық жұмыстарымен, оның ішінде ер балалар қой сойып, жіліктесе, қыздар жағы табаға нан пісіріп, ошаққа ас әзір­леп, қамыр жайып, күбіге айран піскен. Мұнан кейін жас­тар гір тасын көтеру, ар­қан тарту сынды спорттық сайыс­тарға қатысып, өзара бақ сы­нас­қан. Міне, осындай фор­маттағы ша­ралар тек жылына 1-2 рет емес, жиі ұйым­дас­тырылып тұрса, жас­тардың ойы жақсы жаққа бет алатын еді.

Жалағаштық 4 жасөспірім
бейімдеу орталығында

Қуантарлығы, аудандағы ахуал тұ­рақты. АПБ ЖПҚБ ЮПТ полиция қыз­мет­­керінің айтуынша, ауданда соң­ғы 9 айда жасөспірімдер арасында 222 тәр­­­тіп бұзушылық орын ал­ған. Облыс ор­талығындағы бейім­деу орталығына 4 жасөс­пірім орналас­тырылған.
Жауапты мамандардың айтуынша, ау­данда профилактикалық жұмыстар аясын­да аудан әкімдігі, аудандық про­куратура, аудандық қоғамдық даму бө­лімі, жастар ресурстық орталығы, по­ли­ция бөлімі, аудандық білім бөлімі, ерікті жастардың қатысуымен түнгі рейд жұ­мыстары ұйымдастырылады. Кенттегі ха­лық көп шо­ғыр­ланатын орындар мен ойын-сауық ор­талықтарында нысан иесі мен тұр­ғын­дарға заң талаптарын тү­сінді­ру және алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Өйт­кені жасөс­пірімдердің қауіпсіздігін қамта­масыз ету, кәмелетке толмағандар және жас­тар арасындағы құқық бұзу­шылықты болдырмау мақсатында рейд­тік жұмыс­тардың маңызы зор.
– Балалар мен жасөспірімдер ара­сындағы қылмыстың өршуіне әлеу­мет­тік те, психологиялық та фак­тор­лар әсер етеді. Бұл жерде ең бі­­рінші отбасындағы тәрбиеден бас­тау керек. Ата-аналар қазір көбісі жұ­­мысбасты, отбасының жағдайын, бала­ларының болашағын жасаймын деп, тіпті балаларымен дұрыс қа­рым-қатынас жасауға, оларды қа­да­ғалауға уақыты болмай жатады. Жалпы жаза қолданғаннан алдын алған абзалырақ. Осы орайда мек­­теп ұжымы оқушыларға түзу жолды көрсету мақсатында түрлі та­­­ным­­дық, рухани, тәрбиелік шараларды жиі ұйымдастырамыз. Мә­се­лен, «Рейх­с­тагқа ту тіккен Рақым­жан Қошқар­баев», «Бауыржан Момыш­ұлы­ның ерлік­тері» секілді тақырыптарда тәрбие сағатын өткіземіз. Мақсатымыз – ірі тұлғалардың өмір жолынан мәлімет беру, ерліктерін насихаттау, оқушы­­ларды шығармашылыққа, баулу, елін, қорғауға, ұлтжандылыққа тәр­биелеу, – дейді аудандағы №31 мектеп-гим­на­­зиясы директорының тәрбие ісі жө­­нін­дегі орынбасары Бахтияр Мұрат­бек.


Түйін: Білім алып, бәсекеге қабілетті болар шағында жауыз­дықпен жан бағып, болашағына балта шап­қан жа­сөс­пірімнің көбейгені – әрине, қоғамның қа­сіреті. Бір-біріне қол жұмсамақ тү­гілі, қатты дауыс көтермеген қазақ елі бүгінде мұндай халге қалай душар болды? Әрине, «ештен кеш жақсы», жас­тардың тәрбиесін әуелі ата-ана, кейін құзырлы органдар дереу қолға алмаса, «қолымызды мезгілінен кеш сер­мейтініміз» анық.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: