Бүгінде «Кәсіп ашамын деген жастарға жеңілдетілген несие берілмек» немесе «Бизнес-жоба дайын, кәсіп ашқым келеді, бірақ қаржылай қолдау болса екен» деген сөздерді қоғам арасынан жиі еститініміз рас. Иә, сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, сол арқылы өзімен қоса аудан азаматтарын да жұмыспен қамтамасыз етуге ниетті тұрғындардың қатары едәуір артқан. Өйткені жалағаштықтар табыстың тетігі кәсіпте екенін жақсы түсінді. Сондай-ақ салаға жауапты мамандар тарапынан халықты кәсіпкерлікке үгіттеу, оқыту секілді жұмыстардың да үздіксіз жүруінен аудан тұрғындары мемлекеттің кәсіпкерлік саласын қолдау мақсатындағы бағдарламаларын тиімді пайдалана бастады. Дегенмен «Мемлекеттен қаржылай қолдауларға кімдер қол жеткізе алады, биыл аудан тұрғындарына түрлі жобаларды жүзеге асыруға қанша қаржы қаралған, қаржылай қолдаудың нәтижесі қалай?» деген сұрақтардың қашанда қоғамда өзектілігін жоймайтыны белгілі. Осы және өзге де бірқатар сауалдарға жауап алу үшін аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбетпен сұхбаттасқан едік…
– Жасұлан Ерданұлы, қазіргі уақытта аудан бойынша қанша кәсіпкерлік субъектісі бар? Сұхбатымызды осыдан бастасақ…
– Кәсіпкерлік саласы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күшінің бірі болып табылады. Сондықтан бұл саланың көрсеткіштерінің қорытындысы ауданымыздың даму рейтингіне әсер етпей қоймайды. Сондықтан біздің тараптан кәсіпкерлік саласы бойынша жүйелі жұмыс атқарылып келеді.
Қазіргі таңда халықтың кәсіппен айналысуға деген құлшынысы да жоғары. Өзінің сүйікті ісін табыс көзіне айналдыру мақсатында жекелеген азаматтар біздің мамандарға жүгінеді, біз сол бойынша жол көрсетіп, қолдау білдіреміз.
Жалпы, ауданда 2023 жылдың І тоқсанында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3198-ге жетті. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 130,8 пайызға орындалып отыр.
Иә, кәсіп бастау, өзінің сүйікті ісімен айналысу кімге болса да арман екені белгілі. Десе де көп жағдайда арманның соңынан жүруге қаржылық мәселелер мен мүмкіндіктің болмауы кедергі келтіріп жатады. Мұнда кәсіби сауат пен білімнің жетіспеуі де адамға дұрыс бағыт таңдауға қиындық келтіреді. Осы ретте өз кәсібімді ашамын деушілерге мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетіліп жатқанын айта кету керек.
– Сіз айтқан кәсіпкерлік субъектілерінің қаншасы жұмыс жасап тұр?
– Бүгінде тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің ішінде 137-сі жұмысын тоқтатқан. Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 114 бірлікке, ал жұмыс жасап тұрғандар саны 148 бірлікке артты. Сонымен қатар соңғы 3 айда мемлекеттік кірістер басқармасына 365 жеке тұлға кәсіпкер ретінде тіркелген.
– Бұл сала ел экономикасының драйвері деп сөз басында айтып кеттіңіз. Осы тұрғыда аудан бюджетіне инвестиция тартылу деңгейі қандай?
– Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі осы жылдың 3 айында 4 млрд 706 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,2 есеге жоғары орындалды. Ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелері мен кәсіпорындары және жеке секторлары арқылы 9 млрд 648 млн теңгені құрайтын өнеркәсіп өнімдерін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 есе жоғары көрсеткішті көрсетті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 3 млрд 287 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6 есе жоғары болды. Сонымен қатар аудан бойынша бөлшек сауда айналымының көлемі соңғы дерек бойынша 714,1 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,9 пайызға орындалды. Сондай-ақ мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау немесе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту бағытында ауданда жыл басынан 40 жоба 543,7 млн теңгеге қаржыландырылды.
– Жалпы, аудандағы кәсіпкерлік саласының дамуының жұмыссыздық мәселесін тұсауға септігі бар ма?
– Жасыратыны жоқ, халықты жұмыспен қамту мәселесі ауданда ғана емес, республика бойынша әлі де өзекті. Дегенмен қол қусырып отыруға да болмайды, сондықтан өңірде көптеп жұмыс орындарын ашуды қолға алып жатырмыз. Ауданда жылдан-жылға кәсіпкерлердің саны артып, жұмыссыздық саны азайып келеді. Тіпті жұмыссыздыққа тіркеліп, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтарды кәсіп ашып, өз ісін дөңгелентуге шақырып, сала бойынша оқытып, демеу көрсетеміз. Сонда ғана халықтың әл-ауқаты жақсарып, аудан экономикасы дамиды.
Жоғарыда атап өткендей, 40 жоба қаржылай қолдау тапты. Нақтырақ тоқталсақ, 2022-2025 жылдарға арналған «Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банк арқылы несиенің пайыздық ставкасын субсидиялау бағыты бойынша 1 жоба 57,6 млн теңгеге, «Агро Несие Корпорациясы» АҚ облыстық филиалының жеке қаражаты есебінен 13 жоба 60,3 млн теңгеге, «Қызылорда» Өңірлік инвестциялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС-ның «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында 22 жоба 240 млн теңгеге және «Агробизнес» бағдарламасы аясында «Ауыл» несие серіктестігі» ЖШС арқылы 4 жоба 185,8 млн теңгеге қаржыландырылды. Мұны қайталап айтқан себебім, осы жобалар табысты жұмыс жүргізіп кетсе, ауданда қаншама адам екі қолға бір күрек табады. Яғни жұмыссыздық деңгейі едәуір төмендейді.
– Аудан – аграрлық өңір. Десе де жергілікті тұрғындар тарапынан егін және мал шаруашылығынан бөлек саланы түрлендіру бойынша нендей жобалар қолға алынып жатыр?
– Иә, жалағаштықтар әсіресе ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс жасағанды құп көреді. Себебі ауданымызда атакәсіп, яғни егін мен мал шаруашылығы жақсы дамыған. Ауа райы да қолайлы. Дегенмен ауданға таңсық, әзір келе қоймаған жаңашыл жобаларды тартуға, қолдау көрсетуге біздің тарап әрқашан ниетті.
Әрине жаңашыл жоба екен деп бірден бас салып, қаржылай қолдау көрсетуден аулақпыз. Десе де, жобамен танысып, оны әрі қарай зерттеп, кемшіл тұстарын түзеп, бір сөзбен айтқанда, жан-жақты зерделеп жүзеге асырғанды жөн деп санаймын.
Бүгінде Жалағаш кентінде орналасқан «Серпін» аграрлы-индустриалды аймағында жалпы құны 658,5 млн теңгені құрайтын барлығы 15 жоба орналастырылып, оның ішінде 10 жоба іске қосылса, 2 жобаның құрылысы жүріп, 3 жобаның құрылысы осы жылы бастау алады. Сонымен қатар аймақта өндіріс орны, яғни күріш ақтау және жем өндіру зауыты іске қосылса, жыл аяғына дейін 2 өндіріс орнын іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта сауда саласын дамыту бағытында да біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, кент орталығынан жалпы құны 507 млн теңгені құрайтын үш сауда нысанын салу жоспарда бар. Мысалы, кент тұрғыны жеке кәсіпкер Кайпов Еркебұланның жалпы алаңы 1385 шаршы метрді құрайтын жоба құны 350 млн тенгелік екі қабатты сауда үйін айтуға болады. Бүгінде құрылыс жұмыстары басталған. «Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымына жоба құжаттары ұсынылып, 50 млн теңгеге жеңілдетілген пайызбен берілетін несие қаражатымен қолдау тапты.
– Салада кәсіппен айналысып жатқан жастардың үлесі қанша?
– Ауданда алдына мақсат қойып, кәсіппен айналысқысы келетін жастардың саны артып келеді. Қолға алған ісіне жауапкершілікпен қараған жас кәсіпкерлердің ішінде барлығынан оза шауып, кәсіп шыңының биігінен көрінгендер де жоқ емес. Қазіргі таңда жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Маңызы зор, қолдауға ие болған жастар ісін өрге домалату үшін тиісті қаражат көзін мемлекеттен тиімді пайызбен иелене алады.
Жалпы, ауданда жастарды кәсіпкерлікке тарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда. Атап айтқанда, бүгінде тіркелген барлық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 39 пайызын, яғни 1249 кәсіпкерлік субъектісі 18-35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерге тиесілі болса, жыл басынан қаржыландырылған 40 жобаның 11-і, яғни 27,5 пайызын жастар құрап, олардың жобалары 113,6 млн теңгеге қаржыландырылды.
Өткен жылы аудан бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 1 225 200 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қолдау алған 300 жобаның 154-і, яғни 51,3 пайызы жас кәсіпкерлерге тиесілі болды.
Жыл басынан бері аудан бойынша 215 млн теңге 2 жоба іске қосылды. Мысал ретінде жас жеке кәсіпкер Асхат Ермекбаевтың антифриз өндірісін айтсақ болады. Ол 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік қолдауға ие болып, бүгінде кәсібін дөңгелентіп отыр. Жоба қуаттылығы 1 тәулікте 1000 литр антифриз өндіреді.
– Елімізде ауылдарды дамытуға арналған «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды. Бұл бағдарламаның игілігін кімдер көре алады? Шарты мен мақсаты қандай?
– «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлік ашуға және азық-түлік өнімімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Негізінен «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаражат беру тетігі барынша жеңілдетілген. Жобаның тұрғындар үшін ең ұтымды тұсы үйлерін кепілдікке қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алуында. Несие мал, құс пен өсімдік шаруашылығын дамытуға, кооперативтерді жабдықтауға және ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу бағытында, шағын кәсіп ашуға бағдарланған. Несиенің шекті көлемі – 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін 7 млн теңге, кооперацияларды дамытуға 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін 26,7 млн теңге беріледі. Мерзімі 5 жылға дейін, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі.
– Бұл мақсатқа бөлінген қаражат көлемі қанша және оның қанша жалағаштық игілігін көре алады?
– Облыс бойынша жобаны қаржыландыруға биыл республикалық бюджет есебінен 3 млрд теңге бөлінді. Алдағы уақытта қаражат көлемі артады деп есептеймін. Өйткені осы тұрғыда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсыныс беріліп, ауданға қосымша 2 млрд теңге тарту жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі таңда несиені үйлестіру мақсатында аудан бойынша коммиссия тобы да жасақталды. Жоба жетекшісі болып аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі бекітілді. Аудан бойынша арнайы 4 маман бекітіліп, несие алуда халыққа көмек көрсететін болады.
– Кәсіптің саласы немесе түрі бойынша шектеу бар ма? Кепілдік қою міндетті ме?
– Ешқандай шектеу болмайды. Алдымен конкурс ұйымдастырылып, әрбір адам өзінің бизнес-жоспарын таныстырады. Қолдау тапса, ақша дереу бөлінеді. Тек сауда-саттық бағытындағы жобаларға аталған несиені беру қарастырылмаған. Несиені алу үшін кепіл қою және жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті.
– Сіздер шалғайдағы елді мекендерді аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырсыздар ма?
– Әрине «Ауыл аманаты» тікелей ауыл халқының жағдайын жақсартуға бағытталған жоба болғандықтан түсіндірме жұмыстарын бастадық. Сондықтан бұл жоба бойынша тікелей ауыл халқымен жұмыс жасайтын боламыз. Әр ауылда мемлекет тарапынан болып жатқан қолдауларды түсіндіру бағытында ұйымдастырған кездесулерімізде біз үнемі тұрғындарды кәсіппен айналысуға барынша үгіттеп, қаржылай қолдауға қалай ие болатынын толықтай түсіндіреміз. Бір сөзбен айтқанда, кәсіп ашып, ауданның дамуына үлес қосамын, өңірді өркендетемін дегендерді қолдауға дайынбыз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Жандос Жазкен
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!