Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Сенбі, 23 қараша, 03:47

Бүгінгі балабақшаның бағбаны кім?

02.02.2021

668

0

Бұрынғы қазақтың қоғамында жаңа туған нәресте анасының сүтін тауысып, бауырынан бөлінген күні ата-әжесінің «баласына» айналатын. Тілі шығып, есі кірген баланың одан кейінгі тәрбиесін ата мен әже өз жауапкершілігіне алған және оларға ауыл-елдегі үлкендердің өзі «кемпір-шалдың баласы» деп құрметпен қарапты. Атасы мен әжесі шапанының шалғайына орап өсірген сол балалардың ішінен есімін әлем таныған талай таудай тұлғалар шықты. Атасы мен әжесінің қойнында жатқан баланың бойына ең алдымен өмірдің қилы кезеңін бастарынан өткізіп, жақсылығына шүкір, жаманшылығына сабыр қылып адал ғұмыр кешіп келе жатқан үлкен кісілердің жүрек жылуы дариды екен. Ол баланың мейірімін оятады, көпке көлеңкесін түсіруге үйретеді. Екіншіден, ата-әжесінің қасында жатып ертегі тыңдап, жұмбақ шешіп, жаңылтпаш айтып өскен баланың тілі де ерте шығады, ақыл-ойы да ерте толысады, ортаға қалыптасады, үй шаруасына да ерте бейімделеді. Айта берсек, ата мен әженің жас ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегі шексіз. Әсіресе олар балаға ұлттық бағытта тәлім-тәрбие беруде маңызды роль атқарады.

Қазақ халқында баланы ата-әжесінің бауырынан бөліп алып, балабақша тәрбиесіне беру Кеңес үкіметі орнағаннан кейін басталды. Ол кезде бұл аталған мекеме мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу жұмысымен тікелей айналысты. Балалардың тәрбиесі, қауіпсіздігі және күнделікті ас мәзірінің құрамы, құнары қатаң бақылауға алынып, балабақша меңгерушісі мен тәрбиешілерінен бастап барша еңбек ұжымының әрбір мүшесінің моральдық этикалық жауапкершілігі, отбасы жағдайы мен жеке басының тәртібіне аса мән берілген еді.

Мемлекеттің арнайы бағдарламалары бойынша қазір де еліміздің әр өңірінен жүздеген балабақшалар ашылып, жұмыс істеп жатыр. Ол балабақшаларда тәрбие, білім беру жұмыстары баланың жас ерекшелігіне, күн тәртібіне сәйкес жасалған бағдарламалар арқылы жүзеге асырылып келеді. Алайда, көпшіліктің түсінігінде бүгінгі балабақшалар тек таңнан кешке дейін жұмыстан қолы босамайтын ата-аналардың уақытша баласын тапсырып кететін ақылы орталығы болып қалыптасып кеткен. Балабақшаның жұмыс жүйесіне көбінің көңілі толмайды. Әсіресе ата-аналар тарапынан айтылатын сын мен шағым көп. Бұрын балабақшада бар болғаны үш топ болса, қазір бес-алты топ жұмыс істейді. Бөбектер, сәбилер, естиярлар және мектепке даярлық топтары бар. Жаңа босанған әйел бала күтімімен үйде отырудан жалықса, нәрестесінің қол-аяғы сәл бекісе болды, балабақшаға беріп, өзі жұмысқа шығып кете беруге де болады.

Бюджеттік, гимназиялық, жекеменшік, коммерциялық негізде жұмыс істейтін балабақшалар бар. Заман талабына сай салынып, жоғары деңгейде жабдықталған және балаларға сапалы тәрбие, керек десеңіз, ана тілінен өзге тілдерді де үйретіп, қабылдауына сәйкес танымдық білім беретін балабақшаларды таңдау еркіңіз өзіңізде. Бірақ олар ақылы. Тіпті үлкен қалалардағы ондай балабақшалардың айлық ақысын төлеуді кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. Жағдайыңды айтып, ақысын арзандата алмайсың, ақшасын көпсінсең, ата-ана ретінде басқа балабақшаларды таңдау құқыңыз бар. Бірақ «арзанның жілігі татымас» дегендей, ол балабақшалар бауыр еті – баласының қауіпсіздігін ойлаған ата-ананың көңілінен шыға қоймайды. Міне, көрдіңіз бе, бұл елімізде мектепке дейінгі тәрбие ошақтарына мемелекет тарапынан қойылатын талап бірдей болғанымен, олардың деңгейіне қарай берілетін тәрбиесі ала-құла екенін көрсетіп тұр…

Енді негізгі тақырыпқа келейік. Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінгі балабақшаларға ата-аналар тарапынан неге жиі шағым айтылады? Оның себебін көзіне шұқып «міне, мынау» деп көрсетіп бере алмаймыз. Әйтсе де, балабақша тәрбиешілері мен ата-аналар арасындағы сенімге селкеу түсіретін жайттар көп-ақ. Тәрбиешілердің өз тобындағы балалардың еркелігін, қыңырлығын көтере алмай аяусыз ұрып-соғып жатқаны ғимарат ішіндегі бейнекамераға түсіп қалып жүр. Оны күнделікті әлеуметтік желілерден, басқа да ақпарат көздерінен көріп отырмыз. Балабақша төңірегінде болатын осындай келеңсіздіктер соңғы кезде тіпті көбейіп кетті. Құртақандай баланы шырылдатып қос құлағынан кезек-кезек бұрап, сан етінен оңдырмай шымшып, екі бетінен шапалақпен ұрып, басынан төмпештеп жатқан бейнежазбаларды көргенде жаның түршігіп, жағаңды ұстайсың. Қатты соққыдан кейбір балалардың бет-аузы мен денелері көгеріп, психологиялық шок алған жағдайларды да көріп жүрміз. Ондайда «қатыгез», «айуан» деген қатты сөздер аузыңан еріксіз шығып кетеді. Олай демегенде ше, балаларымызды сеніп тапсырып жүрген «жүрегі жұмсақ» тәрбиешілердің әрекеті соғыс уақытындағы фашизмнің қанқұйлы қинау, азаптау лагерлеріндегі жүрексіз жендеттердің әрекетінен де әрі болып тұр емес пе?! Бұрын әрбір ата-ана баласын балабақшаға жетелеп әкеліп, тәрбиешінің қолына тапсырғанда, өздерін бағып-қағып, мейірімін төгіп өсірген әке-шешесіне немесе жанашыр бауырларының үйіне тастап бара жатқандай еш алаңдамай кете беретін. Ал қазір балабақшаға бөбектерін әкелген ата-аналарда сенімнен гөрі күдік басым. Осы баламды кешке аман-есен үйге алып қайта аламын ба деген үрей тұрады жүздерінде. Бірақ басқа аманаттайтын жерлері, жеке бала күтушісін ұстауға ақшалары болмаған соң амалсыз балабақшаға әкеледі. Иә, тәрбиешілердің әлгі әрекеттерін «жүйкелері тозған ғой», «үйіңдегі бір баланың еркелігін көтермейсің, олар күніне жиырма-отыз баламен жұмыс істейді» деген секілді желеулермен жан-жақтан жамырап ақтап алуға тырысатындар да бар. Әрине олардың кімдер екені де белгілі… Осы арада айта кетейік, қазірде жұмыссыз қыз-келіншектер мамандығына сәйкес келмесе де, жекеменшік балабақшаларға уақытша тәрбиеші болып оп-оңай орналасып алатын болды. Айлық жалақысы жоғары болмаса да, күнкөрісіме сеп болсын деп сол жерде жан бағып жүре береді. Тәрбиешіні жұмысқа қабылдарда оның мамандығынан бөлек, жоғарыда айтқанымыздай, білімі, біліктілігі, балалармен қарым-қатынасы, шығармашылық қабілеті, жеке басының мәдениеті, әдеп-ибасы, сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы, қысқасы балаларға үлгі болатындай бүтін болмысы ескерілуі керек қой. Яғни бала тәрбиелейтін адамға қойылатын талап қатаң болуы тиіс. Сол талаптарға сай келіп, ұжымның сенім үдесінен шыққан тәрбиешіні ғана жұмысқа қабылдар болса, жоғарыдағыдай мәселелер туындамас еді…

Қалай десек те, балаға зәбір көрсеткен адамды, соның ішінде балабақша тәрбиешісін ақтап алуға және әлгіндей әрекетіне кешіріммен қарауға болмайды. Өйткені олар ұрпақты, тұтас ұлтты тәрбиелеп отыр. Ал жас ұрпақ тәрбиесіндегі білместікпен емес, саналы түрде жасалған қателік, қателік те емес-ау, озбырлық, қатыгездік ұлтқа қауіп төндіргенмен бірдей. Баланы балабақшадан ұлтжанды, батыр, батыл етіп тәрбиелеп, елжандылыққа баулудың орнына, оларды ұрып-соғып, жасқаншақ, жасық етіп шығаратын тәрбиешіні де, соған жол беріп отырған балабақша меңгерушісін де заң жүзінде қатаң жазалап, бала тәрбиесімен айналысуға түбегейлі тиым салу керек. Өйткені бүгінгі балабақшаға баратын бүлдіршін – ертеңгі ел басқару ісіне араластын тұлға. Ал біз ертеңгі көш басында жүретін тұлғаларамызды осы бастан жалтақ, жасқаншақ етіп өсіруге тиіс емеспіз.

Қуат Ахетов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: